Қазақстан деген елдің әлем картасында пайда болғанына, дербестік декларациясы қабылданып, егеменді ел болып, етек-жеңімізді жиғанымызға да үш он жылдықтан асты. Республика күні десек, алдымен санамызға «егемендік» ұғымы сақ ете қалады. Себебі, дәл осы құжаттың қабылдануы — қазақ қолына тәуелсіздікті ту етіп ұстаған тарихи сәті. Осылайша, ешкімге бағынбайтын, өз билігі өзінде, әлем елдерімен иық тірестіруге талпынған тәуелсіз мемлекетке айналдық. Иә, егеменді ел болу — бір бақыт, ал оны нығайта түсу, іргесін бекітіп, керегесін кеңейту әрбір азаматтың мойнына үлкен жауапкершілік жүктеді. Міне, біздің бүгінгі кейіпкеріміз — егемен елдің дамуына қолғабыс жасауға алғашқы жылдардан-ақ қамданған, әлі күнге дейін аянып қалмаған арда азамат, қоғам қайраткері Жұмабек Қамзин. Көпшілік аймағымыздың рухани жоқтаушысы санап кеткен, сөздің емес, нақты істің адамымен аз-кем тілдесіп, сұхбат құрған едік.
— Жұмабек Жөкенұлы, Республика күні ортамызға Ұлттық мереке болып қайта оралды. Кей азаматтар бұл күннің мән-маңызына тереңдей бермейтіні рас. Сіз үшін бұл мерекенің орны қандай?
— Ең қастерлі мереке дер едім. Бабаларымыз ғасырлар бойы осы егемендікті аңсады емес пе?! Басымызға қонған бағымыз – бұл. Бақты бағалай білмесек, оның қадірі кетеді. Бағымыз деп айтып отыра бермей, әрекет әркімнен болуы тиіс. Жастар да, орта буын да, аға буын да ортақ істе іркіліп қалмағаны жөн. Егемендік жылдары іске асқан іргелі жобалар аз емес. Алысқа бармай-ақ қояйық. Мысалы, Павлодардағы «Қазақстан электролизі» зауытындай алып кәсіпорын сайын далада бой көтерді. Бұл өндірісті майталман металлургтер жарты ғасырдай уақыт армандады. Жоғары технологиялы өндірісті қысқа мерзімде салып шықтық. Қазақ болып көтердік. Қазір әлемде 130-дай алюминий өндіретін зауыт бар. Біздің зауыт солардың алғашқы ондығына кіріп отыр. Өнімінің сапасы жағынан осылайша жүздеген кәсіпорынды озды. Мұндай мәртебеге кім жетіп отыр? Қазақ елі. Жетістік, егемендіктің жемісі емес пе?! Электролиз зауыты салынғанда бағымызға қарай істің адамы Алмаз Ибрагимов келді. 27 айдың ішінде әлемде теңдесі жоқ өндірістің бірінші кезегі іске қосылды. Бес жыл ішінде жобалық қуатына шықты. Мынаны айтайыншы, егемендікке дейін алып кәсіпорындардың бірінде 7,5 мың адам еңбек етсе, соның 7 пайызы ғана қазақ болатын. Оның өзінде олар нақты өндіріске жолатылмады. Қара жұмыс басында жүрді. Тәуелді болғанымыздың көрінісі – бұл. Сондықтан ұлтжанды азаматтар электролиз зауытында 2,5 мың адам жұмыс істесе, ондағы еңбек ететін қазақтардың қатары 50 пайыздан, ал негізгі өндірісте 70 пайыздан түсірмеуді мақсат етті. Оқу орындарындағы қазақ азаматтарына барып, тілдесіп,
таңдап, шетелге – Германия, Канада, Норвегия, Тәжікстан, Украина, Ресей елдеріне жіберіп, оқыттық. Сондағы ойымыз егемендіктің жемісі ретінде бой көтерген кәсіпорынның пайдасын ұлтымыз көрсін дегеніміз еді. Өзім де Алмаз ағаның қамқорлығын көрдім. Кезінде әулие Жандарбек атам осы зауыттың маған бақ болатынын айтқан еді. Шынымен солай болды, менің Красноярскіде 4,5 жыл сырттай академияда түрлі түсті металлургия бойынша білім алуыма мұрындық болды.
— Ағалық қамқорлықты айттыңыз, өзіңіз сезінген бұл мейірім жастарға бүгінде жасалып жатыр ма?
— Жастарға қолдау қашанда жақсы болғаны абзал. Елімізде балаларға сапалы білім беру, шетелде оқыту сынды жағдайлар жасалып жатыр. Білім ордалары жөнделіп, жаңартылып жатқанына куәміз. Оған қоса, студенттерді жатақханалармен қамту мәселелері көтерілді. Жастардың бір қаруы – білім. Сапалы білім алу үшін жағдай болуы қажет. Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында С.Торайғыров университетіне 600 орындық жатақхана қолданысқа берілді. Екібастұздық қалталы азаматтардың бірі, курстасым Тасболат Абгужинов есімді азамат қаржы бөлді. Осындай қамқорлық жалғаса беру керек. Елдік істерге жастарды көптеп тарту қажет. Жалпы, менің ауылға, ауыл жастарына бүйрегім бұрып тұрады. Соңғы уақытта «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының жемісіне тәнтімін. Менің ауылымда бір жылда 11 көшенің 8-і асфальтталып, бала кезімізде түсімізге кіретін спорт кешендері ашылып жатыр.
— Өндірістегі өнімді ісіңізден бөлек, сізді көпшілік рухани ауқымды жобалардың басы-қасынан табылатын, ұлттық құндылықтарымыздың жоқ-
таушысы ретінде жақсы таниды. Қалай бастау алып еді бұл игі істер?
— Декларация қабылданғаннан кейін, елде қазақшылыққа ептеп бетбұрыс лебі сезіле бастағандай болды. Содан тіл, елді дамыту мәселелерін мемлекет атқарар дедім. Өз басым рухани жағымыздан баюдың қамына кірістім. Дінімізге мойын бұрдым. 1991 жылдың жазында ақсақалдарды жинап, Ақтоғай ауданы орталығында Жандарбек атаның атындағы мешіттің қазығын қақтық. 1991-1998 жылдар аралығында екі мешіттің бой көтеруіне мұрындық болдым. Бірі Жандарбек ата мешіті болса, екіншісі – Қожамжар елді мекеніндегі Бекбау ата мешіті. Шыны керек, мешіттен бастауыма отбасымдағы бір жағдай да себеп болды. Өзге ұлттың қызына үйленген едім, ата-анамның көңіліне қаяу түсіріп алдым. Енді ол күнәдан арылудың бір жолы ретінде Құдай үйін салу болды. 7 адамды қажылыққа жіберіп, сегізіншісінде әйелім екеуіміз барып келдік. Осылай басталған жұмыс кейінгі жылдары бірінен соң бірі жалғаса берді.
— Аймағымызда ескерусіз қалған бірқатар қасиетті, танымал тұлғаларды да түгендеп жүрген жайыңыз бар. Бұл да тарихқа, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесіңіз екені сөзсіз. Осы жайында айта кетсеңіз…
— Бүгінге дейін 6 кесене көтеріппіз. Ертеде әйгілі жерлесіміз Естай Беркімбаевтың кесенесін көтердім. Кейін Ақкөлдегі Ишан Хазіреттің кесенесінің бой көтеруіне атсалыстық. Ертіс ауданында Қараөткел елді мекені маңында 7 әулие деген мазар бар. Жермен жексен болған екен. Соны да салдық. Ақтоғай ауданында Қараой ауылының жанында Ишан хазіреттің досы, әулие Бекбау атаның да басын көтеріп, кенесе тұрғыздық. Алтынбек Нухұлына Баянауылда Мұса Шорманның басын көтеріскен едім. Биыл зейнетке шығар алдында тағы бір ірі іс бітіріп кетсем деген ниет туды. Сөйтіп, 28 күн ішінде атақты сынықшы Мерғалым атаға Аққулы ауданында өз ауылында кесене салдық. Бұл істерге, әлбетте, көпшілік қалталы азаматтар жан-жақтан қолғабыс жасады. Ең бастысы, мұндай елдік істе ұтымды ұйымдастыра, ортақ іске ұйыстыра білу керек. Әлі де, жалғастыру ойым бар. Өзімнің арғы атам саналатын Сұлтанбет сұлтанға кесене салуға кіріссем деп жүрмін. Аға сұлтан болған бабам — Абылайдың немере ағасы. Бұл тарихымыз, ұрпаққа паш етілуі тиіс. Бар істі үкіметке ысырып қоймай, әркім қолдан келгенінше араласып, үлес қосса, сол емес пе егемендікке еткен еселі еңбегіңіз?!
— Биылғы Жолдауында ел Президенті де қоғамдық сананы, азаматтардың ниеті өзгеруі керектігін айтқан еді. Осы орайда, егемен елдің болашағы — жастармен жұмыс қандай бағытта жүргізілуі тиіс?
— Жастардың көздері жанып тұр. Оларды орта буын, аға буын ерте білсе болғаны. Қай-қайсымыз да ұлттық дүниеге келгенде аянбау керек. Бірі үлкен іс, бірі шағын ғана шаруаны тындырар. Алайда, «тамшыдан теңіз құралатынын» ескерсек, осындай жан-жақтан жасалған жұмыстар байтақ жеріміздің іргесін беріктей түседі. Жалпы, халқымыз ширақ, білімді, ертеден қайсар. Сол қасиеттерімізді шыңдай беруіміз қажет. Әлемдік тарихта қарасақ, 11-ғасырда Еуропаға бірінші қыпшақтар барған. Оған Украина жеріндегі сақ қорғандары дәлел. 1941-1945 жылдар арасындағы соғыста да нағыз ерлікті қазақ бабаларымыз көрсетті. Партизан тобын басқарған Қасым Қайсенов, Рейхстаг күмбезіне ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев, Ленинградты жылы сөзімен жылытқан Жамбыл Жабаев, Панфилов дивизиясын басқарған Бауыржан Момышұлы аталарымыздың ерлігін ешкім естен шығармайды. Батыр бабалардың ұрпақтарының ұсақталуға хақы жоқ.
— Батыр бабаларымыз демекші, сіздің ізденіс тобымен өзге елде сүйегі қалған қазақтың ержүрек ұл-қыздарының есімін ұлықтап жүргеніңізден де ел хабардар…
— Облысымызда екі ізденіс тобы жұмыс істейді. Мақсатымыз соғыс жылдары Украина, Беларус, Ресей жерлерінде қалған қазақтардың басын көтеріп, есімін елеп, ескерткіш орнатып, өскелең ұрпаққа таныту еді. Мәселен, Ресейдің Невель қаласында орталық алаңына жерлесіміз Әбілқайыр Баймолдиннің есімін беріп, қоладан ескерткіш орнаттық. Сол алаң маңында орыстардың зираты бар екен. Іргесіндегі базардан шығарылған қоқыс сол зираттың үстіне үйіліпті. Ескерткіш орнатып қана қоймай, сол жерді тазалап, ретке келтіріп кеттік. Ешкім оны өтініп, сұраған жоқ. Тек ойымыз жүрген жерімізде қазақтың қандай екенін көрсетіп кету болды. Ресейдің Псков облысы Новоржев қаласында ақтоғайлық тағы бір батыр жерлесіміз Павел Дубовойға ескерткіш қойдық. Жиылған көпшілік қазақтың кеңдігіне таңдай қақты. 2015 жылы Псков облысы Новосокольники ауданы Монаково ауылында жатқан Әлия Молдағалиеваны жоқтап барған едік. Әлияның жанында тағы бір жауынгер, латыш азаматының жатқанын білдік. Ол тірідей жанып кеткен деседі. Әлияның рухын көтере келе, латыш жауынгерін аттап өте алмадық. Латвиядан келген делегация да ұлтымыздың осындай жомарттығын, бауырмалдығын жоғары бағалап кетті. Мектеп алдында бүлінген ескерткішті реттеп қана қоймай, білім ордасын да жөндеп кеттік. Шетелде 23 ескерткіш орнатыппыз. Қолымыз ашық, жомарт халықпыз. Құрбандық шалып, дұғамызды бағыштаймыз. Барған жерімізде шашуымызды шашып, шақырған қонақтарға тақиямыз бен орамалды кигізіп, жөн-жоралғысын жасап кетеміз. Домбырамызды да ала барып, далада күйімізді күмбірлетіп, ұлттық аспабымыздың үнін асқақтатып жүреміз. Бір сөзбен айтқанда, қашанда қазақшылығымызды көрсетіп жүреміз. Мұның бәрі – біздің ұлттық кодымыз.
— Мұндай ауқымды істерді жүзеге асыруда кедергілер де кездескен шығар. Сәті түспей жатқанда қолыңызды бір сілтеп, сол тұста тастай салғыңыз келген кездер болды ма?
— Кез келген істің жолын табуға болады. Бір рет реті келмеді ме, екінші рет тағы бару керек. Үшінші рет те үгіттеп, қажеттілігін түсіндіріп, жауапты азаматтардан жағымды жаңалыққа қол жеткізуге болады. Бір мысал келтірейін, Невель қаласында Әбілқайыр Баймолдинге орталық алаңды алу оңайға соқпады. Қала әкімі келіскенімен, әкесі «қазаққа орталық алаңды берсең, қайтып үйге оралма» деп кесіп айтқан екен. Қала әкіміне халықты, депутаттарды жинауын, қоғамдық тыңдау өткізуін сұрадым. Содан көптің алдына шығып, қазақтың жасаған жақсылықтарын жіпке тізіп бердім. Невель шаһарына комендант болған батыр жерлесіміздің жасаған ерліктерін естеріне салдым. Сөйтіп жатқанда залдан 80-нен асқан кейуана таяғына сүйеніп, қасыма келді. Бетімнен иіскеді де, өзінің басынан өткенін баяндады. «Әлі есімде 12 жасымда бізді малша вагонға тиеп, Германияға әкетіп бара жатқанда қала шетіне тоқтатып, қоңырлау түсті, басында фуражкасы бар адам есікті ашып, маңдайымнан иіскеп, құшақтап түсіріп алып қалды. Сол иісті міне осы азаматтан сезіп тұрмын. Алаң түгілі қаланың атауын беріңдер» деді. Сондағы меңзегені Әбілқайыр Баймолдин еді. Залдағы жұрт «қала, қала» деп шуласты. Мен қаланы алу – ұзақ шаруа, сондықтан бізге алаң да жеткілікті деп мәселені оң шешкеніміз бар. Айтайын дегенім, қанымызда дала дипломатиясы бар. Түрлі тығырықтан шығудың жолын таба аламыз.
— «Тіл – ұлттың жаны» дейміз. Осы жанды жеріміздің жағдайына не дер едіңіз?
— Ана тілі, әлбетте, бірінші орында тұруы тиіс. Өз басым 8 жыл орта мектепте, кейін техникум, институтта орысша оқыдым. 90-шы жылы Ақтоғайдың Мүткенов ауылына бардым. Кілең қазақтар жиналған. Ауыл азаматтарын жинап, өзге елде жерленген батыр жерлесіміз Серікбай Мүткеновке туған жерінен топырақ апару жайын ақылдасқан едік. Сол жиында орысша сөйледім. Тұрмыстық қазақ тілін білгеніммен, ортада сөйлеуге жарамсыз еді. Содан кірерге тесік таппай, қатты қысылдым. «Неге мен өз тілімде ойымды жеткізе алмаймын?» деп өзіме налыдым. Ниеттеніп, тілімді өзім көтеріп алдым. Әр қазақта намыс болса, орта, мүмкіндік сынды сылтауды ысырып қойып, үйреніп алуға әбден болады. Екі қазақ бір-бірімен ана тілінде пікір алмасса, бүгінгідей мемлекеттік тілдің мәртебесін мәселе етіп отырмас едік. Бәрі отбасынан басталуы қажет. Қазір немерелерімнің қазақша сөйлеуін талап етіп отырамын. Апасына қазақша сөйлемесе, тәтті татырма, деп айтып отырамын. Оны естіген немерелерім демалыс күндері есігімді қағып, «ата, біз — қазақпыз» деп тұрады. Айтпағым, әр шаңырақта ана тілі салтанат құрса, Отанымызда да мемлекеттік тілдің мәртебесі биік болады. Қазіргі алмағайып заманда тіл, дін, діліміз мығым болса, ауызбіршілік арта түссе, ұлттық құндылықтарымыз ұлықтала берсе, тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болмақ.
— Сұхбатыңызға рақмет! Игі істеріңіз жалғасын таба берсін.
Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.