Жуырда Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің  ұжымының бастамасымен жерлес жазушымыз Мейрам Асылғазиннің туғанына 75 жыл толуына орай «Сегіз қырлы, бір сырлы» атты әдеби кеш болып өтті. Мен Мейрам ағамен осыдан 57 жыл бұрын танысқан болатынмын.

Жазушы М.Асылғазин 1948 жылдың 7 қараша күні Павлодар облысы қазіргі Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл совхозында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын 1972-1978 жылдар арасында Павлодар облыстық «Қызыл ту», қазіргі «Сарыарқа самалы» газетінде тілші болып еңбек жолын бастаған қаламгер. «Жалын» альманаһында алғашқы «Жаз» атты әңгімесі жарық көрді. Жерлес жазушымыз, «Өтес» ауылының тумасы Кабдыкәрім Ыдырысовтың ағалық қолдауымен 1978 жылы Алматыға ауысып, «Жалын» баспасының редакторы, кейіннен проза бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етеді. 1991-1995 жылдары «Өнер» баспасында бас редактор өмірінің соңғы жылдары, яғни 1997-1998 жылдары «Жібек жолы» баспасында еңбек атқарды. «Балалар балалық жасапты» деген әңгімесі 1978 жылы республикалық басылымда жарық көріп, «махаббатты жырлап өткен» атақты ақын ағамыз Тұманбай Молдағалиев былай деп баға берген екен: «Болашақ көрнекті жазушыны тырнақалды шығармасымен құттықтаймын!». Дәл айтылған баға осы емес пе?! 1980 жылы «Жалын» альманаһында «Ауылдас- тар» әңгіме жинағы жарық көрді. Повесть, әңгімелерден тұратын «Өзгеше бір күн» кітабы 1986 жылы басылып шықты. Мейрам Асылғазин жазушылықпен қатар, мықты журналист, аудармашы ретінде көпшілік оқырманға таныс. Оның қаламынан 1981 жылы Соколов Микитовтың «Дом в лесу», 1989 жылы Үндістан көсемі Махатма Гандидің «Менің өмірім» атты кітаптарын аударды. 1997-1998 жылдары Уильям Дрепердің «Еуропа ақыл-ойының даму тарихы» атты еңбегін аударып, 2000 жылы жарық көрді. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде өткен жазушының кешін ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, журналист, ақын, сатирик, «Құрмет» орденінің иегері Ғалымбек Жұматов ашып, жазушының еңбек жолын айқындап өтті. Сөз соңында М.Асылғазиннің еңбектерін, оқырманға таратып-дәріптеуді қолға алуды ұсынды. Кешті жүргізуші, жас прозаик, сатирик, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің әдебиет бөлімінің меңгерушісі Жанболат Абайхан жазушы ағамыздың немересінің естелігін айтып берді: «Атам қолына қара домбыраны алса, домбыраның күмбірімен айналасын баурап алады, тыңдаушының жүрегіне жол табады, әсем әуендерін тыңдай бергің келеді. Сол кездері редакция ұжымы сауықшыл еді. Әр нәрсені себеп етіп, той-томалағын өткізіп жатады. Сол той-томалақта атам ерекше көзге түседі. Қолында — домбыра. Қазақтың күйлері бірінен соң бірі төгіледі. Домбыра пернесінде ойнақтаған саусақтарына қарап, өнерлі жасқа қызыға қарайтын әріптестері. Атам өзі де күйлер шығарған. «Кәкәу» дейтін күйі бар» депті. Жазушының одан бөлек, «Қайран заман», «Алла жар», «Көкежан Иғай», «Қоңыржай, Гүлжай», атты күйлері бар. Музей қорында Мейрам ағаның «Жаназа» күйінің жазбасы, Қайрат Айтбаевтың нотаға түсірген «Кәкәу» атты күйі бар. Кеш барысында жазушының ұлы Елдос «Кәкәу» күйін нақышына келтіріп орындап, тыңдаушының ықыласына бөленді.

Мейрам Сатыбалдыұлы «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат деуге лайық. Өйткені жазушылығымен қатар мықты спортшы болған.Үстел теннисінен, шахматтан талай жарыстардан үздік болған. «Бес қабатты үйдің астыңғы қабатында (жертөледе) орналасқан редакцияда теннис үстелі бар еді. Түскі үзіліске шыққанда немесе жұмыс аяғында редакция қызметкерлері қолдарына ракетканы ұстап, теннис ойнайтын. Жұрт көбінесе Мейрамның ойнын көруге келетін. Оң қолымен кішкентай шарды құлаштай соққанда оған қарсы тұрар кісі болмайтын» деп айтады екен жолдастары… Еске алу кезінде жазушының Ақкөл совхозында бірге оқып, бірге өскен, кейін сол совхозда директор болған Тоқтар Мүбәраков, Жазушылар одағының мүшесі, айтыскер ақын Ғабит Сапаров, сыныптасы Рымтай Жұматаева, Ақкөлдік журналист, өлкетанушы, «Отарқа» газетінің бұрынғы редакторы Жассерік Сәдуақасов, қарындасы, қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі болып 38 жыл еңбек еткен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» Мусалимова Сәуле Сәрсенбекқызы өздерінің естеліктерімен бөлісті. Қатысушылар жазушының сүйікті жары, қаламдас досы, дүниеге Елдос, Дәурен атты екі ұл, қызы Зураны әкеліп, оларды оқытып, ер жеткізген, жұбайы Қалима Ақылбекқызының жүрекжарды естелігін зор ықыласпен тыңдады. Ерлан Арынға облыс әкімі болып қызмет істеген кезде «Кереку-Баян тұлғалары» айдарымен 2018 жылы «Ерекше бір күн» атты жинағы жарық көрсеткені үшін алғыс білдірді. «Иірім» атты кітабын соңына дейін аяқтап, басылымға шығару үшін Қалима жеңгей көп жұмыс атқарды. 2020 жылы Қалима Ақылбекқызын Астанадағы Үнді елшілігі шақыртып, М.Гандидің «Менің өмірім» атты кітабын, Үнді көсемінің мерейтойына орай, екінші рет басылғанын айтқан екен. Сол кітаптың бір данасын және Мейрам ағаның өз қолымен жасаған таяғын музей қорына табыстады. Жазушының үлкен ұлы Елдос Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің экономика факультетін қызыл дипломмен тәмамдады және ИнЕУ-дің математика бойынша магистратурасын бітіріп шықты. Дәурен Қаныш Сәтбаев атындағы политехникалық университетін түсті металлургия мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірді. Қызы Зура 2003 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің көркем графика өнері бойынша (кескіндеме) бітіріп шығады. Содан бері Павлодар қаласының С.Торайғыров атындағы университетінің «Архитектура және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы. Көптеген облыстық, республикалық, халықаралық көрмелердің белсенді мүшесі және жүлдегері. Облыста өткен жас суретшілердің М-арт тобында 2004 жылы Павлодарда өткен жарыста 3-орынды иеленді. Мейрам ағаны алғаш көріп, танысқаныма 57 жыл болыпты. 1966 жылы мен 15 жаста, ол 18-дегі бозбала болатынбыз. Туған ауылым Ақтоғай ауданы, Мүткенов ауылының 16-ауылы (ертеде Шоқпар ауылы). Көршіміз Сәрсенбек Мүсәлімұлы мен Асылғазы — ағайындылар. Сәуле — тұңғыштары, Мейрам екеуінің жас айырмасы 4-ақ ай. Сол жылдары Мейрам ағамыз Ақкөлден қонақтап Сәрсенбек ағаның үйіне келетін. Талдырмаш, өте көрікті жігіт болатын. Ауыл жастары клубқа жиналып, Мейрамның сол кезде–ақ домбыраның құлағында ойнайтынына таң қалатынбыз. Ауылды әнге бөлеп, біз сияқты жастарды бауырына өзінің өнерімен тартып алатын. Мейрам ағамен таныс болғанымды мақтан тұта айта келіп, інілік парызымды орындағандаймын. Айта кету керек, музей ұжымы еліміздің, оның ішінде Ертіс- Баян өңірінің ардақты ұл-қыздарын, өнер жұлдыздарының еңбектерін халыққа жеткізу, насихаттау жолында еселі еңбек етіп келеді. Қорытынды сөзді музей басшысы Ербол Мәтіұлы алып, келешекте де ақын-жазушылардың еңбектерін атаусыз қалдырмауға сөз ете келе, жазушының жұбайы Қалима Ақылбекқызының иығына қазақи жолмен шапан кигізді. Кеш кезінде Жанболат Байсолтан мен Назымгүл Шапағаттың орындауындағы әндері көрермен көңілінен шықты.

 

Қайырлы Ерғалиев,

«Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Ленин кенті
ардагерлер кеңесінің хатшысы.