Елімізде Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу басталды. Бұл қадам мемлекеттік басқару жүйесіне мықты мамандар тарту мақсатында осымен үшінші рет жасалмақ. Білімі мен білігін, ел үшін маңызды мәселелерді шешуге деген ұтымды ойларын ортаға сала білген жастар іріктеліп, тізімге алынады. Кейін осы резервке іліккендер басқарушылық қызметтерге ұсынылады. Енді биылғы іріктеу, үміткерлерге қойылатын талаптар жайында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Ержан Қарымсақовтан білген едік.
— Ержан Нағызханұлы, Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу бұған дейін екі рет өткізілгенін білеміз. Сол іріктеулерден сүрінбей, жалпы резервке алынған жастардың қаншасы жұмысқа орналасып, мемлекеттік басқару жүйесіне араласты?
— Алғаш 2019 жылы өткізілген іріктеу нәтижесінде резервке 300 адам, 2021 жылы 50 адам алынды. Резервке алынған 350 адамның 265-і мемле-кеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді. Яғни жалпы санының 76%-ы жұмысқа орналастырылды. Соның ішінде 124 адам орталық мемлекеттік органдарда, 35 адам жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компания-ларда, 49 адам өзге де ұйымдарда қызмет атқаруда. Олардың қатарында 32 жас азамат саяси лауазымдарға, 6-уы «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, біреуі ҚР Парламент Мәжілісі және екеуі мәслихат депутаты болып еңбек етуде.
— Биылғы жылғы іріктеуде қандай ерекшелік бар? Үміт-керлерге қойылатын талаптар жайында айтып өтсеңіз.
— Қыркүйектің 1-інен бастап Президенттік жастар кадрлық резервіне кезекті іріктеу басталды. Бұл іріктеудің басты ерекшелігіне тоқталсақ, мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескеріп, келесі бағыттар бойынша нақты мақсатты іріктеу өткізу көзделген. Олар — инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, агроөнеркәсіп кешені және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам. Ал үміткерлермен әңгімелесу міндетті түрде салалық орталық органдардың қатысуымен өтеді. «Президенттік Жастар кадр резервінің кейбір мәселелері туралы» Президенттің 2019 жылғы 27 тамызындағы №141 Жарлығының қағидаларына сәйкес резервке 35 жастан аспаған, жоғары білімді, бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар және мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген ҚР азаматы алынады.
— Іріктеу неше кезеңнен тұрады және әрқайсысына толығырақ тоқталсаңыз…
— Іріктеу Президент Жарлығымен бекітілген ережелерге сәйкес 6 кезеңнен тұрады. Биыл қыркүйек-желтоқсан айларында өткізіледі. Алғашқы кезеңде, 2023 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы сайтында онлайн режимде үміткерлерден құжаттар қабылданады. Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Яғни, бағалаушылар үшін үміткердің кім екендігі беймәлім болады. Кандидат қойылатын талаптарға сәйкес келген жағдайда іріктеудің келесі кезеңдеріне өткізіледі. Екінші кезеңде жастардың мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланады. Бұл кезең үміткерлердің күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған екі бөлек тестілеу блогынан тұрады. Әрбір тестілеудің ұзақтығы 25 минуттан аспайды (мәтіндік және сандық тесттер бойынша 25 сұрақтан), оның нәтижесін үміткер өзінің жеке кабинетінен көре алады. Тестілеу процесінің аудио-бейне жазбасы жасалады. Өз бетінше өту шартының сақталуын қамтамасыз ету прокторинг жүйесімен қадағаланады. Үшінші кезеңде үміткерлер өздері таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түрін-дегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасына баға беріледі. Аталған кезең онлайн-режимде аудио-бейне жазбамен сүйемелденіп, эссе жазу форматында жүргізіледі. Орындалған тапсырманың шешімі қызметтің тиісті бағыттары бойынша бір уақытта үш салалық сарапшымен бағаланады. Сарапшылар пулына академиялық орта мен бизнес қауымдастық өкіл-дері, мемлекеттік қызметшілер кіреді. Ал төртінші кезеңде құзыреттері бағаланады. Бұл кезең ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбаттан тұрады. Ассессмент-орталық (Бағалау орталығы) Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Ол мінез-құлық индикаторлары арқылы кандидаттардың бойындағы белгіленген құзыреттерді анықтауға және бағалауға бағытталған. Кандидаттардың мінезін бағалау топтық және жеке тапсырмалардан тұрады. Жалпы құзыреттерді бағалауға кемінде 15 сертификатталған бағалаушы және 5 супервизор тартылады. Құзыреттер бойынша сұхбат блогы кәсіби HR-менеджерлерін тарта отырып, онлайн форматтағы жеке жан-жақты сұхбат түрінде өткізіледі. Сұхбат кандидаттардың ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталады.
— Ал бесінші кезеңде үміткерлер қай қырынан сыналады?
— Бесінші кезеңде сарапшылық комиссия үміткерлермен әңгімелеседі. Мұнда ассессмент-орталықтың сарапшысы комиссия мүшелеріне қатысушылардың жеке нәтижелерін ұсынады және оларға түсініктеме береді. Комиссияның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары тартылады. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі түзіледі. Енді ең соңғы алтыншы кезеңде Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадрлық резервіне үздік 50 кандидат қабылданады. Ол ағымдағы жылдың 25 желтоқсанына дейін өткізіледі деп жоспарлануда. Барлық кезеңнен өткен азаматтар ережеге сәйкес 3 жыл резервте болады. Резервке алынған адамдар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық лауазымдарына және «Б» корпусының А санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.
— Құжаттарды қабылдау тәртібі қандай?
— Құжаттарды қабылдау Президенттік жастар кадрлық резервінің онлайн-платформасында (pkrezerv.gov.kz) кандидатты тіркеу және оған бағалау кезеңдерінде кандидаттың жеке деректерін иесіздендіру үшін пайдаланылатын жеке нөмір беру арқылы жүргізіледі. Тіркелген кандидаттар жеке кабинетке логин мен пароль арқылы кіреді. Тіркелу кезінде кандидаттар білім туралы және еңбек қызметін растайтын құжаттардың көшірмелерін, белгіленген талаптарға сәйкес мемлекеттік тіл бойынша тиісті орта деңгейдегі нәтижемен тестілеуден өткені туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификатты жүктейді. Мемлекеттік басқарудың қызығушылық танытқан саласын, сондай-ақ мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалаудан өту уақытын таңдайды. Іріктеу Астана қаласы уақытымен жүзеге асырылады.
— Енді үміткердің мемлекеттік тілді меңгергені туралы сертификатты қалай алатынын айтсаңыз…
— Сертификат алу үшін кандидат ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Ұлттық тестілеу орталығында немесе ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының «QAZAQ RESMI TEST» қазақ тілін тестілеудің онлайн-сервисінде тестілеуден өтуі қажет. Кандидат өтінім берген сәтте мемлекеттік тілді меңгергені туралы сертификаты болмаса, оған «ҚАЗТЕСТ» немесе «QAZAQ RESMI TEST» жүйесі бойынша тестілеуден өту үшін сілтемелер ұсынылады.
— Мол мүмкіндіктер беретін резервке өтуде өңір жаста-рының белсенділігі қалай? Екі жыл бұрынғы іріктеу—де резервке енген павлодарлық жастар бүгінде қайда қызмет етуде?
— 2021 жылы Президенттік Жастар кадрлық резервіне өңірімізден 286 үміткер қатысуға өтінім беріп, үздіктер қатарына 3 үміткер енді. Бүгінгі күні іріктеу қорытындысы бойынша Е.Досымжанов облыс прокуратура-сының Үкімдердің орындалуын қадағалау басқармасы бастығы, Д.Ибраев облыс әкімі аппаратының басшысы жауапты лауазымдарына тағайындалды. Ендігі кезекте ел мүддесіне адал қызмет етемін деген жастарды Президенттік жастар кадрлық резервінің іріктеуіне қатысуға шақырамын.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан — Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.