Павлодарда балалар кардиохирургия бөлімшесі қайта ашылады. Кардиоорталық әзірге кішкентай науқастарға шұғыл көмек көрсетумен шектеліп отыр. Жүрегінде ақауы бар балаларды жоспарлы негізде емдеуге арналған бөлімшені ашу мүмкіндігі жан-жақты қарастырылуда.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық кардиоорталықтың кардиохирургия бөлімшесінің кардиохирургі Думан Изгуттинов мәлімдеді.

– Болашақта ауруханада жоспарлы операцияларды қажет ететін науқастарды емдеуге арналған балалар бөлімшесін ашуды көздеп отырмыз. Әзірге шұғыл көмекпен шектеліп отырмыз. Мұндай жағдайлар сирек кездеседі. Десек те, шала туған нәрестелерге хирургиялық емдеу жүргізу қажет. Сондықтан балалар кардиохирургиялық бөлімшесінің қызметін қайта жаңғыртуды жоспарлап отырмыз, – деді Думан Ержанұлы. Бөлімше жұмысын жандандыру үшін кардиоорталыққа саланың білікті мамандары тартылмақ. Дүниежүзілік жүрек күніне орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында жүрек ауруларының алдын алу шаралары туралы айтылды. Кардиолог мамандар ашуға ерік бермей, жаман әдеттерден аулақ болудың маңыз-дылығын атап өтті.

– Жүрек – адам ағзасының күрделі әрі маңызды мүшесі. Сондықтан тұрғындар міндетті түрде жыл сайын скринингтен өтіп, кардиограмма және жүректің ультрадыбыстық талдауын жасату керек. Жалпы, жүрек жұмысының бұзылуына артериялық гипертензия, артық салмақ, қозғалыстың аздығы, жаман әдеттер және тағы басқа жайттар әсер етеді, —
деді Думан Изгуттинов. Облыстық кардиологиялық орталық сапалы, білікті қызмет көрсететін медициналық нысандар қатарында. Биыл науқастардың жүрек ауруларын емдеп, екінші өмір сыйлаушы кардиологиялық орталықтың құрылғанына – 10 жыл. Осы уақыт аралығында орталықтың білікті мамандары 50 мыңға жуық науқасты емдеген. Оның 20 мыңы хирургиялық ем алса, 7 мыңнан астамына ашық жүрек отасы жасалған. Орталық Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының екі миллионнан астам халқына қызмет көрсетеді.

— Жақында павлодарлық дәрі-герлер жас науқастарға «Росс операциясын» жасай бастады. Ол қолқа қақпақшасының ақауларын хирургиялық емдеудің «алтын стандарты» болып саналады. Отадан кейін науқастарға ешқандай антикоагулянттық терапия қажет емес. Олар спортпен де шұғылдана алады, — деді кардиохирургия бөлімшесінің кардиохирургі Виталий Березуцкий. Мамандардың айтуынша, биыл кардиохирургтер осындай екі күрделі ота өткізген. Жүрек орталығында клапандарға шағын инвазивті оталар да жиі жүргізіледі. Мәселен, 2017 жылдан бастап осындай 11 ота жасалған.

 

Өз тілшіміз.