Биыл облыс мектептерінің табалдырығын алғаш рет аттайтын 1-сынып оқушыларының тек 46 пайызы, яғни 5455 бүлдіршін қазақ тілінде білім алмақ. Тағы 6372 баланың ата-анасы орыс тілінде оқытатын сыныптарды таңдады. Жалпы, өңірдегі оқу орындарында барлығы 115 мың шәкірт оқитын болады.

 

Бір аптадан соң өңірдегі білім беру мекемелерінде алғашқы қоңырау соғылады. Айтулы күн жақындаған сайын аталмыш салаға қатысты мәселелер күн тәртібіндегі басты тақырыпқа айналды. Бұрнағы күні өткен аппараттық жиын барысында да мектептердің оқу жылына даярлығы пысықталды. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаның айтуынша, өңірде барлығы 361 мектеп бар. Оның ішінде 33 оқу мекемесін күрделі жөндеу үшін биыл 6 млрд 225 млн теңге қаражат бөлінді. Тек қазіргі уақытта бар-жоғы бес мектепте тиісті жұмыстар аяқталған. Өзге оқу орындарындағы жоспарлы істер 31 тамызға дейін аяқталуы тиіс. Аймақ басшысы Асайын Байханов мердігерлер аталған мерзімге дейін өздеріне жүктелген міндетті сапалы атқаруы керек екенін қадап айтты. Жөндеу жұмыстарының жүргізілуі балалардың оқу жылын бастауына еш кедергісін тигізбеуі қажет. Керісінше, шәкірттер заманауи талапқа сай келетін жаңарған білім ордаларында сабақ бастауы керек. Жалпы, балаларға жайлы жағдай жасау мәселесі үнемі алдыңғы қатардан табылуы тиіс. Айталық, биыл бастауыш сыныптардағы 47 мыңнан астам оқушыны ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 3,6 млрд теңге бөлініп
отыр. Сол сияқты, көршілес елді мекендегі мектептерге барып-келіп оқитын балалардың қауіпсіз қатынауы үшін 46 автобус сатып алынды. Алғашқы 16 көлік мектептерге үлестіріліп үлгерді. Тағы 30 автобус оқу жылы басталғанға дейін мектептерге жеткізіледі. Жалпы, өңірде 172 ауылдан 6932 бала тасымалданады.

— Алдағы оқу жылында барлығы 632 орындық 4 мектеп пайдалануға беріледі. Атап айтқанда, Баянауыл, Павлодар, Железин аудандарындағы апаттық ғимараттардың орнына жаңасы салынады. Сол сияқты облыс орталығындағы Шапық Шөкин атындағы гимназия-мектебі жанынан қосымша ғимарат бой көтереді. Жыл соңына дейін Достық шағын ауданында 80 бүлдіршінге арналған мемлекеттік және 45 орындық жекеменшік бала-бақшаны қолданысқа тапсыру да жоспарда бар, — деп атап өтті С.Айтқазина. Самал Оспанқызының айтуынша, күрделі мәселелердің тағы бірі – мектептердің ішіндегі қазандықтарды сыртқа шығару. Бүгінде Жайма (Баянауыл ауданы) және Көктөбе (Май ауданы) мектептерінде барлығы 104,6 млн теңгеге қазандық-тар орнатылуда. Жиын барысында мектептердегі буллинг мәселесіне баса назар аударылды. Облыстың бас ұстазы оның алдын алу үшін кешенді шаралар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Скляр да кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі бойынша 72 учаскелік полицей жағдайды қатаң қадағалап отырғанын тілге тиек етті. Бүгінде облыс мектептерінің 63 оқушысы профилактикалық есепке алынды. Төрт бала білімін арнайы мектепте жалғастыратын болды. Асайын Байханов бұл мәселеге баса назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар, мектептер жанындағы инфрақұрылымның тұрғындарға да қолжетімді болуы керек екенін еске салды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.