Бүгінгі жастар, тіпті қазіргі уақытта жасы  қырыққа, елуге келгендер  де   көмір қорының молдығы жағынан әлемге әйгілі, бүкіл Одаққа Екібастұз отын-энергия кешені атауымен белгілі болған Екібастұз қаласының  экономикалық, әлеуметтік дамуына өлшеусіз үлес қосқан, бүгінгі күні сексеннің сеңгіріне шығып отырған, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген энергетигі, отыз жылға жуық кеңес-партия қызметін атқарған Әбілтаев Қайыржан Мерсадықұлын біле  бермейді.

Іскер басшы, қоғам қайраткері

Білмейтін де жөні бар. Себебі Қайыржан Мерсадықұлы ақырын жүріп, анық басады. Өзін-өзі әйгілеуден мүлдем ада. Мәселен, басшылық қызмет атқарған адамдар зейнеткерлікке шыққан соң өмірбаян кітаптарын шығарып жатады. Теледидар алдына шығып сөйлейді, мақалалар жазады. Ал Қайрекең телевизорға шығып сөйлеуден мүлде бас тартады екен. Кісілігі атқарған жұмысынан белгілі болып тұратын кішіпейіл жан. Қарапайымдылығын халқына арнаған қадірлі адам десек артық болмас. Қайыржан Мерсадықұлы өзін
айтудан гөрі сонау 1970 жылдардан бері өзімен қатар жүрген, жауапты қызмет атқарған Түсіпхан Қасымжанов, Геннадий Алексеевич Никифоров, Сәбит Байжанов, Валерий Темірбаев, Ерлан Смайылов, Даниал Ахметов, Қажымұрат Нағманов, В.В. Каландарашвили, энергетиктер Г.А. Щукин Е.А. Федорченко, В.В. Семенов, И.И. Мартыненко, А.С. Раскатов, генерал Л.Жалтыров, қалалық ішкі істер басшысы Болатбек Әбенов сияқты қоян-қолтық қызмет атқарған әріптестері туралы аса бір ықыласпен әңгіме айтқанды жақсы көреді екен.  Қайыржан Мерсадықұлы 1943 жылы Советтер одағының Солтүстік Кавказдағы Ставропольск аймағы Нефтекумск ауылында дүниеге келеді. Жеті жасында шешесінен, сегіз жасында әкесінен айрылып жетім қалады. Туған апасының қолында тәрбиеленеді.

– Нефтекумск — Кавказ өңірі. Шешен Басаев басып алған Буденовка селосынан 75 шақырым. Бұл жерде ноғайлар мен қазақ ауылдары қатарлас тұрды. Отбасында тек қана қазақша сөйлеу қалыптасты, Орта мектепті бітірген соң Ростов қаласындағы инженерлер дайындайтын теміржол-транспорт институтына оқуға түстім. 1970 жылы оқуды бітірген соң мені жолдамамен Казақстанға «Карагандауголь» комбинатына жіберді. Ал қарағандылықтар маған «Экибастуз-уголь» өндірістік бірлестігіне баруға ұсыныс жасады. Қарағандыдан поезға отырып, Ақмолаға, ол жерден басқа поезға отырып, Екібастұз қаласына келдім.  Екібастұз көмір бірлестігінде мені түсі жылы, инабатты бас инженер Иван Петрович Федотов қабылдады. (Айтар болсақ, бұл кісі техника ғылымының кандидаты, 12 ғылыми жобаның авторы, өнертапқыш, ғалым, «Ленин» орденінің иегері). Иван Петрович мені жатсынбай, жатырқамай, жас екенсің демей бірден Жүк тиеу көлік басқармасына (ПТУ) аға мастер жұмысына қабылдады. Төрт жыл осы учаскеде жұмыс атқардым. Алған тиянақты білімнің арқасында арқаға қамшы салдырған жоқпын. Төрт жылдан соң Энергоуправление басшысы Әбенов Ришад Қизатұлы подстанцияға аға мастер қылып тағайындады.

— Жұмағали, мен саған еңбек жолымның осы қаладан басталып, қаланың өзгеруіне, дамуына әсер еткен қызықты да қиын сәттерді қысқаша айтып берейін, — деп, Қайрекең өзі айтып отырған әңгімесіне ат қоюға төмендегідей ұсыныс жасады.

Еңбек кітапшамдағы ең бірінші сөгіс

Бір күні Екібастұз қалалық партия комитетінің хатшысы Түсіпхан Қасымжанов қабылдауына шақырып жатыр деген хабар келді. Ол кездегі хатшы – бүгінгі қала әкімі. Хатшының ақ дегені — алғыс, қара дегені — қарғыс. Түсекең аз-кем таныстықтан соң: — Мен де жетім өскенмін. Балам, — деді хатшы маған мейірлене қарап: — Мен сені «Павлодарэнергосбыт»- ке қарасты «Экибастузэнерго-сбыт» бөлімшесінің директорына тағайындаймын. Қалай қарайсың? –
деп маған сынай қарады. – Аға, жауапты жұмыс қой, — деймін. Бұл — 1975 жылдың мамыр айы.

— Көмірдегі басшыларың саған жақсы мінездеме берді. Алғыр, білімді, алған бетінен қайтпайды, тиянақты, — деп отыр. Іске кіріс, — деп бұйыра сөйледі. Сонан соң: — Сен маған қаланы жылу энергиясымен жабдықтаудағы орын алып отырған кемшіліктерді тауып, орнына қой, — деді. Қызметіме кірісіп, барлау, бақылау, тексеру кезінде байқағаным, жылу беру маусымы кезінде жылу орталығына (ТЭЦ) жақын орналасқан Южный поселкесінің жеке меншік үйлері заңды түрде қосылып, жартысы ешқандай құжатсыз, жылуға дайындығы тексерілмей қосылатыны анықталды. Мен 12 үйді жылудан оқшаулап тастауға тапсырма бердім. Таңертең тұрғындар жылу жүйесіне қайта қосылатын болды. Жылуды өз беттерімен рұқсатсыз қосып алудың, әр торапта наладка-реттеуіштің болмауының салдарынан гидравликалық режим бұзылатынын, жылу орталығында наладка-реттеу тобының жоқ екендігін анықтадық. Қалаға жылу беру маусымы басталған кезде, қараша, желтоқсан айларында жылу параметрлерінің жеткіліксіздігі белгілі болды. Бұл әсіресе, 1975 жылдың желтоқсан айында -33 градус аяз басталғанда белгілі болды. Қалалық атқару комитетінің бірінші орынбасары жанына ішкі істер бөлімінің орынбасарын ертіп алып, менің ескертуіме қарамастан, Южный поселкесі Амангелді, Первомайская, Сибирская көшелеріндегі үйлерді жылудан ағытып тастады. Поселек жылусыз қалып, тұрғындар ереуілдеді, көтерілді, қатты наразылық білдірді. Мұның соңы ЖЭО директоры Захаровтың, атқару комитеті орынбасарының партиядан шығарылып, жұмысын босатуға апарып соқты. Ал маған қатаң сөгіс берілді. Қалалық партия комитетінің мүшелері маған жылу энергиясы жеткіліксіздігін екі аптада қалпына келтіруге тапсырма берді. Мен Түсіпхан ағаға: — Сантехнигі, дәнекерлеушісі бар 30 адамнан тұратын бригада жасақтап берсеңіз, екі аптада тапсырманы орындауға мүмкіндік бар екенін айттым. Жоғарыда аталған кемшіліктерді жоюға құдай қуат беріп, жолымды ашты. Алматыға «Казэнергоналадка» басқармасына телефон соғып, Ростов институтында екі курс төмен оқыған Сашаны тауып алдым. Ол ертеңінде-ақ екі білікті реттеуші наладчикпен бірге самолетпен ұшып келді. Бұған қоса, жергілікті жердегі жылу инспекциясының білгір мамандары Яков Иванович Баланда, Евгений Шпаков, РГТО заводының білікті мамандарын іске қосып, тиісті диаметрдегі сопло шайбаларды, элеваторларды, стакандарды жонғыздық. Партия комитеті берген тапсырманы уақытында ойдағыдай орындап шықтық.

Қалалық атқару комитетінің төрағасы және мемлекеттік тіл

1989 жылы Қазақстан Орталық партия комитетінің қаулысымен Екібастұз қаласында қазақ, орыс тілдерінде хабар тарату редакциясы құрылып, аға редактор болып тағайындалдым. Жұмыс бабымен қаланың бірінші басшылары қалалық атқару комитетінің төрағасы Әбілтаев Қайыржан Мерсадықұлымен танысудың реті келді. Ол кезде республикалық «Қазақ тілі» қоғамының құрылуына байланысты облыстық, қалалық «Қазақ тілі» қоғамының құрылып жатқан науқан кезі. Бір жиналыста тіл жанашырлары, аға буын, партия қызметкері Төлепбергенов Көбен Әбділдәұлы, өлкетанушы, экономика ғылымының кандидаты Жақсыбаев Серік Имантайұлы, тағы басқа белсенді азаматтар Екібастұз қаласына жаңа мектеп, қазақ балабақшасын салу туралы мәселе көтергенбіз. Осы туралы қалалық атқару комитетінің төрағасы Қайыржан Мерсадықұлына кеңескім келетінін айтқан едім. Кабинетіне кірсем, Екібастұз қаланың бас сәулетшісі Жеңіс Қайдаров отыр екен. Қайрекең Жеңіске: — Жұмағали жаңа қазақ мектебін салу бойынша «Социалистік Қазақстан» газетіне «Екібастұзда қазақ мектебі қашан салынады?», қалалық «Заветы Ильича» газетіне «В своем доме не хозяева» деген мақала жария-лапты. Бұл кісі жоспарда бар орталықта салынайын деп жатқан 1200 орындық мектепті сұрап отыр. Меніңше, бұл — дұрыс емес. Бірінші, барлық қазақ балаларын бір орталыққа жинай аламыз ба, мектеп ішін толтыра аламыз ба? Күмәнім бар. Менің ойым, әуелі 320 орындық шағын мектеп және оның қасынан бассейні бар қазақ балабақшасын ашқан дұрыс болады. Кешенді оқу орны болар еді. Жеңіс, сен бұған қарайсың? Келіссең, құптасаң осы алдағы кешенді құрылыстың жобасын сызып бер, — деді. Жеңіс жоғарғы жақпен кесіп-пішілген жұмыс болса, мен дайынмын деді. Осының алдында ғана Павлодар облыстық салааралық құрылыс бойынша хатшы Красносельскиймен кешенді мектеп салу мәселесін келісіп қойғанмын. Ол кісі: — Қалай істесең де өзің біл. Мен сені қолдаймын, — деген сөзін алғанмын.  Қайрекең мұнымен ғана тынбай, тез арада кешенді оқу орнын салып бітіру үшін «Экибастузшахтастрой» комбинатының бас директоры Некрасовқа жоспарлы бір үйді салудан бас тартқызып, оның орнына жоспардан тыс тұрған 22 қазақ мектебін салуға бас мердігер болуға нұсқау берген. Мектепті салуға қаражатпен қамтамасыз етуге көмір бірлестігінің бас директоры Каландарашвили мен «Экибастузэнеро» ӨБ бас директоры Щукинді үлескер қылған. Мектеп Қайыржан Мерсадықұлының іскерлігі, жоқтан бар жасайтын комбинациясы арқылы салыныпты. Міне, осылайша, бүгінгі күнгі сырты жайнап, іші балаға толы қайнап жатқан Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мектеп дүниеге келген еді. Сол кездерде қырықтың қырқасынан асқан бойшаң, аққұбаның әдемі жігіт ағасы, қара шашын шалқасынан қайырып, алдындағы адамға адал пейілмен қарап отыратын Әбілтаевпен аз күнде танысып кеттік. Тіпті, орысша жазылған «В своем доме не хозяева» деген мақалама шұқшиғандарға орыс тілінде я здесь не вижу ничего криминального деп тоқтатқаны әлі есімде. Одан әрі 1989 жылдың қазан айының бас кезінде қалалық «Қазақ тілі» қоғамын құру құрылтайы өтетін болып, оны өткізу қалалық атқару комттетіне, Әбілтаевқа жүктелді. Қайрекең маған: — Давай, Жұмағали, сен маған ертерек қазақша баяндама жазып бер, Мен оқып дайындалайын, — деп тұр. Кеше кездескенде де, «Жұмағали, сен ұялма, дәл осылай жаз. Еңбегіңді ел білсін, не скромничай» — деп тиянақтап қойды.

Ұстазын үлгі тұтқан азамат

Қайыржан Мерсадықұлы ел басқарған, өзі тәлім алған, тәрбие көрген Түсіпхан Қасымжанов, Никифоров Геннадий Алексеевич сияқты тұлғаларды жиі еске алады.

— Өзімді айта отыра, өзгені қалай ұмытайын демекші, 1979 жылы қалалық партия комитетінде өндіріс бойынша инструктор болып жүрген кезім, бір күні қалалық партия комитетінің құрылыс бөлімінің меңгерушісі Қажымұрат Нағманов: — Қайыржан, «Экибас-тузшахтастрой» комбинатында партия хатшысы болып жүрген Даниал Ахметовті жұмысқа алсақ қалай қарайсың? Пысық жігіт көрінеді, — деді. Даниалдың өсу жолы осылай басталыпты. Даниал сенімді ақтады.  1981 жылы бірінші хатшы болған Никифоров Геннадий Алексеевичті айтпай кету күнә болар, — деп толғанады Қайрекең. Геннадий Алексеевич ірі кәсіпорын басшыларына  «сендер жергілікті кадрды көтеріңдер», — деп жиі ескертетін. Қала ортасында «Мәңгілік алау» монументін салу керек деп нұсқау берді. Биіктігі он метрден асатын салмақты найза тәріздес темір стелланы орнатудың жолын таба алмай уақыт өткізіп алдық. Ерлан, Даниал, мен оның қабылдау бөлмесінде отыр едік, Геннадий Алексеевич кіріп келді де: — Ех, ребята, а я то думал, что вы орлы, — деп өте шықты. Жұмысымызға көңілі толмағанын тұспал сөзбен жеткізді. Бір сөзбен жұмысқа құлшындырды. Геннадий Алексеевич Екібастұз қаласының көрікті, орнықты болуына ерекше еңбек сіңірді. Екібастұз қаласының көп қабатты үйлерінің ескі сериямен салынуына қарсы болды. Жаңа үлгідегі 97 серияны ұсынды. Сол ұсынысын іске асырды. Қайыржан Мерсадықұлы 80 жаста. Ол Екібастұз қаласының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбегі сіңген энергетигі, Энергетика ардагері, «Қала алдындағы ерекше еңбегі үшін» белгісінің иегері.

 

Жұмағали ҚОҒАБАЙ,

Екібастұз қаласының
Құрметті азаматы.