Жыл сайын колледж, университет студенттері білім алып жатқан мамандығына байланысты түрлі мекемеде тәжірибеден өтіп жатады. Кей кезде бұл тәжірибе бір айға дейін созылады. Алайда ол үшін студентке ақы төленбейді. Содан болар, кей жастар бұған атүсті қарайды. Осыны ескерген Парламент Мәжілісінің депутаттары еліміздің студенттеріне кәсіпорындарда тәжірибеден өткендері үшін ақы төлеуді ұсынып отыр. Аз уақыттың ішінде бұл ұсыныс қоғам арасында қызу талқыланып, пікірлер екіге бөлінді. Бізде бұл сауалды «Алаңның» талқысына салып көрдік.

 

Ислам СҰҢҚАРОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

— Жасыратыны жоқ, көптеген студент теориядан бөлек, кәсіпорындарда әр жыл сайын тәжірибеден өтеді. Кейбірі кәсіпорындарға келмей-ақ белгі қойғызып алады. Өйткені олар осы уақытта даяшы, күзетші сынды жұмыстарды атқарып, ақша табуға тырысады. Олар жатақхана, жалдамалы пәтер мен оқу ақысын төлеу үшін жұмыс істеуге мәжбүр. Грантта оқитын жастарға да шәкіртақы күнделікті жүріс-тұрысына жетпей жатады. Сол себепті, білім алушылардың кейбірі оңай табыс іздеп, өмір сүре бастайды. Мәселен, синтетикалық есірткі тарату, ұрлық секілді қылмыстық іске де баратыны жасырын емес. Осы мәселелердің алдын алу үшін тиімді шаралар, соның ішінде білім беру және тәрбие жұмыстарын қолға алу қажет. Оның ішінде студенттердің практикаға қатысуына, болашақ мамандығын тиімді меңгеруге мүмкіндік берілуі тиіс. Ал олардың қызығушылығын арттырып, тәжірибеден өтуіне ден қоюы үшін ақы төленгені дұрыс. Оны кім және қалай төлейді – бөлек мәселе.

 

Дархан АБДРАЕВ,  №29 орта мектептің директоры, Павлодар қаласы:

— Бұл сұраққа жалғыз дұрыс жауап бар – өндірістік, оқу немесе диплом алдындағы тәжірибе төленбейді. Себебі, ол оқу процесінің бөлігі болып табылады және жалпы оқу курсының пәндерімен, дипломдық және курстық жұмыстармен тең бағаланады.

Нақтырақ айтсақ, білім алушы тәжірибеден 1-2 айға жуық уақытта өтсе, онда ол жұмыстың тек практикалық негіздерін үйренеді. Бұл жағдайда оған ақы төленбеуі әбден орынды. Бірақ студент өндірістік тәжірибе кезінде кәсіпорын штатына қабылданса, онда онымен еңбек шарты жасалады. Бұл жағдайда оған ҚР Еңбек кодексіне сәйкес жалақы және басқа төлемдер аударылады. Меніңше, тәжірибеден өтушіге ақы қарастырудан бұрын оның тәлімгеріне жағдай жасау керек. Өйткені, ол тәжірибеден өтушіге артық жұмыс уақытын жұмсайды.

Айжан МАРАТҚЫЗЫ, студент:

— Менің ойымша, әр кәсіпорында студенттерге ақы төленуі тиіс. Өйткені, ол заңды түрде 8 сағат жұмыс істейді. Өзі таңдаған мамандығының қыр-сырын меңгеруге, үйренуге арнайды. Мәселен, мектептерде тәжірибеден өтетін білім алушылар сынып жетекшілеріне көмектеседі, түрлі іс-шара-ларды ұйымдастырады. Басқа мекемелер-дегідей емес, онда толыққанды өту керек. Алайда заң тұрғысынан қарасақ, тәжі-рибеден өтуші штаттың құрамында болмаса ақы төленбейді. Сондай-ақ, ақылы бөлімде оқитын студенттер оқуының ақшасын төлеу үшін қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл дәрістерді босатудан бөлек, тәжірибеден күнделікті өтуге кедергісін келтірмей қоймайды. Сол себепті, тәжірибеден өту кезіндегі жұмысына ақы төленуі керек деп есептеймін.

 

«Алаңды» үйлестірген – Айдана БОРАНБАЕВА.