Қоғамда түйткілді мәселелер көп. Оның бірқатары адамның рухани құндылықтарын құлдыратып алуына байланысты туындап отыр. Осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы ауқымды жұмыс атқаруда. Осы орайда Ертістің Павлодар өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Тағанұлымен сұхбаттасқан едік.

— Қазір жұртшылық арасында «өмірдің басты мәні неде?» деген сауал жиі талқыланатын сыңайлы. Бұған қатысты не деп жауап берер едіңіз?

— Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Әйгілі ақын Рудаки бір өлеңінде:

«Өмір – теңіз!

Жүзем онда демеңіз,

ізгіліктен жасалмаса кемеңіз!» деп жырлайды. Шын мәнінде өмірді ізгі істерсіз елестету мүмкін емес. Көрнекті жазушы Баубек Бұлқышев: «Адам – өз өмірінің суретшісі. Ол өмірді сырлап бояуға, оған ажар-түр беруге, оны әшекейлеп, өрнектеуге еңбек етеді» деген екен. Расында біз өз өмірімізді өнегелі істермен, ізгі амалдармен өрнектеуіміз керек және осы жолда талмай табанды түрде еңбектенуіміз қажет.

— Қоғамда түрлі келеңсіз жағдайлар орын алып жататыны жасырын емес. Өзара жақсы қарым-қатынаста болуы үшін әр адам бойында қандай қасиеттер болуы қажет?

— Шынайы мұсылманның іс-әрекеті мен мінез-құлқы иман-дылыққа, адамгершілік принциптерге негізделеді. Алла Тағала Құран Кәрімде, «Нахыл» сүресінің 90-аятында «Шын мәнінде Алла әділетті, игілікті және туыстарға қарайласуды бұйырып, арсыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды» деп адамзат баласын ізгілікке шақырған. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен көркем мінезді кемелдендіру үшін жіберілдім» деп, ислам дінінің негізгі мақсаты адамзат баласын көркем мінез-құлыққа тәрбиелеу екенін баяндаған. Жүсіп Баласағұн бабамыз «Кісіге екі дүниеде пайдалы – ізгі іс немесе мінезі түзулік» деген. Ислам дінінде мұсылман баласын ізгілікке, адамгершілікке жетелейтін көптеген асыл қасиеттер бар. Атап айтар болсақ, шынайы мұсылман –
дін талаптарына бекем, жүрегі таза, рухани тұрғыдан жан-жақты жетілген тұлға болуы тиіс.

– Өкінішке қарай, қоғамнан өз орнын таба алмай, адасып жүрген жандар бары белгілі. Осы ретте тұлға болудың алғышарты неде екенін айтып берсеңіз…

— Тұлға болудың алғышарты – имандылық. Имандылық дегеніміз – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін рухани жол. Ол — адам бойындағы ізгіліктің көрінісі. Алла Тағала жіберген әрбір пайғамбардың міндеті имандылыққа шақыру болған. Мұсылмандық дүниетаным бойынша, имандылық – иман келтірген адамға бітетін көркем мінез. Қасиетті Құран кәрімде, «Нахыл» сүресінің 97-аятында: «Ер немесе әйел кісіден кім иман келтірген бойда түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен де жақсырақ сыйлық береміз деген.

— Қазіргі уақытта ата-аналар бала тәрбиесіне көп алаңдайды. Жалпы, тәрбие ісінде не маңызды?

— Ислам діні барлық саланы қамтыған. Соның бірі – мәдениеттілік. Мәдениеттілік көркем мінезділік пен әдептілікке негізделеді. Қоғамдық ортада мәдениетті болу, өзін ұстай білу, үлкендерді сыйлау, оларға құрмет көрсету, сәлемдесу, сыпайылық таныту – рухани байлықтың көрсеткіші. Қазақтың қанға сіңген дәстүрі бойынша кісіні сыйлау, құрметтеу –
әрбірімізге міндет. Бабаларымыз баланы бесігінен-ақ жақсы әдептерге баулыған. Ислами әдепті бойына сіңіру арқылы әрбір мұсылманның мәдениеттілігі артады. Әдептілік ғұмырды ұзартып, берекеге кенелтеді. Абай атамыз: «Адамның адам-шылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп, мәдениеттіліктің мәнін ашып көрсеткен. Адамдар әлеуметтік ортада өмір сүргендіктен, бірқатар қоғамдық тәртіп ережелеріне бағынуы тиіс. Айналаны таза ұстауы, қоғамдық орындарды ластамауы, сондай-ақ өзгеге зиян келтірмеуі тиіс. Яғни әрбір мұсылман қоғамдық ортаның әдебінен аттамай, басқа адамдардың ренішін туғызатын іс-әрекеттен аулақ болғаны жөн.

— Еліміздің тыныштығы аса маңызды. Осы орайда ізгі қоғам құрудың мәні зор. Оған қалай қол жеткізуге болады?

— Ізгі қоғам құру үшін біз ең әуелі сөзімізді түзеуіміз керек екенін баса айтқым келеді. Өйткені тіл бұзылса, адамның барлық ағзасы бұзылады. Бұған қатысты Хазреті Әли (р.а.): «Тіл дұрыс болса, өзге мүшелер де дұрыс болады. Тіл бұзылған кезде, өзге мүшелер де бұзылады. Аз сөйлеген адам тыныштық табады, қауіпсіздікте болады» деген екен. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) «Жақсы сөйле немесе үндеме» деген хадисінде үлкен мән жатыр. Осы ретте халқымыздың ардақты ұлдарының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының: «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің мінезіңе айналады. Мінезің – сенің тағдырың», деген сөзі еріксіз ойға оралады. Демек, адамның сөзі – оның тағдыры. Алла Тағала ісіміз бен сөзімізді түзеп, қоғамға пайдалы мұсылмандардан болуымызды нәсіп еткей!

— Жақсылыққа асық болып, жамандықтан қашық болу қажеттігін білгенімен, іс жүзінде басқаша әрекет етушілер бар. Бұған не айтар едіңіз?

— Тақуа адам теріс жолға ешқашан аяқ баспайды. Тақуалық сөзі «аз сөйлеу», «сақтау», «қорғау», «әдепсіз әдеттерден, зиянды нәрселерден аулақ болу» деген ұғымға саяды. Шариғи мағынасына келсек, «күнәлі істерден сақтану, ұятты амалдан алыс болу, Алла Тағалаға бой ұсынып, өзіне және өзгеге жақсылық жасау» деген мағыналарды білдіреді. Күнә мен қателікке ұрындыратын істерден сақтану – тақуалықтың белгісі.  Әбу Һұрайра (р.а.) деген сахаба тақуалық туралы сұраған кісілерге: «Тақуалық күнә мен қателіктерден сақтану» деген екен.

— Керек кезде уәдені үйіп-төгіп, артынан оны орындаудан басын ала қашатын адамдар жайлы не айтар едіңіз? Жалпы, уәдеге берік болудың мәнісі неде?

— Уәдеде тұру – мұсылман бойында болуы тиіс асыл мінез-дердің бірі. Ардақты Пайғам-барымыз Мұхаммедтің: «Уәдесі жоқтың діні жоқ» деген хадисі көп нәрсені меңзеп тұр. Бұл хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.) уәдеге берік болу мәселесін дінді ұстанумен теңестіріп отыр. Уәдеде тұру – ер азаматқа тән мінездің бірі. Бұл – жігіттің жігіттігін айқындайтын сипат. Жиі уәде беріп, оны орындамайтын адамның қадірі де, қасиеті де қашады. Ғалымдарымыз: «Уәдені бұзу – ер азаматтық сипатты опат қылады» деген. Алла Тағала Құранда, «Исра» сүресінің 34-аятында: «Уәдені орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады» деп ескерткенін ұмытпауымыз қажет. Уәде орындалса, қоғамда ізгілік салтанат құра бастайды.

— Қазіргі уақытта адамның болмысын қандай қасиетіне қарап бағалауға болады?

— Шын мәнінде, адам баласы үшін тілден асқан дос, тілден асқан дұшпан жоқ. Адамды абыройға бөлейтін де, ұятқа қалдыратын да – тіл. Ең бастысы, сөздің жауапкершілігін түсіну қажет. Өкінішке қарай, қазір қоғамда көргенімізді емес, естігенімізді айта беретін хәлге жеттік. Қазір біреуге өтірік айта салу, жала жабу, ғайбат сөйлеу, көп сөйлеу, сөз таластыру, дауласу, өсек айту, т.б. жаман әдеттер жиі көрініс табуда. Бұл жаман әдеттер қоғамды дамытпайды. Өйткені, адамның тілі дұрыс болмаса, оның жаны да, тәні де, өмірі де дұрыс болмайды.

— Өкінішке қарай, кейбір тепсе, темір үзетін жігіттер отбасын асырай алмай жүргенін көріп жүрміз. Он екі мүшесі сау адамның аянышты хәлге түсуінің себебі неде? Бақыттың кілті неде?

— Адам баласы бақытсыздыққа тап болса, оны жалқаулығынан табады. Жалқаулық – адам баласының қас жауы. Хәкім Абай 38-қара сөзінде: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады», дейді. Яғни, ислам діні мұсылманды игі істе белсенді болуға шақырады. Ғалымдарымыз: «Иман белсенді болудан тұрады. Ал имансыздық жалқаулыққа итермелейді» деген. «Жігіттің еріншегі жаман» дегендей, өміріміздің соңғы сәтіне дейін жалқаулықпен күресуіміз керек. Жалқаулықпен күрескен адамның қашан да қарны тоқ. Еңбекқор, белсенді адам қоғамды қашан да ілгері сүйрейді.

— Қазіргі уақытта құмар ойынға салынып, соның зардабын тартып отырған адамдар аз емес. Қоғамның дертіне айналған осы кеселден құтылудың жолы қайсы?

— Асыл дініміз Исламда тыйым етілген істердің бірі – құмар ойын ойнау. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәйда» сүресі, 90-аятында: «Уа, иман келтір-гендер, арақ-шарап, құмар, табынуға арналған пұттар және жебелермен бал ашу — шайтанның амалынан саналатын лас істер. Ендеше мақсат-мұрат-тарыңа жету үшін одан аулақ болыңдар», – деп айтқан. Ақша тігілетін құмар ойындар адамды бекер үмітке тәуелді етеді. Мұндай рухани дертке шалдыққан адам еңбек етпей, оңай олжаға кенелдім деп қуанып тағы да ертең ұтамын деп алданып, келесі кезде ұтылып, қарызға белшеден батып, өмірінің негізгі мәнін жоғалтады. Соңынан орны толмас өкінішке тап болып, мұқтаждық хәлге түседі. Өмірде көп кісілерді көрдік. Медресе оқыған кейбір жастардың өзі құмар ойынға байқамай түсіп, кейін имандылықтан ұзақтап, азып-тозып кеткенін көрдік. Сондықтан ұл-қыздарымыз барынша осындай құмар ойыннан сақ болса дейміз.

— Қазір ересектер де, жастар мен балаларда әлеуметтік желіге жіпсіз байланып, алтын уақытын ғаламтордың шырмауында босқа сарп етуде. Кейін сан соғып қалмау үшін, уақытты қалай пайдаланған дұрыс?

— Әр уақытты есепке алу керек. Көп уақытты босқа өткізбей, жақсы іске көп жұмсайтын болсақ, көптеген игілікке қол жеткіземіз. Әр еңбектің артында рахаты болады. Адам өзінің ойын тәрбиелеумен айналысуы керек. Сонда адам еңбегінің зейнеті алдынан шығады. Мұның бәрі — менің сөзім емес. Алланың, Пайғамбардың, ғалымдардың сөзі, ата-бабаларымыздың өмірлік тәжіриесінен алынған сөздер. Бүгінде егемендікке ие болып, ұлттық құндылықтарға қайта қол жеткіздік. Бұл – үлкен бақыт. Осы бақыт баянды болуы үшін маңдай тер, адал еңбек қажет, білім мен ғылым керек. Әр адам өз саласында адал еңбек сіңірсе, еліміздің дамуына үлес қосады. Мәселен, имамдардың міндеті елдің бәрін молда қылу емес, халықты имандылыққа баулу. Рухани өрлеу үшін халықты ізгілікке насихаттайды. Әрқайсымыз Алланың берген нығметіне шүкір етіп, еңбектенуіміз қажет. Әл-Фараби бабамыз айтқандай, «Тәрбиесіз алынған білім – адамның қас жауы». Қандай деңгейге жетсек те, қарапайым, кішіпейіл болып, адамдар бірін бірі сыйлауы керек… «Қожа Ахмет Яссауи бабамыз: «Хаққа қызмет ету халыққа қызмет етуден басталады», дейді. Яғни, Аллаға қызмет ету адамға қызмет етуден басталады. Ол үшін барынша қарапайым, кішіпейіл, мейірімді болу қажет. Бір-бірімізді сыйласақ, ізгілікке, жақсылыққа жетеміз.

— Қоғамда жиі айтылып жүрген орамал мәселесіне қатысты пікір білдірсеңіз…

— Орамал жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдемесін жариялады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы орамал мәселесін дін мен дәстүр сабақтастығы аясында шешуді ұсынады. Елімізде әртүрлі түсініктегі адамдар бар. Біреуі қолдайды, біреуі қарсы болады. Сондықтан әрқашан халқымызды сабырлылыққа шақырамыз. Бұл мәселені реттеуге өз тарапымыздан әрекет жасап жатырмыз. Алла қаласа, шешіліп қалар деген үміттеміз. Елімізде көптеген медреселер, білімді ұстаздар бар. Уақыты келгенде бұл мәселенің де шешімі болар. Жалпы, орамалды саларда халқымыздың салтына сай, ұлттық құндылықтардың сақталуына мән беру қажет. Кейбір қарындастарымыз киім кию үлгілерімен айналасындағы адамдарды шошытып алып жатыр. Сондықтан осы мәселеге ерекше мән беріп, халықты дүрліктірмей, көңілге қонымды түстерді таңдаған абзал.

— Оқырмандарымызға айтар тілегіңіз…

— Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай. Алла Тағала еліміздің ертеңі – жастарымызды жамандықтан аман еткей. Әмин!

— Тұшымды сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан – Т.ӘБІЛДА.