Ұлттық педагогиканың тарих сахнасында өзіндік із қалдырып, өз мүддесін ұлт мүддесімен ұштастыра білген, ұрпаққа ғибрат тұтар дара тұлға – Мәжен Қабылбеков. Ол жас ұрпаққа тәлім—тәрбие беріп, білім саласында ұзақ жылдар бойы үздіксіз қызмет етті. Осыншама мол, игілікті еңбек қандай адамға болсын зор мәртебе саналары анық. Ұлағатты ұстаздың азаматтық тұлғасында туа біткен асыл қасиеттер көп—ақ. Соның бірі – өз ұлтына деген зор сүйіспеншілігі десек, қателеспейміз.
Мәжен Қабылбеков 1923 жылы 10 қыркүйекте бұрынғы Жетінші ауыл, қазіргі Ленин елді мекенінде дүниеге келген. Ол мектепте алдыңғы қатарлы оқушылардың бірі болды. Әсіресе, әдебиет пәні жанына жақын болды. Бала кезінен білімге құштар болған Мәжен Қабылбекұлы 2 мен 3 және 6 мен 7-сыныптарды бір жылдың ішінде бітірді. 1938 жылы Павлодар педагогикалық училищесін бітіріп, 15 жасында Жолқұдық орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі қызметін атқара бастады. 1941 жылы оқу ісінің меңгерушісі, ал 1942 жылы Жолқұдық бастауыш мектебінің директоры қызметіне тағайындалды. Кеңес Одағының Батыры Қ.Қамзин атындағы мектепте 50 жылдан астам ағартушылық қызмет атқарды. 1956 жылы Семей педагогикалық институтын оқып бітірді. М.Қабылбеков өз білімін жетілдіре түсуде еш уақытта да естен шығарған емес. Ол 1956 жылы Семей қаласындағы Н.Крупская атындағы педагогикалық институтының филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша диплом алады. 1978 жылы Мәскеу қаласындағы Кремльдің үлкен сара-йында өткен Бүкілодақтық мұғалімдер съезінің делегаты болып сайланды. Мәжен Қабылбекұлы басқарған мектеп ұжымы ағымдағы мәселе-лерді шешіп қана қоймай, перс-пективалық күрделі мәселелерді шешуге бағыттап отыратын. Мектеп ұжымы өз ісіне байланысты барлық көрсеткіштен аудан мектептерінің алдыңғы қатарында болды. Кейін 1996 жылы зейнеткерлікке шықты. Осы аралықта Қазақстан Республикасы бойынша «Оқу ісінің үздігі» белгісіне болып, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» және «Ленин» ордендерімен марапатталды. 1967 жылы «Қазақстан Респуб-ликасының еңбегі сіңген мұғалімі» деген құрметті атағына ие болды. Мәжен Қабылбекұлына, сондай-ақ КСРО Жоғары кеңесінің Жарлығына сәйкес «Социалистік Еңбек Ері» деген ең жоғары атақ беріліп, орақ-балға салынған алтын жұлдыз бен «Ленин» ордені тапсырылды. 1991 жылы Ақсу қаласының ауылдық аймағының «Құрметті азаматы» деген атақты иеленді. Сонымен қатар, Ақсу қаласының ауылдық жерінде орналасқан Алғабас орта мектебіне Мәжен Қабылбековтің есімі берілді. Ол өмірден өткеннен кейін, оған ескерткіш орнатылды. Бүгінде білім ордасының ауласында Кеңес Одағының Батыры Қанаш Қамзин және Социалистік Еңбек Ері Мәжен Қабылбекұлы ескерткіші қатар тұр. Сондай-ақ, ұлағатты ұстазға арналған шағын мектеп мұражайы жұмыс істейді. Онда мұғалімнің көзі тірісінде қолданған заттары қойылған. Ұстаздың немере туысы Раушан Қабдылуахитқызының айтуынша, мұғалімдік жолды таңдауына немере ағасы себепкер болған.
— Мәжен Қабылбекұлы барды бағалап, айналасындағы жандармен қарым-қатынасында да жоғары адамгершілік көрсете білетін, өз жұмысына, бала тәрбиесіне жаны ашып, асқан жауапкершілікпен қарай білетін, адал да шынайы, өз ісіне жауапты ұстаздардың бірі болды. Бар өмірін осы бағытқа арнады. Мәжен ағаның ақыл-кеңесімен осы салаға бет бұрып, алғашқы еңбек жолымды Ақсу қаласына қарасты орта мектепте бастадым. Ол кісіден көп тәжірибе жинадым, — дейді ол. М.Қабылбекұлы бірнеше рет Чкалов ауылдық кеңесіне, Ермак аудандық кеңесіне депутаттыққа сайланып, Ермак қаласы мен ауданының партиялық делегацияларының делегаты, Қазақстан Компартиясының Ермак аудандық комитетінің мүшесі болды. Қазақстан мұғалімдерінің II және III съезде-ріне қатысқан, КСРО профсоюзінің XV съезіне де қатысты. Өмір жолында талай азаматтың бағыт-бағдарының жүйелі қалып-тасуына тікелей ықпал жасаған, тектілігі айшықталып тұратын нар тұлға Мәжен Қабылбеков әрдайым ар-ожданның биігінен көрініп, адамгершілік деген ұлы ұғымның туын желбіретіп келеді. «Көңіл аудар даналардың сөзіне, адал жанды өнеге тұт өзіңе» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, бүкіл өмірі үлгі болған, жақсының жақсы ісін айту, оны өмірге өнеге ету — парызымыз.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Ұстаз туралы үзік сыр
Саналы ғұмырын мұғалімдік қызметке арнаған Мәжен Қабылбековтің есімі облыстың білім саласына етене таныс. Ұлағатты ұстаз ұзақ жылдар Ақсу қаласына қарасты Жолқұдық ауылындағы білім ұясында жемісті еңбек етіп, басшылық етті. Оның шәкірттері шыңға шығып, биік белестерді бағындырып, білім бәсекелерінің алдын бермеген. Жуырда ұлағатты ұстаздың дүниеге келгеніне тура 100 жыл толады.
1957 жылы 3 тамызда Отан алдындағы міндетімді атқарып, елге келіп мамандығыммен Ақсу қалаcына қарасты Жамбыл мектебіне (ол кезде Жартақ ауданындағы) орналастым. Сол жылы мұғалімдердің жыл сайынғы дәстүрлі тамыз жиынында көзге түскен мектеп басшылары Елеуке Қалданов және Мәжен Қабылбеков сынды азаматтардың бала тәрбиесі мен білімді тәрбиелі шәкірттерді шығару мәселесіне тоқталғанына аса зер салдым. Екеуі де жұмыстарына берілген жандар еді. Оған себеп бар. Мәселен, Мәжен Қабылбеков 1957 жылы орта мектеп қажеттілігін айтып жүріп, 1965 жылы ғимарат салуға қол жеткізіп, ал 1967 жылы іске қосылды. Ұстазды көзі көрген әріп-тестерінің сөзі бойынша Мәжен ақсақал зейнетке шықса да өзі басқарған мектепті тастаған жоқ. Елдің елеулісі, халықтың қалаулысы болды. 1960 жылдан бастап білім ордасында политехникалық білім беру, яғни мектеп бітірген шәкірттер аттестат алумен қатар, ауыл шаруашылығына қажетті мамандық алу мақсаты болды. Бұл мәселеге терең қарады. Совхоз шаруашылығына көмек үшін арнайы жоғарғы класс оқушыларынан, еңбек лагерін құрды. Жарты ғасырға таяу ұстаз-дарды басқарып, шәкірт-терінің жемісін көрді. Мәселен, оқушыларының бірі Қаратай Жүкенов Қызылжар мектебін басқарды. Өзге шәкірттері ғалым, профессор, ұстаз болды. Оның басқарған білім ордасы аудандық, облыстық, республикалық деңгейде жүлдегер атанды. Нәтижесінде бірнеше рет марапатталып, 2019 жылы «КСРО-ның Еңбек Ері» деген атаққа ие болды. Сол кезде ардагер ұстаз бұл атақ ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесі деп атап, «Өмірдің мәні не?» деген сұраққа былай деп жауап береді: Біріншіден, жан тазалығы – имандылық дейді. Кімде ар мен ұят болса онда иман бар. Екіншіден, ар тазалығы – ақылдылық. Сөйлер сөзіңді айтар алдында ақылмен ақылдас. Үшіншіден, қол тазалығы – әділдік. Біреудің ала жібін аттама. Ақты ақ, қараны қара дегендей. Осы қасиеттер Мәжен Қабылбековтің бойында болды. Сондықтан болар, ол өмірге адам болып келіп, адам болып өтті. Жүсіп Баласағұн: «Кісіге екі дүниеде пайдалы – ізгі іс немесе мінезі түзулік. Екіншісі – ұят, үшіншісі – әділдік. Бұл үшеуі арқылы адам шын бақыт табады» — деген. Бұл тұста ұят пен әділдік мінездің сыңары екенін ойда ұстау қажет. Білім ізгілікке жұмсалмаса, оның пайдасынан зияны артуы әбден мүмкін. Сондықтан Шығыс даналығы адам мінезінің көркемдігін алдыңғы орынға шығарса керек.
Махмет ДЕМЕСІНОВ, ардагер ұстаз, Павлодар қаласы.