Таяуда ел шығысыӨскемен қаласында Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаеваның қатысуымен көшпелі кеңес өтті. Маңызды жиынға Шығыс Қазақстан облысы, Абай және Павлодар облыстарының идеологиялық активі қатысты.

 

Кәсіби журналистика және әлеуметтік желілер

Көшпелі кеңес аясында Аида Ғалымқызы өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен жеке кездесу өткізді. Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары бүгінгі күнде өзекті ішкі саясат мәселелері туралы, өңірлік БАҚ-тардың рөлін көтеру, оларды мемлекеттік қолдау, оқырман-көрермен аудиториясына мазмұнды дүниелер ұсыну турасында ойларын білдірді.

— Бұқаралық ақпарат құралдары қай уақытта көрермен мен оқырман аудиториясының көңілінен шығатындай жұмыс  істеуі керек. Әрине, әр заманның өз ерекшелігі болады, оған бейімделуіміз қажет. Әр уақытта көрермен мен оқырман үшін таласу керек. Кейде біз «біраз уақыт бұрын жағдай әлдеқайда жеңіл еді» деп ойлаймыз. Шын мәнінде, олай емес. Әр уақыттың өз қиындығы, сұранысы, күресі болады. Бұқаралық ақпарат құралдары да бәсекелестік жағдайында дамуы қажет, — деді Аида Ғалымқызы. А.Балаева БАҚ-тарда көтерілетін тақырыптар жайына да тоқталды. Министрлік тарапынан, жоғары жақтан аймақ-тарға берілетін тапсырмалар болады, сонымен қатар журналистикада творчестволық еркіндік болуы керек. Соңғы мәселе — өте өзекті. Расында, егер редакциялар дамысын десек, белгілі бір деңгейде шығармашылық еркіндік берілуі қажет. Бірақ ол хайпқа айналып кетпеуге тиіс. «Кәсіби журналистиканың әлеуметтік желілерден айырмашылығы, ең алдымен – ақпа-раттың шындыққа сәйкестігі және объективтілігі, оперативтілігі. Басты күші мен қаруы осында. Кәсіби журналистиканың тірегі – осы үш қасиет. Әлеуметтік желілер-дегі ақпараттар журналистиканың еңбегінің арқасында жасалатынын да айта кету керек», деді А.Ғалымқызы. Тағы бір мәселе – журна-листердің кәсібилігі мен этикасы. Өкініштісі, бүгінде адал, кәсіби журналистердің мәртебесіне дақ түсіріп жүргендер бар. Эфирде әдепсіз сөздер қолданып, дауыс көтеріп сөйлейтіндер табылады. Өз ойын жүйелей алмайтындар бар. Бұл журналистиканың масқаралығы деп ойлаймын. Осы жерде нағыз маман журналистерге үнсіз қалуға болмайды деп есептеймін. Әйтпесе халық арасында барлық журналистер осындай екен деген пікір туады. Тематикалық мәселе мен өңірлік БАҚ-ты мемлекеттік қолдау бойынша келсек, өзгерістер жаңа қабылданатын Масс-медиа туралы заңнамада қарастырылады. Ол заңнаманың жобасы күзде Парламентте қаралады. Осы ретте аймақтық БАҚ өкілдеріне талқылауға белсенді қатысады деп ойлаймын, деді А.Балаева.

Министрлер де өңірге сұхбат береді

Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары аймаққа жұртшы-лықпен кездесуге келіп жатқан министрлермен тікелей сұхбат жүргізуге мүмкіндік алуы тиіс. Бұл жұртшылыққа министрліктің жұмысы, алдағы атқаратын жоспар-лары туралы тұрғындардың хабардар болуына жол ашады. Аймақтардағы көптеген сұрақтар министрліктің құзырына қарайды, әкімдіктерге емес. Сол себепті министрліктер мен өңірлік әкімдіктерге сондай тапсырма берілді деп мәлімдеді Аида Балаева. Яғни, аймақтық БАҚ та маңызды мәселелерді қамтып, оқырман-көрермен сұранысына сәйкес бола алады. Аида Ғалымқызы өңірлік туризмді дамытуға ақпараттық насихаттың жеткіліксіздігіне тоқталып өтті. Нақтырақ айтқанда, сапалы түрде ұсынылуы көңіл көншітпейді. Мысалы, Өзбекстанның Ташкент, Бұқара, Хиуа, Самарқанд секілді өңірлерінің қазір жарнамасы «жер жарып» тұр. Соған иланып, жедел турист ретінде саяхаттап барғыңыз келіп кетеді. Барсаңыз олардың біздің Түркістаннан асатын ешбір артықшылығы жоқтығына көзіңіз жетеді. Десе де, көзін тауып таратылған ақпарат, «шығыстың елтітетін ертегісі» адамдарды сендіре біледі. Сервистік қызметі, тамағының дәмділігі бір бөлек. Бірақ бәрібір өңірдің тарихи орында-рының таныстырылуына қарасаңыз, бізден насихаты әлдеқайда күшті. Бізде Тик-Токқа қарасаңыз, әртүрлі тақырыпта негативті ақпараттар таратып, пікір таласып жатады. Өңірлік ақпарат құралдары осы жағынан жақсы дүниелерді таныстырып насихаттаса, пайдалы болар еді. Қазір бір немесе бірнеше отбасы бірігіп, Қазақстанның өңірлерін аралап, туған жердің көрікті, тарихи жерлеріне саяхаттаушылар көбейді. Бұл — жақсы үрдіс. Соны пайадалануымыз керек. Әйтпесе өзіміздің туған өңіріміздің айналасынан басқа көрікті орындарды біле бермейміз. Осы орайда жастардың потенциалын қолдануымыз керек. Бұл — Сіздерге деген ұсыныс. Неге біз өзімізді көрсете алмаймыз, өзімізбен мақтана алмаймыз, неге өзімізді кемсіте береміз? Әлеуметтік мәселелер бар, өмір болған соң бола береді. Дегенмен халықтың рухын көтеретін материалдар көптеп болуы керек деп ойлаймын, деді бұл турасында Аида Ғалымқызы.

Газеттердің күні біткен жоқ

Аида Ғалымқызы дәстүрлі БАҚ түрі – газеттердің уақыты өтпегенін айтты. Газеттер — әлі де болса қоғамда ақпарат таратуда және пікір қалыптастыруда әлеуеті зор ақпарат құралы. Өңірлік басылымдар бұл ретте үлкен жүк көтеріп тұр. Әсіресе, Солтүстік, Шығыс Қазақстан өңірлерінде, шекаралық аймақтарда оларға артылатын сенім де, жауапкершілік те зор. Сол себепті оларды мемлекеттік қолдау аса маңызды.

— Шынымен де, Солтүстік Қазақстанда ақпараттандыру мәселесі ақпараттық қауіпсіздік мәселесі болып табылады. Сіздерде Ресей Федерациясының, оңтүстікте Өзбекстан, Қырғызстан, Шығыста Қытай Республикасының ақпараттық ықпалы  жоқ емес, бар.  Оны келуші туристер де айтып жатады. Қытайдың радиосы, өзбектің телевидениесі қосулы болады дейді. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз десек, сол өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарын қолдауымыз керек. Мен министр болған кезімде заңға өзгеріс енгіздік. Бұрын өңірлік газеттердің барлығы әлеуметтік тапсырыс алу үшін байқауға қатысу керек болатын. Ол конкурсқа өңірлерден ғана емес, басқа жерден ақпарат құралдары қатысып, кейде сырттан жеңіп алып кететін. Қазір бұл мәселені облыстық деңгейде шеше алады. Оның мақсаты – өңірлік БАҚ-тарды қолдау, дамытуға бағытталған шара болатын. Біз облыс басшыларына жергілікті газет, радио, телеканалдар тыс қалмай, мемлекеттік саясатты жүргізуге септігін тигізу керек деп ұсыныс береміз. Жалпы, көп дүние заң аясында шешілуі керек. Соның ішінде редакцияның көліктік шығынын көтеру, салықтық жеңілдіктер беру, бүгінгі қағаздың қымбаттауы, газеттерді жеткізу мәселесі бар. «Қазпоштаның» қызметіне сын көп. Қазір оның міндетін өңірлерге береміз бе, қайтеміз деп, мәселені жан-жақты талқылап жатырмыз. Пошта газеттерді жеткізуге мүдделі емес. Оның артында ақпараттандыру мәселесі төмен деңгейде қалады. Бұқара халық мемлекетте не істеліп жатқанын білмейді. Жетсе де, дер кезінде жетпейді. Соны заң жүзінде қарау керек, — деді А.Балаева.

Мүддеміз бір, міндетіміз ортақ

Сөз соңында Аида Ғалымқызы барлығымыздың алға қойған мақсатымыз бір екенін атап өтті. БАҚ өкілдері де, халық та, билік те ашық пікірлесіп, елді дамытуда мәселелерді бірге талқылап, шешім қабылдауға қатысуы керек.

— Біз Өздеріңізге сенім артамыз. Бірге жұмыс істеуге дайынбыз. Осындай кездесулер көп болуы керек, әр деңгейдегі мемлекеттік қызмет басшылары шығып, халықпен ашық әңгіме айтып үйренуі керек. Сонда мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан шешімдерге сіздер де жауапты боласыздар. Сіздердің ұсыныстарыңыз, бастамаларыңыз жүзеге асса, Президенттің айтып отырған халықтың ел басқару процесіне тікелей қатысуын қамтамасыз етеді. Барлығымыздың міндетіміз, мүддеміз бір — ол Қазақстанның тұрақты дамуы, әр адамның әл-ауқатының түзеліп, әр адам өз болашағына нық сеніммен қарауы. Біздің мақсатымыз сол. Осы жұмыста аянбай қызмет етейік, түйіндеген ойларыңызды елге жеткізіңіздер. Барлық жұмысымыз нәтижелі болсын», деп тілегін білдірді кездесу соңында А.Балаева.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,

облыстық «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы, Өскемен қаласы.