Облыстық мәслихаттың кезекті V сессиясы өтті. Алқалы жиында аймақтың басты бюджеті нақтыланып, бекітілді. Облыстық бюджетке биыл осымен үшінші рет толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп отыр. Себебі, кейбір жағдайларға байланысты шұғыл шешім қабылдау қажет болды. Сессия отырысына облыс әкімі Асайын Байханов қатысты.
Жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук нақты қандай өзге-рістер енгізілгенін баяндады. Айтуынша, нақтылау кезінде Екібастұз қаласында жылу желілеріне жөндеу жүргізуге, тұрғындарды баспанамен қамтуға, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға және өзге де өзекті мәселелерді шешуге қазына қаражаты қосымша бағытталмақ. Тиісті жұмыстарды сапалы атқарудың нәтижесінде бюджеттің кіріс бөлігі 1,3 млрд теңгеге ұлғайыпты. Сонымен қатар, шығындарды ішкі оңтайландыру және мемлекеттік сатып алулардан үнемдеу көлемі 5,7 млрд теңгені құраған. Облыстық бюджеттік комиссияға әкімші органдардан 9 млрд теңгенің өтінімі түскен. Өтінімдерді қарасу кезінде мамандар алдымен облыстық бюджеттің қаржылық мүмкіндіктерін, биыл ол жобалардың орындалмай қалу қаупін және жобалардың маңыз-дылығына мән берген. Нәтижесінде 8,1 млрд теңгенің өтінімі қолдау тапқан. Яғни, бұл қаражаттың басым бөлігі, нақтысы 5,3 млрд теңге аймақтың инфрақұрылымын дамытуға жұмсалмақ. Атап айтқанда, жылумен, сумен қамту, жолдарды жөндеу және баспанамен қамтуға бағытталады. Басқар-маның мәліметіне сүйенсек, бұл қаражаттың 2,3 млрд теңгесіне тұрғындардың әлжуаз топтарына арнап Павлодар қаласында жыл соңына дейін 198 пәтер сатып алу үшін бюджеттен қарастырылып отыр. Сонымен қатар, 711,7 млн теңге Екібастұз және Павлодар қалаларында несиелік екі тұрғын үй құрылысына жұмсалмақ. Кеншілер шаһарында үйдің құрылысы биыл аяқталса, облыс орталығындағының құрылысы енді басталады. Облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко биыл аймағы-мыздағы тұрғын үй құрылысының қарқыны жайында сұрады. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиевтің айтуынша, бюджет қаражаты есебінен бүгінде 17 тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Бұл — 3200 пәтер. Олар жыл соңына дейін қолданысқа берілмек. Одан бөлек, қазына қаржысына аудандардан 100-ден астам пәтер сатып алу жоспарланған. Облыс әкімі Асайын Байханов әлеуметтік әлжуаз топтарды жалдамалы пәтерлермен қамту мәселесінің өзекті екенін атап өтті.
— Әлеуметтік пәтерлермен қамту — айтарлықтай күрделі мәселе. 26 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр, олардың 18 мыңы — облыс орталығында. Әрбір ауданда 100-300 адам баспанаға мұқтаж. Бұған дейін жылына берілетін жалдамалы пәтерлер саны 200-ден асқан емес. Биыл 600-ден астам пәтер берілмек. Үш есеге артық. Сонда да жеткіліксіз. Осы бағытта облыстық мәслихат депутаттарының қолдауына алғыс білдіреміз. Аудандарда инвесторлардың салған дайын үйлерін сатып алу жолын таңдап отырмыз. Әйтпесе, мемлекеттік тапсырыс арқылы жауапсыз мердігерлерге жолығып, жылдар бойы құрылыстың аяқталуына тап болып жатырмыз. Мақсатымыз – бір, сондықтан халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында бірлескен жұмысы-мызды жалғастырамыз, — деді облыс әкімі. Бюджетті нақтылауда Екібастұздағы жылу желілерін жөндеу жұмыстарын қаржыландыруды одан әрі жалғастыру мәселесі ескерілді. Бұл мақсатқа қосымша 2 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, Чернорецк ауылын сумен қамту жобасына, Павлодардағы әуежайды қосымша субсидиялауға, Шарбақты мен Май аудандарында көшелерді жөндеу жұмыстарын аяқтауға да қаржы қарастырылды. Сонымен бірге шаруаларға малдың жем-шөбін әзірлеуге қосымша 1 млрд теңге бөлу көзделген. Бұл сома шамамен 150 мың тонна мал азығының құнын арзандатуға бөлініп отыр. Аймақ басшысы аталмыш қолдаудың аса қажет болғанын атады. Биылғы қуаңшылықтан мал азығының бағасы шарықтап кеткен. Бұған дейін 2 млрд теңге бөлініп, сұраныстың жоғары болуынан толық игерілген. Сондықтан тағы қосымша қаражат қажеттілігі туындаған. Қосымша қаржы 1,5 мың шағын фермерге қолдау болмақ. Бюджеттен бөлінген 400 млн теңге кәсіпкерлікті қолдауға, нақтысы, 133 жаңа жобаның несиелерін субсидиялауға жұмсалмақ. Одан бөлек, әлеуметтік сала мәселелеріне де қосымша қаржы қарастырылған. Осылайша, облыстың нақтыланған бюджет көлемі 438,3 млрд теңгені құрады.
Г.МАҒЖАН.