Биыл егемен еліміздің алғашқы құжаты — декларацияның қабылданғанына 33 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында тәуелсіз мемлекет еңсесін тіктеп, бағыт-бағдарын айқындап, озық елдердің санатына қосыла білді. Әлеуметтік-экономикалық саладағы серпіліс тұтас қоғамның жаңғыруына әкелді. Бұл ретте құқықтың саланың мән-маңызы да айрықша.

1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияның қабылдануы – азаттыққа жасалған алғашқы қадам. Сол уақыттан бастап біздің ел өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде танылып, азаттықтың іргетасы қаланды. Араға бір жыл салып желтоқсан айында Тәуелсіздік жарияланған соң Республика күнінің мән-маңызы тіпті арта түсті. Себебі егемен ел атануымыздың алғы-шарты дәл осы декларациямен тығыз астасып жатыр. Тіпті, 1995 жылы Республика күні «Ұлттық мереке» деген мәртебеге ие болып, кең көлемде атала бастады. Бірақ 2001 жылы қайтадан «Мемлекеттік мереке» мәртебесіне ауысып, 2009 жылы күнтізбенің қызыл күндері қатарынан алынып тасталды. Дей тұрғанмен, еліміздің азаматтары бұл күнді естен шығара қойған жоқ. Ал былтыр өткеніміз қайта оралып, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Республика күні қайта жаңғырып, нағыз ұлттық мейрамға айналды. Сөйтіп, біраз уақыт атаусыз қалған айтулы күннің маңыздылығы одан әрі артып, тарихи әділеттілік орнады. Тарих демекші, осыдан 33 жыл бұрын тәуелсіздіктің ізашар құжаты қабылданған соң азаттықты айшықтайтын өзге де заңдар енгізіліп, мемлекеттік-саяси құрылым толығымен қалыптасты. Айталық, Мемлекеттік рәміздер бекітіліп, Ұлттық валютамыз – теңге айналымға енгізіліп, жаңа мекемелер жұмысын бастады. Сол сияқты 1997 жылы 22 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Бас прокуратураның қарамағындағы Құқықтық статистика және ақпарат орталығы құрылды. Бұл актінің қабылдануы арқылы құқықтық реформаның маңызды кезеңі аяқталып, тарихта алғаш рет құқықтық статистика қадағалау органының қарамағына берілді. Ал 2003 жылғы 28 наурыз-
да бұрынғы Бас прокуратура жанындағы орталық Бас прокура-тураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті болып өзгертілді. Егемендік туралы құжат қабылданғалы құқықтық салада ауқымды реформаның жүргізілгенін атап өткен жөн. Оның барлығы қоғамдағы жағдайды жақсартуға, жұмысты жүйелі етуге бағытталған.Мәселен, Құқықтық статистика мен арнайы есепке алу жөніндегі комитет осы салада бақылау мен қадағалау функцияларын үйлестіріп, қылмыстық жағдайдың жай-күйі, қылмыстық қудалау органдары мен соттың қылмыстық іс жүргізуінің сандық және сапалық көрсеткіштері туралы ең сенімді дереккөз болып есептеледі. Кәсіпкерлікті қорғау және қолдау да құқықтық статистика және арнайы есепті тұтастай жаңа деңгейге шығарды. Бұл өз кезегінде ел билігіне мемлекеттік маңызы бар стратегиялық бағдарламаларды қабылдауда, жұмыс жүйесін жетілдіруде оң әсерін береді. Осыдан-ақ құқықтық статистика мен арнайы есепке алу қызметі елдің бағыт-бағдарын айқындауға көмектесетінін аңғаруға болады. Былтыр жыл соңында күшіне енген «Прокуратура туралы» Конституциялық Заң тиімділікті одан әрі арттыра түсері анық. Бұл — еліміздің тарихында прокуратура органдарына қатысты конституциялық мәртебесі бар алғашқы заң. Әрине, ол құзіреттілікті кеңейтумен қатар жауапкершілікті де күшейтетіні сөзсіз. Айта кетейік, аталмыш Заңның конституциялық мәртебесі болғандықтан, оның мүмкіндігі де зор. Олардың қатарында Бас прокурорға Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы бар. Тағы бір жаңашылдық – енді прокурорлар елден заңсыз шығарылған сырттағы активтерді қайтарумен айналысады. Сол сияқты олардың өкілеттілігіне Бас прокурордың тапсырмасымен немесе келісімімен кәсіпкерлік нысандарын тексеру, нұсқау беру уәкілеттілігін кеңейту, дербес деректер мен өзге де құпияны қорғай отырып құқық қорғау органдарының, басқа да мемлекеттік мекемелердің ақпараттық жүйелері мен ресурстарындағы мәліметтерді пайдалану қосылды. Осындай мүмкіндіктердің қарастырылуы құқықтық статистика саласының елдің егемендігін сақтау, оның қауіпсіздігін қорғауда мәні зор екенін көрсеткендей. Жалпы, комитеттің жұмысы азаматтар мен заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен мүдделерін қорғаумен астасып жатыр. Тәуелсіз мемлекеттің Ата Заңында да егемен еліміздің басты құндылығы адамдар деп тайға таңба басқандай жазылған. Олай болса, Құқықтық статистика мен арнайы есепке алу жөніндегі комитет өкілдері халықтың игілігі үшін қызмет атқарады. Алдағы уақытта да солай жалғаса бермек.

 

Мұрат Қожамқұлов,

БП ҚСжАЕК Павлодар облысы бойынша департаментінің бастығы, аға әділет кеңесшісі.