Облыста алғаш рет балалар ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына орай облыстық «Мұзафар Әлімбаев оқулары» өтті. Оған аймақтың мектеп оқушылары және колледж студенттері қатысты.

Байқаудың негізгі мақсаты – қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, балалар ақыны, жерлесіміз, Б.Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің түлегі, танымал тұлға Мұзафар Әлімбаев мұрасын жас ұрпаққа насихаттау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас таланттарды анықтау. Сайысты ұйымдастырушылардың бірі Бақыт Қасымова оқулардың ерекшелігіне тоқталып өтті.

— Бұл оқулар ақынның мерейтойына орай облыс бойынша алғаш рет ұйымдастырылды. Байқау үш бағыт бойынша өткізілді. Бір ерекшілігі, мәнерлеп оқу және ән айту аталымдарынан бөлек, қаламгердің нақыл сөздерін де қосуды жөн санадық. Мұзафар Әлімбаевтың қолданыста 600-ден аса нақыл сөзі бар. Қатысушылар ақынның мақал-мәтелге айналған нақыл сөздерін жаттауы тиіс еді, — дейді ол. Байқауға қазылық еткен қазылар алқасының мүшесі, филология ғылым-дарының кандидаты, профессор Бақытгүл Қапасова бұл бастамадан бөлек, өзге де тың жобалар сәтті жүргізі-летініне сенімі мол.

— Мұзафар Әлімбаев ақындық бақыты туралы айтқанда оның қазақ балалар әдебиетіне сіңірген еңбегіне тоқталу шарт. Тарихы қырық жылға жуықтаған «Балдырған» журналын Мұзафар Әлімбаев өз қолымен құрып, 25 жыл бас редактор ретінде басқаруы қазақ балалар әдебиеті үшін ырыс-құт болды. «Балдырған» журналы арқылы дүниежүзі балалар әдебиетіндегі бар дәстүрлер мен эксперименттер қазақ топырағына ағытылды. Қазақ топырағында бойындағы бар жұпарын балаларға арнайтын шын мәніндегі балалар қаламгері «Балдырған» арқылы қалыптасты, — дейді Б.Қапасова. Мұзафар Әлімбаев оқулары үш бағыт бойынша өтті. Яғни, «Халық – ғажап тәлімгер», «Білім – қымбат қазына, қанағат тұтпа азына», «Талант — табиғаттан, талап — өзіңнен» аталымдарынан тұрды. Онда қатысушылар ақынның қолданыста жүрген нақыл сөздерін жаттап, бір нақыл сөздің мағынасын ашатын 3 минуттық бейнебаянды ұсынды. Ал келесі аталымда қаламгердің 30-дан аса өлеңін жатқа оқыса, үшінші аталымда олар ақынның сөзіне жазылған әндерін орындап, өз шығармаларын ұсынды. Байқауға 74 білім алушы қатысып, оның ішінен 3 жеңімпаз, 15 жүлдегер және 9 аталым иегері анықталды.

Айдана БОРАНБАЕВА.