2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі басталды. Оған енген адамдар жыл сайын кірістері мен мүлкі туралы декларация тапсыруға міндетті болды. Екінші кезең шеңберінде активтері мен міндеттемелері туралы 87 685, ал кірістері мен мүлкі туралы декларацияны (250.00 нысаны) 76 774 жеке тұлға тапсырған. Ал келесі кезең қалай өтеді? Ол не үшін қажет? Осы және өзге де сауалдарға Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасов жауап берді.

— Ерболат Ислямұлы, Қазақстанда кірістер мен мүліктерді жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылы басталғанын білеміз. Ал осы жылы декларацияны кімдер тапсыруы тиіс?

— Жалпыға бірдей декларациялауға көшудің мақсаты көлеңкелі экономикамен және сыбайлас жемқорлық көріністерімен күресу үшін жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін тиімді бақылау жүйесін құру, сондай-ақ салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жинауды қамтамасыз етудегі мемлекеттің рөлін күшейту болып табылады. Салық кодексінде бұл мәселе 630-643-баптардың 71-тарауымен реттелген. Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау 4 кезеңде енгізіледі:

— бірінші кезеңде 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары үшін декларациялау басталды;

— екінші кезеңде 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларын қоса алғанда) және олардың жұбайлары декларациялай бастайды;

— үшінші кезеңде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары;

— төртінші кезеңде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – халықтың қалған санаттары.

— Декларацияның қандай нысандарын тапсыру керек?

— Декларациялау жүйесіне кірген кезде активтер мен міндеттемелер туралы декларация ұсынылады (250.00-нысан). Декларация нысаны «Жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы» деп аталады. Басқа жолмен бірінші декларация «кіріс декларациясы» деп те аталады. Өйткені, Декларациялау жүйесіне кірген кездегі мүлік пен міндеттемелер бойынша барлық деректерді көрсетеді. Ол жалпыға бірдей декларациялауға кірген күнге жинақталған активтер мен міндеттемелер туралы есеп беру үшін бір рет ұсынылады. Бастапқы декларацияда мүліктен және Қазақстаннан тыс активтерден басқа заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі, инвестициялық алтын, бағалы қағаздар, сондай-ақ қолма-қол ақша көрсетіледі. Кейіннен халық жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыратын болады (270.00-нысан). Ол мемлекеттік органдар есепті кезеңде алынған кірістер мен мүлік туралы деректерге мониторинг жүргізетін есептілік болып табылады.

Жыл сайынғы декларацияда барлық кірістер, соның ішінде жұмыс беруші есептеген қызметкердің кірісі (жалақы), зейнетақы төлем-дері түріндегі кірістер, дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар, салық агенттерінен салық кезеңі ішінде жеке тұлға алған Стипендиялар көрсетілуі керек.

— Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны қайда тапсыру қажет?

— Жеке тұлғалар (жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдарды қоспағанда, мысалы, мемлекеттік қызметшінің жұбайы) тұрғылықты жері бойынша декларация тапсырады. Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдар декларацияны орналасқан жері бойынша тапсырады.

— Ақпаратыңызға рақмет!

 

Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.