Өкінішке қарай, қазіргі уақытта алаяқтардың «дәурені» жүріп тұр. Қулықтарына құрық бойлатпайтын олар азаматтарды алдап-арбап, бар жиған-тергенін қалтасына басудан еш тайынбайды. Әккілердің қитұрқы әрекеттерінің құрбаны болмас үшін қоғамда түсіндіру, алдын алу жұмыстарын жан-жақты жүргізген жөн.
Кеше аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиын барысында алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, қаржы пирамидаларын жою және олардың таралуының алдын алу шаралары қаралды. Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Арман Жүнісовтің айтуынша, биыл қаржы мониторингі органдары қаржы пирамидаларын құру фактісі бойынша 58 қылмыстық іс тіркеді. Қаржы схемаларының түрлері мен салымшыларды тарту құралдары үнемі өзгеріп отырады. Қаржы пирамидаларының қоғамға қаупі зор. Сондықтан ведомствоаралық комиссия өкілдері алаяқтыққа байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдау керек екенін алға тартты. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов алаяқтықтың жаңа схемалары мен оларға қарсы күрес әдістеріне баса назар аударып, азаматтардың өз жинақтарынан көп жағдайда қалай айырылып қалып жатқанын нақты мысалдармен келтірді. Полиция қызметкерлері олардың жолын кесу үшін жұмыс істеп-ақ жатыр. Айталық, осы жылғы 10 айдың ішінде өңірде алаяқтардың саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,6 пайызға азайғаны байқалды. Сонымен қатар, 232 факт бойынша 124 алаяқ ұсталды. Олардың келтірілген шығыны 545 млн теңгені құрап отыр. Отырыс соңында ақпарат және қоғамдық даму басқар-масына алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және қаржы пирамидаларын құру, соның ішінде креативті тәсілдерді қолдану арқылы профилактикалық жұмыстарды күшейту тапсырылды. Сонымен қатар, әр ведомствода алаяқтарды анықтай білу әдістерін түсіндіру бойынша ұжымдармен жиналыстар өткізіледі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.