Облыстағы экологиялық жағдайдың күрделілігі туралы жиі айтылып та, жазылып та келеді. Павлодар қаласы мен облыстағы елді мекендерді қоса алғанда шығатын мыңдаған тонна тұрмыстық қатты қалдық пен өндірістен шығатын күл-қоқыс облыс аумағындағы полигондарды толтырып тастаған. Сонымен қатар, заңсыз қоқыс үйінділері де көбейген.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков мәлімдеді. Оның сөзінше, жалпы шыға-
рындылардың 981,8 тоннаның 95 пайызға жуығы бірінші санаттағы 64 өнеркәсіптен келеді. Бұл отын-энергетика кешенінің кәсіпорындары – 65,4 пайыз, металлургия – 26 пайыз, мұнай-химия – 3,2 пайыз, тау-кен өндіру кешені – 1,2 пайыз және басқа салалар 4,2 пайызды құрады.
– Облыстың жалпы шығарын-дыларының 42 пайызы Екібастұзға, 28 пайызы – Ақсуға және 25 пайызы Павлодарға тиесілі. Қалған 5 пайызды облыстың өзге аудандары құрайды, — деді Қ.Мұсапарбеков. Бүгінде еліміздегі барлық зиянды шығарындының 30 пайызы Павлодар облысының үлесінде. Аталмыш басқарма 2025 жылға қарай бұл санды 20 пайызға дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Экология департаментінің тексеру қызметі жыл басынан бері 32 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, 36 табиғатты қорғау заңнамасын бұзу фактісін анықтап, 41 миллион теңгеден астам айыппұл салу туралы 54 қаулы шығарған. 41 миллионға жуық сомаға 51 әкімшілік айыппұл өз еркімен төленсе, тағы үшеуі мәжбүрлі түрде өндірілуге жатады. Жыл басынан бері тәртіп бұзушылар мемлекетке 47 миллион теңгеден астам шығын төлеген.
Айдана БОРАНБАЕВА.