Естеріңізде ме, алғаш электрондық-цифрлық қолтаңба шыққанда көпшілік таңданды. Қалай алып, қалай қоярын білмей абыр-сабыр болды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, кезек күтіп, алған қолтаңбаны сақтайтын флешка тасып, бір әбігерге түсетін. Дәл осы қолтаңбасыз бүгінде бірде-бір ісіңіз бітпейді. Енді, міне, цифрлық технологияның қарқынды дамуы электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алуды да оңайлатып, онлайн түрде қолға түсіруді ойластырып берді.
Екі жылға жуық уақыт ішінде аймақ тұрғындары қызметтің бұл түрін айтарлықтай меңгеріп алыпты. Дегенмен, егде жастағы азаматтар әлі де флешкасын алып, халыққа қызмет көрсету орталықтарының көмегіне жүгінеді. Кейбір жандар әлі де ЭЦҚ алу үшін міндетті түрде дербес компьютер немесе ноутбук қажет деген ойда. Алайда, бүгінде қолдағы ұялы телефонмен де ЭЦҚ рәсімдеп алуға әбден болады. Кей азаматтар өзі білмеген соң өзгенің көмегіне жүгініп жатады. Осы ретте, Павлодар қаласының №2 халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім маманы Досбек Байроннан бір кезі ұзын-сонар кезекпен тындырылатын шаруаның бүгінде үйде отырып-ақ оңай атқарылатын жолын сұрап едік. Орталық маманы қарапайым тілмен біздің оқырмандарға түсіндіріп берді.
— Алдымен ноутбук немесе дербес компьютер арқылы қашықтықтан алу жолын айтайын. Ол үшін компьютерге немесе ноутбукке NCA layer арнайы қосымшасы жүктелуі тиіс. Бұл қосымша электронды қолтаңбаны таниды. Кейін кез келген мемлекеттік қызмет алу үшін де осы қосымша қажет. Egov.kz сайтынан Сервистер бөліміндегі «ЭЦҚ-ны қашықтықтан алу» қызметін басу керек. Содан соң онлайн өтінім беруді басасыз. Жеке тұлға немесе заңды тұлға дегенді таңдайсыз. Тұрғындар жеке тұлғаны таңдағаннан кейін өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізеді де, өтінім беруге өтеді. Өтінім берілгеннен кейін Digital ID сайтының интерфейсі шығады. Онда әркімнің 1414 бірыңғай мобильді азаматтар базасында тіркелген телефон нөмірімізді тереміз. Сол нөмірге алты таңбалы sms-хабарлама келеді. Осы код арқылы сіз электрондық қолтаңбаның кілтін өзіңіз алып жатқаныңызды растайсыз. Бұл — киберқауіпсіздік үшін қажет қадам, — дейді Досбек Дүйсенбекұлы. ЭЦҚ-ны алу үшін бейнекамераның болуы шарт. Өйткені, рәсімдеу кезінде Digital ID бағдарламасының ішіндегі Face ID жүйесі арқылы азаматтардың бет-әлпеті танылады. Камераға рұқсат берілген соң арнайы нұсқаулыққа қарай талаптарды орындауыңыз қажет. Яғни, бетіңізді алыстату немесе жақындату қажет болса, соны толық орындағанда бағдарлама бет-әлпеттің танылғанын білдіреді. Осы талапты орындаған соң ЭЦҚ кілттерін беретін ұлттық куәландыру орталығынан сіздің қолтаңбаңыз қолыңызға түседі. Нақтысы, арнайы бума құрып, соған сақтап аласыз. Паролін енгізесіз. Пароль ағылшын тілінде жазылуы тиіс. Парольде бір бас әріп, бір кіші әріп және сандар немесе таңбалар болуы қажет. Пароль енгізілгеннен сертификаттарыңыз сәтті орындалғаны туралы хат келеді. Осымен цифрлық қолтаңба дайын, Egov.kz сайтынан кез келген қызмет түрін алуға жол ашық. Бұл ноутбук немесе компьютер арқылы қашықтықтан қолтаңбаға қол жеткізу болса, енді ұялы телефонмен лезде алуды айтып өтсек.
— Алдымен телефоныңызға Egov Mobile мобильді қосымшасын жүктейсіз. Қосымшаға кірген соң авторизация бөліміне басасыз. Сол кезде «ЭЦҚ кілттерін шығарту» деп тұрады. Осы батырмаға бассаңыз, ары қарай компьютерде және ноутбукта істегендей амалдарды қайталай бересіз. Тек телефонда бір айырмашылығы сізден жеке мәліметтеріңізге, жеке куәлігіңізге рұқсат сұрайды. «Иә» деп жауап беру арқылы алға жүресіз. Содан соң сізге пароль ойластыру қажет болады. Ол пароль жеңіл 4 таңбалы болуы тиіс. Яғни, кез келген уақытта жылдам кіруге мүмкіндік беруі қажет. Одан бөлек, телефоныңыздың мүмкіндігі болса, Face ID (бет-әлпетті тану) немесе Touch ID (саусақты тану) арқылы кіруді орнатуыңызға да болады. Бұл да қауіпсіздік үшін маңызды, — дейді Д.Байрон. Жүйеде тұтынушылардың кілттері қолды болмауы үшін барынша қауіпсіздік жасалған. Дегенмен, әккі адамдар ЭЦҚ кілттерін алғанын аңғарсаңыз, бірден ұлттық куәландыру орталығы сайтындағы жеке кабинетіңізге кіріп, бұрынғы кілттеріңізді қайтарып алу немесе олардың заңды күшін жою жолы қарастырылған. Мұны да қашықтықтан жасауға болады. Естеріңізге сала кетейік, ЭЦҚ бір күнтізбелік жылға беріледі. Осы мерзімге дейін немесе кейін жаңасын жасауға болады. Демек, жыл сайын істелуі тиіс қызметті халыққа қызмет көрсету орталығы бармай-ақ алыстан ала салу кім-кімге де тиімді, уақытына үнем. Маманның айтуынша, тұрғындардың басым бөлігі осы онлайн түрде алудың ұтымдылығын ұғынған. Орталыққа тек егде жастағылар келіп, көмекке жүгінеді. Жастар жағы Egov Mobile-ді жіті меңгеріп алған. Оңтайландырылған тағы бір қызмет түрі – ол қашықтықтан тұрақты тіркеуге тұру. Бұрын азаматтар тіркелетін үй иесімен бірге халыққа қызмет көрсету орталығына баруы керек-тін. Қазіргі таңда қос тарап та ешқайда бармайды. Тіркелетін азамат өтінім береді, ал үй иесі екінші жағынан электронды өтінішті қабылдаса болғаны. Бұл — ең көп көрсетілетін қызметтердің бірі екен.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.