Биыл Ертіс-Баян өңіріндегі төл өнерімізді төрге шығарып, қазыналы халықтың шығарма-шылығын дамытуда толағай еңбек етіп келе жатқан келелі ұжым — облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығына 20 жыл толып отыр. Елмен бірге жасасып, аймақ мәдениетін дамытуда өлшеусіз орынға ие мекеме қазір де  заман ағымынан қалмай, талай тың жобаларға бастамашы болып келеді.

«Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы облыстың 11 ауданы, 3 қаласында қызмет ететін 257 мәдени мекемесіне ұдайы әдістемелік көмек көрсетеді. Біліктілікті арттыру шараларын ұйымдастырып, бағыт-бағдар береді. Осы мекемелердің мұрындық болуымен облыс бойынша түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылып, шығармашылық үйірмелердің жұмысы жүргізіледі. Бізде жалпы 4 кәсіби ұжым бар. Атап айтсақ, «Шаңырақ сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Шаңырақ» және «Томирис» үлгілі би ансамблі, «Qagan» этно фьюжн тобы. Сонымен қатар, «Желдірме» ақындар мектебі, «Жас қанат» вокал студиясы, «Тоғыз перне» домбырашылар мектебі, Майра атындағы баянмен ән салу мектебі, «Шалқыма» қобыз мектебі де жұмыс істейді. Облыстық «Шаңырақ» орталығының аудандық мәдениет мекемелерімен тікелей кездесулері қарқынды жүргізілуде. Бұл ретте, аудан, қалаларға қарасты елді мекендердің мәдениет үйлерінің меңгерушілеріне арналған әдістемелік семинарлар, тренингтер ұйымдастырып келеміз. Әр кездесудің форматы да әрқилы. Басты талап — ауылдық мәдениет ошақтарының жұмысын үйлестіру, оларға қойылатын жаңа талаптар, тұрғындардың басым көпшілігін мәдени шараларға көптеп жұмылдыру. Ауыл клубтарының жұмыстарын жетілдіру, түрлендіруге бағытталған арнайы бағдарлама да құрдық. Атап өтерлігі, биыл елді мекендердегі мәдениет ошақтарына демеу болсын деген ниетпен, әрі оларды тың жобаларды жүзеге асыруға шабыттандыру мақсатында облыстық үздік әдістемелік кабинет байқауын ұйымдастырып отырмыз. Оның жүлдегерлері мен жеңімпаздары мекемеміздің 20 жыдық мерейтойына арналған салтанатты шара барысында марапатталады. Соңғы екі-үш жылдың бедерінде орталығымызда елді елең еткізген тың бастамалар мен ерекше жобалар жүзеге асырылды. Атап айтсақ, «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының жанынан Республикалық «Күйшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысының филиалы құрылып, табысты жұмыс істеуде. Аймақ үшін аса маңызды тағы бір маңызды жоба — «Шалқыма» қылқобыз үйірмесі. Аз уақыттың ішінде келушілердің қатары артуда. Оған балалар, жасөспірімдермен қатар, ересектер де қатысуда. Үйірменің жетекшісі — дәстүрлі әнші, айтыскер Бөкен Жігер. Жалпы, Павлодар облысында қазақтың дәстүрлі ән-күй өнерін жаңғыртуға көп көңіл бөлінуде. Орталық жанынан еліміздегі тұңғыш Майра мектебі есігін айқара ашқанын қырағы жұртшылық жақсы біледі. Басты мақсат – қазақтың дәстүрлі ән өнерін және Майра Шамсутдинованың әншілік өнерін насихаттау, өскелең ұрпаққа үйрету, балалар шығармашылығын дамыту. Үйірмеге аймағымызға белгілі жезтаңдай әнші, республикалық дәстүрлі әншілер мен термешілер арасындағы байқаулардың жеңімпазы Салтанат Қисатова жетекшілік етуде. Үйірме жұмысының басты ерекшелігі – қатысушылар баян аспабымен ән айтуды үйренеді. Ал тамырын тереңнен тартқан «Желдірме» ақындар мектебінің жөні тіпті бөлек. Аймағымыздағы айтыс өнерінің «атасы» саналатын белгілі ақын, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы Павлодар облысы бойынша филиалының төрағасы Асығат Тұрғанбек ағамыз жетекшілік ететін бұл ұйым толағай табыстарға жетіп келеді. Ақындардың бірнеше легін тәрбиелеп шығарды. Олардың қатарында «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаев, елімізге белгілі Рауан Қайдаров, Қуанышбек Шарманов, аймақ намысын талай жыр додаларында абыроймен қорғап келе жатқан Абзал Қабдыраш, Нұрқанат Қайратұлы, Оразбек Саяхат, Мәрес Байрон сияқты өзге де ақындар бар. Екі жылдан астам уақыт «Шаңырақ» орталығында «Auen» атты тегін музыкалық студия жұмыс істейді. Студияның мақсаты — еркін форматтағы өнерді қолдау. Кез келген өнерпаз осында келіп, өз өнерлерін көпшілікке таныстыруға, шыңдауға мүмкіндік алып отыр. Павлодар өңірі ел бойынша заманауи музыканың отаны болып саналады. Грэмми сыйлығының иегері Иманбек, Скриптонит, Ирина Қайратовна сияқты әлемге, елге танымал көптеген өнерпаздардың шығармашылық жолы осы Кереку көшелерінен басталған. Сондықтан дәстүрлі емес өнерпаздарды қолдау, олармен шығармашылық бірлікте болу — «Шаңырақ» орталығының негізгі ұстанымдарының бірі. Осы күнге дейін «Auen»-нің шекпенінен шыққан талантты жастармен бірнеше ауқымды концерттер ұйымдастырдық. Биыл Павлодарда екінші мәрте ұлттық дәстүрге сай «Ертіс аруы» атты сұлулық байқауы өтті. Төл жобамыз аймағымыздың әр өңірінен ақылы мен көркі сай бойжеткен қыздардың басын қосты. Олар ұлттық киімде сән шеруін ұйымдастырып, қазақтың салты мен дәстүрі, ұлттық өнері бойынша сынға түсті. «Шаңырақ» орталығының өнерпаздары қазақ халқының салт-дәстүрін, ұлттық өнерін насихаттау, өскелең ұрпақ бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру, жастар санасына идеологиялық тәрбие жүргізу мақсатында Павлодар облысының аудан, қалаларында танымдық концерттер ұйымдастырды. Шара барысында ұлттық өнер мен ұлттық аспаптарға ден қойылды. Былтыр облыстық «Шаңырақ» орталығы еліміз бойынша бірегей жоба — «Sheksiz» музыкалық фестивалін ұйымдастырды. Бұл — еліміз бойынша рэп, хип-хоп, битбокс, вокал, мобилография, этно-fusion және street art сияқты дәстүрлі емес өнер өкілдеріне арналған ауқымды мереке. Ал биылғы жылы облыс мәдениетіне тың серпіліс әкелген екі жобаны ерекше атап өткен жөн. Олар – қала, аудандар арасындағы «Өнер додасы» мен ерекше форматта алғаш өткен «Жігіт сұлтаны» байқауы.

Түйін:

Атының өзі ұлттық болмысымызды танытып тұрған орталық облыс мәдениетін дамытып, өнерді өркендетуге ғана емес, жастар бойындағы отансүйгіштік сезімдерін нығайтып, бос уақыттарын тиімді пайдалану бағытында еңбек етіп келеді.

 

Замира СОЛТАНОВА, облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының басшысы.