Ел ертеңіне – екі мектеп!

Қыр 3, 2026
Photo Valeriy BUGAYEV

Жаңа оқу жылы қарсаңында облыс оқушылары үшін екі жаңа білім ордасы есігін айқара ашты. Атап айтқанда, Ертіс ауданына қарасты Қызылқақ ауылы мен Екібастұз қаласының Атығай ауылында салынған қос бірдей заманауи мектеп пайдалануға берілді. Жаңа оқу ошақтарында ауыл балаларының сапалы білім алуымен қатар, өз қабілеттерін жан-жақты дамытуларына үлкен мүмкіндік жасалған.

Шалғай ауылдың шырағы

Облыс орталығынан шалғайда орналасқан Ертіс ауданының Қызылқақ елді мекенінде салынған жаңа мектептің тұсаукесер салтанатына аймақ басшысы Асайын Байханов қатысып, ауыл тұрғындары мен оқушыларды білім ордасының ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ, ол жаңа білім шаңырағы осындағы ағайынның сұрауы бойынша бой көтергенін атап өтті.

– Президентіміз халықтың сөзіне құлақ асу – мемлекеттің міндеті екенін баса айтты. Айтқан сөзді іске асыру – біздің жауапкершілігіміз. Білім ордасына 1 миллиард теңгеден астам қаржы салынды. Бұл – қомақты қаражат. Бірақ оның шынайы құны әр баланың сапалы білім алуында.

Қызылқақ – өңіріміздің шалғай ауылдарының бірі. Облыс орталығы мен ауылдың арасында үш жүз шақырымға жуық жол жатыр. Қазір ауылда 260-қа жуық адам тұрса, оның ішінде 94 бала бар. Демек, бұл ауылдың болашағы зор деп білеміз. Ауыл халқының қатары азаймай, балалар саны арта берсін деп тілейміз, – деді облыс әкімі.

Салтанатты жиында Ертіс ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Самат Мәненов те сөз алып, жүрекжарды лебізін білдірді.

– Қызылқақ жерінде үлкен той болып жатыр. Ақ түйенің қарны жарылды деген – осы! Жаңа мектеп пайдалануға беріліп, барлығымызды қуанышқа кенелтуде. Бұл – ел алдында жүрген азаматтардың еңбегінің арқасы деп білемін. Негізі, осы ауыл — шалғайда жатса да өрелі, өркениетті мекен. Бұған дейін бұл ауылдың мектебінен 11 «Алтын белгі» иегері шыққан екен. Басқа елді мекендерде мұндай мықты көрсеткіш жоқ деп айтуға болады. Сондықтан Қызылқақ ауылының болашағы жарқын болады деген үміттеміз, – деді ол.

Көптен күткен жаңа мектептің ашылуына ауылдықтар дән риза. Ақ сақалды аталар қол жайып бата берсе, ақ жаулықты әжелер шашу шашып, мәре-сәре болды. Ал ауылдағы кәсіпкер, «Меңдеш» шаруа қожалығының басшысы Нұржан Амангелдіұлы білім ордасына су жаңа автокөлік сыйға тартты.

Атап өтерлігі, 100 орындық білім беру мекемесінің құрылысын «First National Construction» ЖШС салған. Жаңа мектепте ауыл балаларының сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Яғни, білім беру мекемесінде асхана, спорт зал, мәжіліс залы, медициналық бөлме, дизайн және технология шеберханасы, заманауи информатика кабинеті мен пәндік сыныптар бар.

Аймақ басшысы аталмыш білім ордасының ішін аралап көріп, ұстаздар қауымымен және шәкірттермен жүздесті. Ауыл-
дық мұғалімдер заманауи мектептің бой көтеруіне қолдау көрсеткен облыс әкіміне ризашылықтарын білдіріп, жас буынға сапалы білім беру жолында аянбай еңбек ететіндіктерін алға тартты. Оқушылар да жарыса алғыс айтып, ел үмітін ақтауға тырысатындарын жеткізді. Солардың бірі – Айша Меңдеш:

– Мен 7–сынып оқушысымын. Оқу үздігімін. Сонымен қатар, облыстық ғылыми жобалар сайыстары, Иса оқулары және басқа да байқаулардың жүлдегерімін. Біздің бұдан да биік белестерді бағындырып, сапалы білім алуымыз үшін мемлекет тарапынан мол мүмкіндік жасалып жатқанына қуаныштымын. Жаңа мектептің салынуына ықпал еткен ағаларға айтар алғысым шексіз, – деді. Ал «Дарынды бала» төсбелгісінің иегері Әлиза Ғазизқызы:

– Біз былтыр Түркістан облысынан осы ауылға қоныс аудардық. Мен үшін жаңа мектепте білім алу үлкен арман болатын. Сол арманымның орындалғанына өте ризамын. Ендігі мақсатым – оқуымды ойдағыдай оқып, мектеп абыройын асқақтатып, еліме адал қызмет ету, – дейді.

Қызылқақ жалпы орта білім беру мектебінің директоры Қуат Усиннің айтуынша, бүгінде мұнда 76 оқушы білім алуда. Оқу ордасында 20 мұғалім жұмыс істейді. Олардың басым бөлігін жоғары білімді әрі білікті мамандар құрайды. Соның нәтижесі болар, ауыл балалары жыл сайын аудандық, облыстық деңгейдегі түрлі сайыстар мен пәндік олимпиадалардан жүлделі орындар алып, мектеп мерейін өсіруде. Сонымен қатар, биылдан бастап білім шаңырағы жасанды интеллектіні оқу үрдісіне енгізуге бағытталған өңірдегі бес пилоттық мектептің қатарына енуде. Қазіргі таңда мұғалімдер арнайы оқу курстарынан өтіп, осы оқу жылынан бастап сабақ барысында жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін пайдалануға  дайын, дейді мектеп директоры.

Қуантарлығы, жаңа мектеп жанынан балғындар үшін шағын орталық та ашылған. Қазір мұнда 17 бала тәрбиеленуде. Аталмыш мектепалды мекеменің тәрбиешісі Қаламқас Смайылованың айтуынша, мемлекеттік тілде білім беретін шағын орталықта балғындардың зейінін ашып, логикалық ой-өрісін дамыту үшін барлық жағдай қарастырылған.

Ағайынның арманы орындалды

Жаңа оқу жылы Екібастұз қаласының ауылдық аймағына қарасты Атығай ауылының балалары үшін де қуанышты оқиғамен басталды. Бұл елді мекенде де 120 оқушыға арналған жаңа мектеп ашылды.

Айта кетерлігі, бұған дейін Атығай ауылында мүлдем мектеп салынбағандықтан, 100-ден астам шәкірт балабақша ғимаратында білім алып келген болатын. Бұл мәселені біз де газетімізде көтерген едік. Аймақ басшысы да осыдан екі жыл бұрын жұмыс сапары барысында атығайлық шәкірттердің жағдайымен танысып, жауапты мамандарға жаңа мектептің құрылыс жобасын әзірлеу туралы тапсырма берген. Нәтижесінде, 1991 жылдан бері 2 қабатты балабақшаның тар ғимаратында оқып келген оқушылар енді заманауи мектепте білім алатын болады.

Бастысы, жалпы аумағы 2 мың шаршы метрден асатын жаңа білім беру мекемесінде пәндік оқу кабинеттері, хореография кабинеті, мәжіліс залы, спорт залы және басқа да үйірмелерге арналған арнайы кабинеттер бар. Бұдан бөлек, мектеп аумағында футбол, баскетбол алаңдары салынған. Бұл мақсатқа 1,5 млрд теңге қаржы жұмсалған. Нысан құрылысы «KAZ Minerals Bozshakol» компаниясының қолдауымен бой көтерген.

Білім ордасының тұсаукесеріне қатысқан облыс әкімі Асайын Байханов елімізде барлық баланың қатарынан қалмай білім алуына тең жағдай жасалатынын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы әр бала, оның қалада немесе ауылда тұратынына қарамастан сапалы білім алу керектігін бірнеше рет атап өтті. Бұл – біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі. Атығайдағы жаңа мектеп – балаларымызға тең мүмкіндік қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Мұнда білім алуға ғана емес, спортпен шұғылдануға, шығармашылықпен айналысуға және жан-жақты дамуға барлық жағдай жасалған. Бұл – жай ғана әлеуметтік инфра-құрылымға салынған инвестиция емес, балаларымыздың, ауылдың және еліміздің болашағына салынған инвестиция. Жаңа мектеп білімді, талантты әрі ел дамуына үлес қосатын азаматтар тәрбиеленетін маңызды білім ордасына айналады деп сенемін, – деді Асайын Байханов өз сөзінде.

Тағы бір айта кетерлігі, Атығай ауылындағы оқушылармен қатар, балғындардың да мәселесі шешілмек. Нақтырақ айтқанда, енді ескі мектеп ретінде пайдаланылып келген бұрынғы ғимарат қайтадан жөнделіп, балабақша ретінде қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.

Осылайша, Атығай ауылының бүлдіршіндері үшін де балабақша мәселесі оң шешімін таппақ.

Нұржайна ШОДЫР.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.