Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің  «Ертіс» мультимедиялық бөлімшесінде Жеңіс Марданов атындағы өлкетанушылар қоғамы мүшелерінің дөңгелек үстел отырысы өтті. Шараға Ертіс өңірінің танымал өлкетанушылары қатысып, алдағы жоспарлары және өзекті мәселелер туралы сөз қозғады. Жиында өлкетанушылар қоғамының былтыр жасалған жұмысы таныстырылды. 

Өңіріміздің тарихын зерттеп, деректерді жинақтап, ұрпаққа аманат етіп отырған өлкетанушының еңбегі зор. Өңір бойынша атқарылып жатқан зерттеу жұмысының нәтижесінде былтырғы экспедиция жемісті болғанын ұйымдас-тырушылар атап өтті. Бүгінгі күнде Ж.Марданов атындағы өлкетанушылар қоғамының жұмысы белсенді атқарылып, қоғам мүшелері өздеріне жүктелген міндетімелерін абыроймен жүргізіп келеді. Сондай-ақ, жиын барысында Ж.Марданов атындағы өлке-танушылар қоғамының төрағасы болып Рүстембек Қалымқұлов сайланды.

— Ертіс-Баян өңірінің өлке-танушыларының қатысуымен біздің экспедициялық топ Ақтоғай, Баянауыл аудандары, Ақмола облысының Ерейментау ауданы, Ақсу ауданы Жолқұдық ауылындағы қасиетті орындарын аралады. Бұдан басқа жобалармен Железин, Май, Аққулы аудандары аумақтарында болдық. Түйген деректерімізді танымал ету мақсатында уни-
верситет, кітапхана, мектеп, музей қабырғаларында ұйым-дастырылған жиын кездесулерде қолданылды. Өлкетану-шылардың қатысуымен «Өlke.kz» деректі фильмі шығарылып, диалог алаңы, тіпті телеарна шығарылымдарда кеңінен талқыланды. Ақтоғайдың Ақтілес руынан шыққан тұлғаларға байланысты ел ішінде қалған, аңызға айналған тың мәлімет-
тер жинақтадық. Ондағы деректер — зерттеушілерге тарихи жаңалықтар ғана емес, арнайы терең ғылыми зерттеуді қажет ететін дүниелер. Оның ішінде Абылайханның туын ұстаған әскербасының бірі, Абылайханды тұтқыннан шығаруға қатысқан Нарнай батыр. Әскер қолбасшысы болған Шақшан батыр. Алпыс балуан. Атбегі Бөжеу, т.б. бар, — дейді Ж.Марданов атындағы өлкетанушылар қоғамының төрағасы Р.Қалымқұлов. Тарихи орындармен танысу жұмыстары Торайғыров университетінің ғалымдары, Қазақстан халқы ассамблеясының кафедра меңгерушісі Арман Әкішев, Е.Бекмаханов атындағы ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Амантай Құдабаев, өлкетанушы, «Ақбеттау» журналының редакторы Сайлау Байбосын, Баянауылдың ардагері, өлкетанушысы Мұхамет-Қайыр Шәріпов, «Жерұйық» бағдарламасының редакторы Гүлсара Мәлікова, ақтоғайлық өлкетанушы Бейбіт Бөжен, Аққулы ауданының депутаты, өлкетанушы Төлеген Шакарманов, Железин ауылының ақсақалы, өлкетанушы Мұрат Багжиков, Май ауданынан тарихшы, өлкетанушы Берік Ескендіровтің қолдауларымен жүзеге асқан.

— Министрлік тарапынан қойылған бірнеше талап, тапсырмалар берілген болатын. Ол бойынша танымал тұлғалардың мерейтойларының атаулы күндеріне көңіл бөлу. Айта кетерлігі, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» 300 жылдығына байланысты Қазақ халқы тарихының бір бөлігі аз зерттелген күйінде қалып отыр, дегенмен бұл соғысты ұлы Отан соғысы деп атау қажеттілігін назарға салған болатын. Өлкеміздің тарихы осы бір оқиғамен тығыз байланысты екендігі баршамызға аян. Тарихымыздың осы уақыты аз зерттелген. Облыс төңірегінде бұл оқиғаға байланысты оқиғалар өте көп. Оның ішінде Нарнай батыр, Шақшан батырлар бар. Осы бағыттарда жұмыстарды жалғастыру қажет. Өлкетанушы-
лар — бүгінгі қоғамның қозғаушы күші. Сіздердің бас болып көтерген еңбектеріңіз келешек ұрпаққа үлгі, — деді өлкетанушы, «Ақбеттау» журналының редакторы Сайлау Байбосын. Сонымен қатар, кездесуде өлкетану жұмысына сыртқы инвесторлар, қаражат тарту, сол бойынша кітаптар шығару мәселесі көтерілді. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысы Медет Тауасқан өлкетанушылармен жүздесіп, көкейлерінде жүрген мәселелерін талқылады.

Аяулым ТӨЛЕГЕНОВА.