Бүгінгі таңда облыс бойынша ата-анасы екпе салдырудан бас тартқан 856 бала тіркелген. Оның 500-ге жуығы қызылшаға қарсы екпе алмаған. Соның салдарынан аймағымызда қызылша ауруын жұқтырғандар қатары артқан. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиевтің айтуынша, аймақ бойынша қызылшаға қарсы егілмеген және ревакцинацияланбаған, сондай-ақ, екпелер туралы деректері жоқ 2 716 бала анықталған.

— Өңірімізде биыл наурыз айынан бастап қызылша ауруының 39 болжамды жағдайы тіркелді. Ал шілде айында бұл дерттің күрт өскені байқалды. Яғни, қызылша ауруының нақты 26 жағдайы расталды. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі 2 сәби, 1 — 14 жасқа дейінгі 18 бала және 6 ересек адам бар. Осы науқастардың арасындағы 17 бала екпе алмаған, 2 бөбек жасына жетпегендіктен егілмеген және 6 ересек адамның егілу туралы дерегі белгісіз болып шықты, — дейді департамент басшысы. Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы өңірімізде қызылша ауруын жұқтырудың 1 жағдайы ғана тіркелген. Ал биыл көрсеткіштің еселеп артып кетуіне елдегі эпидемиологиялық ахуалдың күрделі болуы мен тұрғындардың екпе алмауы себеп болып отырған көрінеді.

— Ағымдағы жылдың 23 тамызына дейін ел бойынша қызылша ауруының 3 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Жалпы, қызылша – қауіпті жұқпалы ауру екенін білу маңызды. Жұқпалы вирус адам ағзасына ауа тамшылары арқылы тез таралып, тыныс алу жолдарымен қанға түседі. Бұдан соң қан арқылы әртүрлі органдарға, яғни бадамша без, бауыр, өкпе, сүйек кемігіне дейін кері әсерін тигізеді. Тіпті, дерт дендеп кетсе, көмей стенозы, мидың қабынуы, менингит, пневмония сияқты ауыр асқынуларға әкеліп соғуы мүмкін. Өкініштісі, қызылшаны емдеуге арналған арнайы дәрі-дәрмек жоқ. Антибиотиктер тек қызылшаның асқынуын емдеу үшін ғана тағайындалады, — дейді Батырбек Әлиев. Елімізде қызылша ауруын жұқтырғандар санының өсуіне байланысты дәрігерлер тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, екпеден бас тартқан балаларды иммундау шаралары қызу қолға алынуда. Осы бағытта атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде облысымызда соңғы 7 айда 14 500 бала қызылшаға қарсы екпе алған. Бұл өңірдегі барлық баланың 64 пайызын құрайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева қызылшадан сақтанудың ең тиімді жолы – екпе алу екенін айтады. Сондай-ақ, ол облыс тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Денсаулық сақтау басқар-масының мәліметінше, тек Павлодар қаласындағы жұқпалы аурулар орталығында жыл басынан бері 940 науқас емделген. Сонымен қатар, осы жылдың алғашқы 7 айында 4281 бала ем-дом алған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6 пайызға артық. Олардың ішінде 3874 қалалық, 407 ауылдық бала бар. Емделушілердің 23,6 пайызы 1 жасқа дейінгі сәбилер. Жалпы, сырқаттанған балалардың 1125-і (29,9 пайыз) жұқпалы ішек ауруларын жұқтырса, 264 жеткіншектің тамақтан уланғаны, ковид вирусын жұқтырудың 2 және тұмаудың 8 расталған жағдайы анықталды. Ең көп таралған ауру — жіті респираторлық вирустық инфекция. Мұнымен ауырған 2296 жеткіншек тіркелген.  Бүгінде аймағымызда тұрғын-дарға сапалы медициналық қызмет көрсету, жұқпалы аурулардың алдын алу және иммундау жұмыстары үздіксіз жалғасуда.

 

Нұржайна ШОДЫР.