Биыл — мемлекет қайраткері Михаил Есенәлиевтің туғанына 95 жыл. Туған қаламыздың көрікті көшелерінің бірі бүкіл өмірін елімізді өркендетуге арнаған асыл жерлесіміздің есімімен аталады.
— 2002 жылы 40 лет ВЛКСМ көшесі Михаил Есенәлиев көшесі болып өзгертілді. Бұл – өзіндік тарихы бар Павлодардың орталық көшелерінің бірі. Онда «Ertis» мұражайы, облыстың дін істері басқармасы, Бейсен Ахметов атындағы педагогикалық колледж, т.б. әкімшілік ғимараттар орналасқан, — дейді Г.Н.Потанин атындағы тарихи-өлкетану мұражайының өлке тарихын ғылыми қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гүлжанат Әлиева. Музейдің алтын қорында сақталған жеке заттары, қолжазбалары, т.б. материалдары негізінде Г.Н. Потанин атындағы тарихи-өлкетану мұражайында және «Ertis» музей бөлімшесінде белгілі мемлекет қайраткері Михаил Есенәлиевтің 95 жылдық мерейтойына арналған көрме ұйымдастырылды. Гүлжанат Мағазқызының айтуынша, көрмеге Михаил Ивановичтің жеке кітапханасынан Шыңғыс Айтматов, Қозыкөрпеш Есенберлиннің қолтаңбалары қойылған кітаптар, жеке заттары мен құжаттары қойылған. Шараға еңбек ардагерлері мен колледж студенттері қатысып, біртуар азаматтың тарихқа айналған еңбек жолына шолу жасады. Михаил Иванович Есенәлиев 1928 жылы 15 қыркүйекте Төменгі Еділ өлкесінің Питер ауылында дүниеге келген. Қазақстандық мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат. Саратов заң мектебінің сырттай бөлімін және КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын оқып бітірген.
Әр жылдары халық сотында хатшы және сот орындаушысы, аудан-
дық комсомол комитетінің екінші, содан кейін бірінші хатшысы және БКП (Б) аудандық комитетінің бюро мүшесі болды. Одан соң Мәскеуде Орталық комсомол мектебінде оқыды. Кейін Қазақстан ЛКЖО Павлодар облыстық комитетінің екінші, бірінші хатшысы, Қазақстан ЛКЖО ОК хатшысы қызметтерін атқарды. Сонымен қатар, Мәскеудегі Қоғамдық ғылымдар академиясының тыңдаушысы, содан кейін аспиранты атанып, философия бойынша кандидаттық диссертациясын қорғайды. Сондай-ақ Қазақстан Компартиясы Алматы қалалық комитетінің екінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы ОК мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып табысты қызмет етті. Михаил Иванович Есенәлиев Қазақ КСР Сыртқы істер министрі, Қазақстан Республикасы СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі қызметтерін абыроймен атқарды. Қазақстан Компартиясы ОК мүшесі, 7-11 шақырылымдағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Кеңестік Бейбітшілікті қорғау Комитетінің мүшесі болды. Кеңес Одағы делегацияларының құрамында БҰҰ Бас Ассамблеясы сессияларының жұмысына қатысып, БҰҰ Бас трибунасынан пленарлық отырыстарда сөз сөйледі. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен оған дипломатиялық дәреже берілді. Ол 1-сыныпты Төтенше және Өкілетті Елші атанды. Еліне ардақты азамат, мемлекет және қоғам қайраткері Михаил Есенәлиев 1999 жылы 19 тамызда қайтыс болған. М.Есенәлиев – «За сильных духом», «Небоскрёб на Ист Ривер», «Размышления вслух», «Штрихи к портретам», «Записки дипломата», «На грани эпох» кітаптарының, сондай-ақ мерзімді басылымдардағы көптеген мақалалардың авторы. Екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, «Халықтар достығы» орденімен марапатталған. Бар ғұмырын туған жерін көркейтуге арнаған Михаил Иванович Есенәлиевтің еселі еңбегі ел есінде.
Т.ӘБІЛДА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.