Соңғы уақытта ағзасын ауыстыруды қажет ететін науқастар қатары артуда. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, тек осы жылдың алғашқы алты айында 3 965 қазақстандықтың бүйрек, бауыр, жүрек және өкпесін ауыстыру үшін кезекте тұрғаны белгілі болды. Олардың қатарында 106 кішкентай бала бар. Алайда, трансплантолог мамандар донорлық ағзаның тапшылығы үлкен қиындық туғызып отырғанын айтып, дабыл қағуда. Мәселен, биыл 5 айдың ішінде күту парағында тұрған 111 адам көз жұмған. Мұндай жағдайға жол бермеу мақсатында  ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бақилық болғандардың органдарын алу үшін жақындарынан рұқсат сұрау тәртібін жою туралы ұсыныс жасап отыр. Бүгінде бұл мәселе қоғамда қызу талқылануда.

Не өзгереді?

Дәл қазір қолданыстағы Денсаулық сақтау кодексіне өзгерістер мен толықтырулар топтамасы әзірленуде. Сол бойынша бұдан былай қайтыс болған марқұмдардың ағзасы донорға мұқтаж жандарға жарайтыны анықталған жағдайда оның жақын туыстарына еш ескертілместен автоматты түрде алынатын болады. Сөйтіп, мәйіттің ағзасы бірыңғай күту парағында кезекте тұрған науқастарға салынбақ. Бұған қарсылық білдіруші тұрғындар, яғни, он екі мүшесімен бірге о дүниеге аттанғысы келетіндер көзі тірісінде eGov.kz (Электроннық үкімет) порталында донор болуға рұқсат бермейтінін тіркетуі шарт. Себебі, жаңа заң талабы бойынша дәрігерлер өмірден өткен адам туралы ақпаратты аталған порталдан қарап, шешім қабылдайды. Егер оның есімі қарсылық білдіргендер қатарынан табылып жатса, оған тиіспейді. Ал марқұм жайлы ешқандай ақпарат болмаған жағдайда, ол «келіскені» деп есептеліп, әлеуетті донор саналады. Қазақстандық дәрігерлердің мұндай қадамға баруына ағза алмастыру кезегінде тұрған науқастар санының жыл санап артуы әрі донор тапшылығы себеп болып отыр. Сондықтан ағзаға мұқтаж жандарға жарық өмір сыйлау үшін қайтыс болғандардың дене мүшелерін жедел түрде алып, ауыстыру көзделуде, дейді мамандар. Әйтпегенде, бұрынғыдай марқұмдардың ағайын-туысынан рұқсат сұрап, уақыт жоғалтып жүрген сәтте ағза жарамсыз болып қалатын көрінеді. Елімізге белгілі трансплантолог, ғалым, профессор Сергей Готьенің айтуынша, әрбір органның консервациялаудан кейінгі жарамдылық мерзімі шектелген. Мәселен, бүйрек – 24 сағат, бауыр – 12 сағат, жүрек пен өкпе — 6 сағатқа ғана шыдайды екен. Осындай мәселелерді негізге ала отырып, донорды зарыға күткен науқастарға жаңа өмір сыйлауды мақсат еткен Денсаулық сақтау министрлігінің бұл ұсынысы жан жақты талқылаудан өтпек. Егер Үкімет пен Парламент құптаса, көп кешікпей кодекске өзгерістер енгізіледі деп күтілуде.

Үміт үзілмейді…

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда 187 павлодарлық науқас ағзасын ауыстыруды қажет етеді. Олардың қатарында 5 кішкентай бала бар. Сырқаттардың көбі бүйрек жеткіліксіздігінен жапа шегуде. Мәселен, аймағымыздағы донор күткен жандардың арасында 173 ересек адам мен 4 бала бүйрегін ауыстыруы керек. Сондай-ақ, 7 адам бауыр, 2 науқас жүрек, 1 сырқат өкпеге мұқтаж. Әр күнін қорқынышпен, қиналумен өткізген мұндай науқастардың өмірін ұзарту үшін ағзаларын алмастырудың маңызы зор. Сондықтан осындай жандармен қатар, жақындары да жаңа кодекстен көп үміт күтіп отырғанын айтады. Солардың бірі – Павлодар қаласының тұрғыны Әсел Жанатқызы:

— Менің ағамның бүйрегі семіп қалған. Екі-үш күн сайын диализ залына барып, ем қабылдап тұрады. Кейде бұл емшарадан кейін қатты ауырсынатынын айтады. Ал онсыз тағы да жүре алмайды. Мамандар бүйрегін ауыстыру керек депті. Өкінішке қарай, донор жоқ. Бірге туғандарының денсаулығы жарамайтындықтан, ешқайсысы бүйрегін бере алмай отыр. Ағайын-туыс арасында ағзасын бергісі келетіндер табылмады. Оның ауыр жағдайын көзіммен көрген сайын жүрегім ауырып, жаным ашиды. Сол үшін ел арасында талқыланып жатқан мәйіттің дене мүшелерін жақындарының рұқсатынсыз науқастарға салу туралы мәселе оң шешімін тапса екен деп тілеймін, — дейді. Бұл — ауруы арқасына аяздай батып, донор күткен сырқат жандар мен олардың жанашыр жақындарының ортақ тілегі. Мұны медицина саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен мамандар да құптап отыр.

— Елімізде ағзасын ауыстыруды қажет ететін жарымжан жандар көп. Көздері жәудіреп, әр күнін күреспен өткізіп жатқан науқастардың өмірін сақтап қалу мақсатында министрлік тарапынан жасалып жатқан ұсыныс орынды деп санаймын. Сондықтан халық түсіністік танытқаны жөн. Бұл ретте, тұрғындар барлық мәйіттің дене мүшелерін пайдаланады деген шолақ ойдан аулақ болу керек. Мамандар тек донорға мұқтаж адамға жарайды деген адамның дене мүшесін ғана алады. Оның өзінде науқас басқа ағзаны қабылдай ма, жоқ па, сол жағы да әбден зерттеледі, — дейді медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағит Иманғазинов.  Мамандардың сөзіне қара-ғанда, қазір Қазақстандағы органдар донорлығына қатысты мәселе күрделі. Трансплантация жасалғандардың басым бөлігіне ет жақындары өз ағзаларын берген. Ал мәйіттің ағзасын салғандар саны саусақпен санарлықтай ғана. Бұған себеп – марқұм болғандардың туыстары тарапынан «аруақтан қорқамыз» деген оймен рұқсат берілмеуі. Осы мәселе шешіліп, халықтың көзқарасы өзгерсе, отандық трансплантация саласын дамытуға мүмкіндік мол, дейді мамандар.

Дініміз не дейді?

Елімізде өзінің де, өмірден өткен өзге жақынының да ағзаларын беруге қарсылық білдіріп жатқандар аз емес. Олардың көбі діни наным-сенімді бетке ұстап, «Алла адамды қалай жаратты, солай он екі мүшесімен бірге о дүниеге аттануы тиіс» деген пікірді ұстануда. Бұл мәселеге қатысты дін өкілдерінің ой-пікірін білу мақсатында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлына хабарласқан едік. Ол аталмыш діни басқарманың Muftyat.kz сайтында осы мәселе жөнінде толық ақпарат берілгенін айтып, бөлісті. Сонымен, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы ұсынған «Донорлық немесе трансплантация жасаудың шариғаттағы орны» деген мақалада: «Егер кімде-кім Алланың құрметті әрі ардақты еткен адам баласын өлімнен құтқарылуына себепкер болатын болса, оның сауабы мен артықшылығын санап түгесе алмайтынымыз ақиқат. Жалпы, трансплантация жасау, яғни бір адамның (тірі болсын, мейлі өлі болсын) кейбір ағзаларын екінші бір адамға ауыстырып, қондыру рұқсат етіледі. Алайда, бұл амал адамды қорламайтын дәрежеде және белгілі бір шарттары толық орындалған жағдайда ғана рұқсат болып табылады. Мәселен, аса қажеттілік, зәрулік болса. Яғни, сенімді, әділ медицина мамандарының шешімімен науқас адамды ауруынан айықтырудың жалғыз жолы – трансплантация жасау болған жағдайда. Бірақ, бұл амал ешқандай материалдық немесе рухани қайтарымсыз жүзеге асуы тиіс. Яғни, ағзаны сату, пайда табу мақсатында берілмеуі тиіс», — делінген (қысқартылып алынды). Қорыта келе, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы да трансплантация жасауға, яғни, бір адамның ағзаларын қажет болған жағдайда екінші адамға ауыстыруға асыл дінімізде рұқсат етіледі деген пікір білдіруде.

Статистика қалай?

Статистикалық мәліметтер бойынша әлемде жыл сайын 100 мыңнан астам адам ағзасын ауыстырады екен. Оның басым бөлігі, яғни, 70 пайызы бүйрегін, 20 пайызы бауырын, 5 пайызы жүрегін, 3 пайызы өкпесін, 2 пайызы ұйқы безін алмастырады. Бұл тәсіл медицинасы дамыған шет мемлекеттерде көптен бері қолданылуда. Ал Қазақстанда транспланттау оталары 2012 жылдан бастап жасалып келеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің мәлі-метінше, елімізде 2012 жылдан бастап 2023 жылғы
тамызға дейін барлығы 2475 трансплантаттау жасалған. Олардың қатарындағы емделушілердің 83,4 пайызына тірі донорлардың ағзасы ауыстырылса, қалған 16,6 пайызына қайтыс болғандардың дене мүшелері салынған. Сонымен қатар, аталған трансплантацияның ішінде 1833 бүйрек, 472 бауыр, 90 жүрек, 19 өкпе, 2 ұйқы безі, 59 қабықша ауыстыру отасы жасалған. Бүгінгі күні ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру республикалық орталығының күту парағында бүйрекке, бауырға, өкпеге, жүрекке және жүрек-өкпе кешеніне мұқтаж 3953 емделуші тіркеуде тұр. Олардың тез тәуір болып кетуі үшін донор қажет. Тірі донор табу өте қиын екенін айтқан дәрігерлер бұл мәселені жедел шешу үшін мәйіттің ағзасын туыстарының рұқсатынсыз алу туралы кодекс қабылдануы қажет екенін алға тартады. Мәселен, былтыр қайтыс болған 4 адамның ағзасы 16 науқастың өмірін сақтап қалса, биыл жыл басынан бері көз жұмған 5 адамның дене мүшесі 12 емделушінің өмірін ұзартқан.

Қандай қауіп бар?

Өкінішке қарай, соңғы кезде әлемде адам ағзаларын бизнес көзіне айналдырған алыпсатарлардың әрекеті әшкере болуда. Естігенде жаның түршігетін мұндай оқиға осыдан бір ай бұрын біздің елде де орын алды. Алматы облысының Полиция департаменті прокуратураның үйлестіруімен адам ағзаларын алып-сатумен айналысып келген қылмыстық топ құрықталып, 22 фигурант ұсталды. Олардың арасында ұйымдастырушылар, медицина қызметкерлері, нотариус, реципиенттер мен донорлар бар екені анықталған. Күдіктілер реципиенттер мен донорларды іздеу, жалған құжаттарды ресімдеу және ішкі органдардың трансплантациясы бойынша операцияларды ұйымдастыру міндеттерін өзара бөлісіп, әрекет еткен. Ағзаға мұқтаж адамдармен келісім сомасы 6-10 миллион теңгені құраған. Мұндай фактілердің 8 дерегі ашылған. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізілуде, дейді құқық қорғау органдарының өкілдері. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес трансплантациялау кезінде адам ағзалары мен тіндерін саудалауға тыйым салынған. Алайда осы заңға шекесінен қарағандардың кесірінен халықтың сеніміне селкеу түсіп, қоғамда теріс пікір қалыптасуда. Оған жол бермес үшін жазықтыларға қолданылатын жазаны күшейту керек, дейді мамандар. Міне, осы сияқты оқиғалар да отандық трансплантология саласының дамуына кедергі келтіріп, Денсаулық министрлігі ұсынған кодекстің қабылдануына кері әсерін тигізуі ықтимал.

Осылайша, трансплантология жасау талабына қатысты кодекске енгізілетін өзгерістер қоғамда түрлі пікір талас тудыруда. Үміт те, күдік те бар. Бастысы, адам өміріне қатысты шешім қабылдауда қателіктерге жол берілмесе екен дейміз.

 

Нұржайна ШОДЫР.