Бүгінгі таңда елімізде аграрлық саланы дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Ал аграрлық сектордың негізгі тірегі – құнарлы жер, сол жерді тиімді пайдалану. Бұрнағы күні ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған баспасөз мәслихатында аталмыш тақырып төңірегінде әңгіме өрбіп, өңірдегі ірі агроөнеркәсіптік компаниялардың өкілдері саладағы өзекті мәселелерді талқылады.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында павлодарлық тәжірибелі агроном, ауыл шаруашылығы сала-сының ардагері Мойылжан Қанаев топырақтың құнарын сақтаудағы басты рөлді ауыспалы егістер мен көпжылдық шөптер атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда елімізде егістік далаларды ұзақ уақыт пайдалану кезеңінде жердің құнарын қалпына келтіріп отыру, оны арттырудың түрлі тәсілдері есепке алынбаған. Басты назар егістіктерді барынша ұзақ пайдалануға және тұрақты түрде мол өнім алуға ғана бағытталды. Әрине, бұл жердің тозуына алып келді.

– Кезінде әріптестеріммен көпжылдық шөп егілген жердің әр гектарынан 1 тоннаға дейін шөп алатынбыз. Басқа дақылдар егілген жерлер 1-1,5 центнер пішен беретін. Ал қазір қара жердің құнарлығы нашарлап барады. Мәселенің шешімі ретінде барлық жерге көпжылдық шөптерді егуді ұсынамын. Ауыспалы егістіктерде көпжылдық шөп егу оң нәтиже беріп жатқан өңірлер аз емес. Шөлейтті өңірлерде көпжылдық шөптер, оның ішінде жоңышқа егіс алқаптары үшін өте пайдалы дақыл саналады. Ауыспалы егістіктерге жоңышқа егілген кезде топырақтың құрамы жақсарып, құнары артады. Қазіргі таңда өңірдегі астық шаруашылығының ең өзекті мәселелерінің бірі шабындық және жайылымдық жерлердегі топырақ құнарлығының мөлшерін тұрақтандыру және одан әрі қалпына келтіру болып отыр. Алайда мұнда да бір түйткіл бар. Қазір бізде көпжылдық шөптердің тұқымдары жоқ. Олқылықты жою үшін оларды өсіру және көбейту орталығын құру қажет, — деді сала ардагері. Сонымен қатар, Мойылжан Қанаев бүгінгі урбанизация, қалаға жаппай көшу үдерісін қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселесіне айналғанын айтып, аграрлық салада білікті мамандардан құралған кадр тапшылығы сезілетінін жеткізді. Жергілікті ірі ауылшаруашылық кәсіпорындарының өкілдері де ардагердің сөзін қолдап, бүгінгі таңда агроөнеркәсіп саласында жас мамандардың тапшы екенін мойындады. Олардың айтуларынша, агроном, зоотехник, мал дәрігерлері, механизаторды айтпағанда өңірде қарапайым малшылар да жетіспейді. Бұл қашан да экономиканың локомо-тиві болған салаға маман даярлаудың әлі күнге жолға қойылмай келе жатқанын аңғартады дейді олар.  «Жаңа қала» ШҚ мал шаруа-шылығының бас зоотехник маманы Светлана Бисмильдинованың айтуынша, қазіргі жастардың маңдайлары терлеп, алқапта жұмыс істеуге құлқы жоқ. Қолға кетпен ұстағаннан гөрі кафе-ресторанда даяшы не қызметші болғанды құп көреді. Сол себепті, ауыл шаруашылығына жастарды тарту, білікті мамандар даярлау уақыт мінберіндегі мәселеге айналды.

— Мемлекет ауыл шаруашылығындағы кадр тапшылығын жою мақсатында салаға қажетті мамандар даярлауда кемшін түсіп жатқан жоқ. Қазір осы мақсатта мемлекеттік гранттар көп бөлінеді. Сонымен қатар, дуалды оқыту да қолға алынуда. Сондай-ақ, бұл салада қызмет етіп жүрген кәсіпкерлерге бүгінгі таңда мемлекет тарапынан түрлі субсидиялар, басқа да қолдау шаралары түрінде көмек көрсетілуде. Бірақ бізге ең алдымен білікті кадрлар қажет. Қазіргі уақытта біздің кәсіпорынға агроном, мал дәрігері, ұрықтандырушы мамандар жетіспейді. Лайықты жалақы ұсынсақ та, ауылда жұмыс істеуге дайын жастар аз, — дейді ол. Ал «Крон Агро» ЖШС менеджері Ольга Забелич жас мамандарды даярлау, жастарды аграрлық салаға тарту мәселесінде шетелдік әріптестердің тәжірибесіне сүйенген жөн екенін алға тартты. Оның айтуынша, әлеуметтік пакеттен басқа жұмыс беруші компанияларда тәлімгерлік институт қалыптастыру керек. Онда жаңа қызметкерге тәжірибелі әріптес жетекшілік етіп, жол нұсқайды. Бұл тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік береді, кадр тапшылығын шешуде де оң әсерін тигізбек. Сонымен қатар, брифинг барысында ауыспалы егіс тәртібін сақтау, егісті әртараптандыру жұмыстарын жалғастыру, вегетациялық кезеңде сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, өзекті мәселенің бірі ретінде мал шаруашылығын дамыту мен жайылым мәселесі де қозғалды.

А.МҰҚЫШЕВ.