Еліміздің басына сор боп жабысқан ашаршылық, нәубет жылдары халқымыздың кенедей қырылғаны — шындық. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, ашаршылық қазақ даласына 1929 жылы жеткен. Сол кезде миллиондаған адам қырылған. «Жұт жеті ағайынды» демей ме халқымызда. Ел есін жимай жатып 1932 жылы қайталанған. Бұл жолы алғашқыдан еселеп адам шығыны болған. Шолақ белсенділер бірін-бірі «түртпектеп», біраз уақытқа дейін қудалау тоқтамаған. Ай мен күннің аманында айдалып кете барғандардың бірі – Алқакөлдің соңғы болысы Жүсіптің Иләлі.

 

Мен — сол Иләлдің туған жиенімін. Жиырмасыншы ғасыр басындағы Алқакөл болысын басқарған. Ауылдың бұрынғы үлкендерінен нағашы атам жайлы көп естігенбіз. Кейіннен тарих ғылымдарының докторы, марқұм Қырықбай Алдабергеновтің зерттеу материалдарынан біраз дерек алғанымыз бар. Адрагер журналист Төлеубек Қоңыровтың бірнеше мақаласы облыстық «Saryarqa samaly» газетінде жарияланды. Бүгінгілерден өлкетанушы Қайыргелді Ақылбектегі деген ақсақалдың Иләл туралы айтары бар. Кезінде ол кісінің болыс болып тағайындалуы туралы мақаласы да бұқаралық ақпарат беттерінде жарық көрген. Иләлдан Садырағзам, Бөкейхан, Мұхтар атты ұш ұл, Балшекер, Оралша және Райхан атты қыздар тараған. Бүгінде менің анам Оралша ғана қалды. Барша туыс Дәділім атап кеткен Садырағзам нағашымыз соғыстан оралмапты. Бөкейхан мен Райхан нағашыларым ертеде қайтыс болғандықтан, мен ес білгелі шешемнің ет-жақын туысынан танығаным Мұхтар мен Балшекер болды. Жұртшылық менің анамның есімі не мағына береді деген сауалды жиі қоятын. Содан мән-жайды анамның өзінен сұрадым. Балалықпен байқамаған да шығармын, менің сауалым анамның жан жарасын «тырнағандай» бір күрсініп алды да, өзі айтып берді. Оқиға 1937 жылдың басында болған екен. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақ даласында Сталиннің солақай саясатын жүргізіп, мыңдаған адамды жазықсыздан-жазықсыз қуғынға ұшыратқан Голощекин салған зобалаңның зардабынан ел есін жия алмай тұрған шақ. Кейбір деректерде, Үкіметтің лаң қып салған қатал заңының озбырлығы сол, 1933 жылға дейінқазақ даласында болған 40 миллион малдың, 1933 жылдан кейін 15 миллионы ғана қалған. Ал 1929 жылғы аштықтың салдарынан 123 300 000 дихан шаруашылығының саны 1936-1937 жылдары 56 500 болып қалған екен. Ауылдастарының мүшкіл халі Илекеңді де алаңдатпай қоймайды. Қырманда қамбаға түскен дақылдың өзі шамалы шақ. Жалақтап тұрған Үкімет бір дәнін қалдырмастан тартып алады. Ел-жұрт маңдай терімен келген нәпақаның қызығын көре алмайды. Күн ұзақ жұмыстан шаршап келгенде үйдегі аш-жалаңаш балаларына қағажу етер түгі жоқ отбасылар аз болмаған. Содан Иләл атам қарамағындағы жұмыскерлеріне «ешкім байқамайтындай етіп қалталарыңа бидай салып алып, үйдегілеріңе қуырып беріңдер» деген заңсыз қадам жасайды. Кезінде нағашы атамды көзі көргендердің айтуына қарағанда Иләл өте ақылды, сөзге шешен, әділдікті ту еткен, сабырлы жан болыпты. Алайда, қай қазаққа болсын тән аңғалдықтан да кенде болмаған ғой. Жұртына жанашырлық жасаған әрекетін біреулер «жоғарыға» бұрмалап жеткізіп, мемлекет қазынасын талан-таражға салып жатыр деген қауесет жеткізіп жібереді. Балалықпен мән бере қоймадық қой. Әйтпесе кезінде бастары қосыла қалса, осы әңгімені ауылдың абыз ақсақалы болған Сауыт, Мұхтар нағашыларым, ақын Қимадиден Нығыманов, Балшекер, Көкеш, Алтын, Бадиға, Дәкен апаларымыз жиі айтып отыратын.

…Күндердің бір күнінде алаңсыз үйде отырған жерінен үстеріне әскери киім киген екі-үш адам кіріп келіп: Сіз «халық жауысыз», деп әй-шәйға қаратпастан Иләлдің қолына кісен салады. Өзінің жұмысына адалдығын білетін ол еш қобалжымастан артына бұрылып екі-ақ ауыз сөз айтуға мұрсат беруін сұрапты. Бәйбішесі Шәйімнің айы-күні толып отырған болса керек. «Алланың көзі дұрыс, мен аман-есен оралармын. Егер бәйбішемнің жаны қалып ұл бала көрсе — атын Оралбек, қыз бала көрсе — Оралша қойыңдар. Тілеулес болып жүрсін» деуге ғана шамасы келген екен. Көп ұзамай 1937 жылдың маусым айында Шәйім бәйбіше өмірге менің анамды әкеледі. Елдегі ағайын-туыс ырымдап Илекеңнің өтініші бойынша сәбиге Оралша деп ат қояды. Бұл сол «қылышынан қан тамған» саясаттың қазақ зиялыларын кезекпен-кезек қорғасын оққа байлау, көзі ашық, көкірегі ояу жандарды «халық жауы» деген желеумен сұрақсыз лагерьге айдау заманы ғой. Иләлдің арнайы білімі болмаған. Бірақ өз бетімен іздену нәтижесінде сауатты, орыс тілін еркін меңгерген, заңды жақсы білген адам екен. Тоталитарлық жүйенің құрған қақпанына қарсы әрекеттер жасап, өзінің ар алдында адалдығын дәлелдеп, сол жылдың аяғында аман-есен елге оралыпты. Міне, анамның есімі жайлы тарих осындай. Жазықсыз жазаланып, жапа шеккен азаматтарды кез келген қазақ ауылынан табасың. Кеңестер Одағы құрамында болған елімізде 1937-1939 жылдар аралығында қазақтың бас көтерер зиялысының көпшілігі қуғын-сүргін құрбанына айналды. Сол кездегі қатыгез саясат нәтижесінде қуғын-сүргінге ұшырағандардың жақындары да жапа шекті. Зерттеушілер деректеріне сүйенсек, осы кезең аралығында бір ғана Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Сол жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған. Тағы сол тарихтың ақтаңдақ беттерін қопарсаң, 1930-1953 жылдар аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған екен. Еліміз өз алдына дербес мемлекет болып шыққаннан кейін 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Араға төрт жыл салып 31 мамыр — саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленуі туралы Қазақстан Республикасы Президентінің қаулысы қабылданды. Қарап отырсақ, содан бері де отыз жылдай уақыт өтіпті. Алайда «тар жол, тайғақ кешіп, ұлтының қамы үшін мұз жалап, от кешкен» зиялылардың ұрпақтарына зобалаң жылдар салған салқын сызаты жүректерден мәңгі өшер емес.

Жұмабек Сманов.