Қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің маңызды түрі — ағаш өңдеу ісі. Ағаш өңдеу өнері — ғасырлар бойы дамып, қалыптасып келе жатқан халық шығармашылығының сарқылмас қайнар көзі, халық мәдениетінің айнасы. Ағaштaн бұйым жacауды жaңғыpтып, қaзaқтың ocы бip өнepiн дaмытып, бaбaлapдың өнегелi жoлын жaлғaғaн қoлөнep шeбepлepi қaзipгi күндe aз eмeс. Coндай epeкшe қoлөнep iсмepлердiң бiрi — павлодарлық ағаш шебері Қанат Асанов.

Қанат Асанов – ағаш шебері. Қолынан қоңыр үнді домбыра, азық-түліктерді сақтауға арналған түрлі ыдыстар, кәдесыйлар шыққан. Ағаштың түбірін кәдеге жаратып отырған оның бұл еңбегі көпке үлгі. Себебі, Қанат Қайроллаұлы тек ұлттық нақыштағы бұйымдар жасайды. Мақсаты біреу ғана – киелі де бірегей ұсталық кәсіпті дамыту. Кейіпкермен тілдесу барысында оның қолөнерге бала кезінен ынта қойғанын аңғардық. Өсе келе ол ағашты кесіп-жонып, күйдіріп, небір туындылар жасауға кірісіпті. Қазір де ұстаханасында сүйікті ісін серік етеді. Жан-жағының бәрі толған ағаш, жаңқа. Құрал-сайманның түр-түрі бар. Қабырғаларындағы сөрелерде жартылай аяқталған ағаш бұйымдары, қазақтың ою-өрнегімен көмкерілген дүниелер толып тұр. Жұмыс істейтін ағашы негізінен, қайың, жаңғақ, қарағай екен.

– Халқымыздың тұрмыстық заттарды жасау технологиясы айтарлықтай ерекше. Ол мал өсіру мен көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты. Көптеген өнімнің алыс қашықтықта мал айдауға қатысы бар. Мәселен, кезінде жақсы ер-тоқым баға-ланған. Оның дайындалуына терімен қапталатын ағашты негіз етіп пайдаланған. Барлық жиһаз бен ыдыс та оның жеңіл әрі мықты түрлерінен жасалған. Сонымен қатар, ұлттық аспаптарды жасауда да ағаш қолданылады. Бірақ бұл материалмен жұмыс істеу оңай емес. Көркем бұйымдар жасайтын ағаштар табыла бермейді. Кейбір ағаштарды жеті жыл көлемінде кептіру керек. Бірақ көпжылдық тәжірибемде ебін тапсаң, бәріне қол жеткізуге болатынына көз жеткіздім. Бүгінде тұтынушыларымның қатары қалыптасты, халықты әрдайым жаңа дүниелермен таңғалдыруға асығамын, – дейді кейіпкеріміз. Ағаш шебері қолөнерден бөлек, жергілікті дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатында көркем еңбек пәні бойынша оқушыларға сабақ береді. Дәрістерден тыс уақытта қолөнермен айналысады. Құрал-жабдықтар мен ағашты сатып алуда сапалы әрі сұрыпты өніміне үлкен мән беретінін айтады.

— Бастысы, құрал-саймандар сапалы әрі ұзақ уақыт пайдалануға жарамды болуы қажет. Ағаштың да сапалы әрі сұрыпты өніміне мән беремін. Өйткені, оларды ұзақ уақыт пайдалануға болады. Әлбетте, арасында кейбір заттарды жаңартып тұрамын. Заманауи бұйымдарды жасау барысында жаңадан сатылымға шыққан құралдармен де жұмыс істейміз. Бастысы, заман талабына сай ілесіп жұмыс істеуге тырысамын, — дейді ол. Қанат Асановтың айтуынша, қазіргі таңда ағаштан жасалған ыдыс-аяқты ас бөлмеден сирек кездестіріп жүрміз. Оның денсаулыққа тигізетін пайдасын көпшілігі біле бермейді. Мамандар оның адам денсаулығына пайдасы зор екендігін айтып, тұрмыста тұтынғанды жөн санайды.

— Қолданысқа қолайлы, ою-өрнекпен көмкерілген ағаш ыдыспен ас ішу ағза үшін тиімді. Онда тамақтың құнарлығы сақталып, түрлі бактериялар өз күшін жояды. Мәселен, қайың мен еменнен жасалған ағаш ыдыстар ыстық-суыққа төзімді. Темір сынды тот баспайды. Қымыз, шұбат құюға арналған тостағандар, келі-келсап пен ағаш кеселерге бүгінде сұраныс жоғары. Оның ішінде сыйлы, қадірлі қонағына ұсынатын ыдыс-аяқтың жөні тіптен бөлек. Байқағанымыздай, кейінгі кездері дастарханға астау табақпен тағам әкелу дәстүрі жаңғырып келеді. Ел арасында осы үрдісті ұстанатын отбасылардың қатары көбейіп, ағаш бұйымдарды күнделікті тұрмысына қолдана бастағаны қуантады. Қазiр ұлттық дүниелер жасайтын зергер, шеберлер көп. Ағаш ыдыстар экологиялық жағынан таза болып келедi, — дейді Қ.Асанов. Қалай десек те, ұлттық бұйымдарға сұраныс артып келеді. Сондықтан шеберлер де үлкен iзденiс үстінде. Осы орайда ұлттық бұйымдардың жарнамасын, насихатын арттыру арқылы әр қазақтың үйiнде тұратындай жағдай жасау керек.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.