Өкінішке қарай, бүгінде жолда темір тұлпарларымен жүйткитін жүргізушілердің саны азаймай тұр. Жылдамдықты асырудың соңы қайғылы жағдайларға да әкеп соғуда. Оның алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын күшейту керек.
Аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен облыс әкімдігінің ситуациялық орталығында өткен жиын барысында жол және қоғамдық қауіпсіздіктің цифрлық жобасын енгізу мәселесі талқыланды. Аймақтағы жол-көлік оқиғаларының басты себебі — жылдамдықты арттыру. Өкінішке қарай, апаттардың 20 пайызы адамдардың өмірін үзді. Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін тіркеу құралдарымен жабдықтау деңгейі бойынша біздің облыс республика-дағы 20 өңірдің ішінде 19-ыншы орында тұр. Мамандардың пікірінше, жол-көлік оқиғаларының санын азайту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін тіркейтін автоматтандырылған жүйелерді енгізу қажет. Олардың жұмысы полиция департаментінің ЖБО мүмкіндіктерін кеңейтуге оң әсерін береді. Осы мақсатта Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларының көшелерінде, қиылыстарында және тас жолдарында, сондай-ақ, облыстың 10 ауданында барлығы 390 аппараттық-бағдарламалық кешен мен 6500ден астам бейнебақылау камерасын орнату жоспарлануда. Бірнеше компания осы бағытта өздері әзірлеген жүйелерін ұсынып, жобаны жүзеге асыруға ниет білдірді. Асайын Қуандықұлы цифрлық технологиялар басқармасына ұсынылған жобалардың әрқайсысын егжей-тегжейлі қарастыруды және қыркүйек айының соңына дейін әр әлеуетті өнім беруші бойынша есепті ұсынуды тапсырды.
— Бейнебақылау жүйесінің басты міндеті — айыппұлдар арқылы табыс табу емес. IT-шешімдер халықтың қауіпсіздігін, жол-көлік оқиғаларының санын азайту және қылмыс деңгейін төмендетуді қамтамасыз етуі тиіс. Бұл жобаны іске асырудан тек әлеуметтік-экономикалық нәтиже емес, оның артында құтқарылған өмірлер болуы керек, — деп атап өтті Асайын Байханов.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.