Биыл Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын, балалар әдебиетінің қара нары, талантты жерлесіміз Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай, өткен сенбі күні қаламгердің кіндік қаны тамған жері — Шарбақты ауданында дүбірлі той өтті.

Есімі елге әйгілі жазушының ғасырлық мерейтойына облыс әкімі Асайын Байханов, зиялы қауым өкілдері, қаламгердің балалары мен туыстары және жерлестері тегіс қатысты. Аудан орталығында 16 ақшаңқан киіз үй тігіліп, тойшыл қауымның құрметіне арналып ақ дастархан жайылды. Ашық аспан аясында ұйым-дастырылған салтанатты шараға жиналған ел-жұртты аймақ басшысы Асайын Байханов айтулы мерекемен құттықтады.

— Баршаңызды еліміздің белгілі ақыны, көрнекті қоғам қайраткері Мұзафар Әлімбаевтің 100 жылдық мерейтойымен құттықтаймын.  Мұзафар Әлімбаев атамыз — ел тәуелсіздігін жан жүрегімен жырлаған абыз ақсақалдарымыздың бірі. Саналы ғұмырын халқымыздың ұлттық шығармашылығын әлемдік биікке шығаруға арнады. Қазақ әдебиетін жаңа белеске көтерген бітімі биік тұлға. Халыққа мұра еткен көптеген еңбегі қазақ балалар әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосты. Атамыздың «Ақыл — Алланың бергені, білім — адамның тергені» деген асыл сөзі бар еді. Сондықтан да көкірегі ақылға толы бабамыздың мұрасы мәңгі өшпейді деп сенемін! — деді аймақ басшысы. Бұдан соң сахнада еліміздің белгілі әншілері, қазақстандық эстрада жұлдыздары Гүлнұр Оразымбетова мен Зарина Омарова ән шырқап, мерекенің мерейін асырды. Сонымен қатар, шарбақтылық тұрғындар павлодарлық өнерпаздардың да өнерін тамашалады. Атап айтар болсақ, Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның Р.Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, талантты әншілер Серік Рысбек, Жібек Айтбаева, дәстүрлі әншілер Сәуле Мүсіпова, Жанболат Байсолтан, Гүлнәз Қыздарбекова, «Шернияз» би ансамблі және өзге де өнерпаздар сахнаны әсем ән мен тәтті күйге бөледі. Мерейтойға жиналғандар назарына Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұйымдасты-руымен қаламгердің өзі пайдаланған заттары мен оның өмірінен сыр шертетін арнайы көрме ұсынылды. Онда Мұзафар Әлімбаевтың көзі тірісінде киген шапаны, тақиясы, жеке құжаттары, қолжазбалары, түрлі дәрежедегі медальдары және қолына ұстаған домбырасы, қамшысы, тасбиғы, қаламсабы, сағаты, жұмыс үстелі, қойылған. Көрменің төрінен мерейтой иесінің замандас қаламгерлерімен, отбасымен түскен естелік фотосуреттері де орын алған. Аталмыш музей директоры Ербол Қайыров көрмені тамашалауға келген қонақтарға талантты жерлесіміздің көзіндей болып қалған жәдігерлердің әрқайсысын жеке таныстырып, бұл — павлодарлықтар үшін үлкен мұра екенін атап өтті. Сондай-ақ, музей қоры Мұзафар Әлімбаевтың тағы да бір топ құнды дүниесімен толықты. Жазушының балалары әкесінің өз қолымен жазған күнделік кітабы мен өзге де заттарын табыс етті. Облыс әкімі Асайын Байханов оларға алғысын білдіріп, дара тұлғаның баға жетпес мол мұрасы жерлестері үшін асыл қазына, үлкен үлгі-өнегенің бастауы екенін айтты. Мереке қарсаңында облыстағы қылқалам шеберлерінің де туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Олардың қатарында А.Қисамиденованың «Ғабдұл-Уахит хазірет кесенесі», Н.Ибраеваның «Сәкентас», Ж.Таниеваның «Баянауыл қысы», А.Солтанбаевтің «Түркістан», С.Баги-рованың «Қоңыр әулие», И.Аусаттың «Құлан әулие», Д.Панихиннің «Баянауыл элегиясы» сынды кенепте майлы бояумен салынған суреттері бар. Игі шара барысында Шарбақты аудандық орталық кітапханасында «Сәуле–ғұмыр» атты дөңгелек үстел отырысы да өтті. Оған қатысқан өңірдегі ақын-жазушылар, ғалымдар мен басқа да зиялы қауым өкілдері мерейтой иесінің шығармашылығы жайлы ой толғап, құнды пікірлерін ортаға салды. Қаламгер туралы сөз еткен ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, академик Шахимардан Әбілов ақынның өз шығармалары арқылы балаларға тәлім-тәрбие берудегі алар орны ерекше екеніне тоқталды. Ал филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Зейнулина талантты жерлесіміздің 15 жасынан бастап өлең жазғанын айтып, оның көпшілік біле бермейтін қырларымен бөлісті.

— Бүгінде ел арасында жиі айтылып жүрген «Үйлену оңай, үй болу қиын», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Ескерткіш тозса да, естелік тозбайды» деген нақыл сөздердің авторы Мұзафар Әлімбаев екенін біреу білсе, біреу білмейді. Ол кісі — тұнып тұрған талант иесі. Тіпті, қазіргі балалардың тілі кеш шығады деп жатамыз. Мұзафар ақынның балғындарға арналған шығармаларын тиімді пайдалансақ, осы олқылықтың орны толар еді, — деді ол. Сондай-ақ, шараға жиналған көпшілік ақын шығармаларын орта мектеп оқулығына енгізу туралы мәселе көтерді. Дөңгелек үстелге арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова алдағы қыркүйек айында мерейтой иесінің 8 томдық шығармалары 1 мың данамен жарыққа шығатынын жария етіп, осы бағытта атқарылған жұмыстар жайлы баяндады.

— Биыл Ертіс-Баян өңірі үшін ерекше жыл. Ағымдағы жылы өңірімізде 14 тұлғаның мерейтойы аталып өтті. Соның ішінде халық ақыны Мұзафар Әлімбаевтың орны ерекше. Қазақ әдебиетінде есімі алтын әріппен жазылған ақынның аты алты алашқа мәлім. Ақын әрі жазушының 100 жылдық мерейтойына орай ауқымды жоспар құрылды. Жыл бойы білім, мәдениет мекемелерінде 200-ден астам іс-шара өтті. Бүгінде Мұзафар Әлімбаев атындағы мектеп ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттайтын тамаша ортаға айналды. Ақын есімін ұлықтау ісі мұнымен аяқталмайды. Әлі де жалғасы болады, — деді Айзада Құрманова. Алқалы жиында сөз алған ақынның кенже баласы Баламер Әлімбаев жерлестеріне әулетінің атынан шексіз ризашылығын білдіріп, бұл мереке – барша отандастарына отақ қуаныш екенін жеткізді. Аталған шара қарсаңында қаламгердің шығармалары топтастырылған «Өскенімді ел көрсін» атты аудиокітаптың тұсауы кесілді. Мерейтой соңы қазақша күрес, асық ату, арқан тарту, қой көтеру сынды ұлттық спорт ойындарымен жалғасын тапты.

 

Нұржайна ШОДЫР, Шарбақты ауданы.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.