Елімізде қызылша дерті дендеп тұрғаны жасырын емес. Жұртшылықты алаңдатып отырған жұқпалы аурумен күресу үшін мамандар қолдан келген шараларды жүргізуде. Десек те, нәтиже көңіл көншітпейді. Ауру жұқтырғандар саны күн санап саны артып келеді. Осы орайда облыстағы эпидемиологиялық ахуал қандай? Қызылша дертінің көбеюі себебі неде? Дертке қарсы күрес қалай жүруде? Осы сұрақтар төңірегінде облыстық санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиевпен сұхбаттасуды жөн көрдік.

— Батырбек Төлеубекұлы, бүгінгі таңда қызылша дертіне байланысты эпидемиологиялық ахуал қандай? Жалпы еліміздегі жағдайға тоқталып өтсеңіз…

— 2023 жылдың басынан бастап Қазақстанда қызылшаның 13 103 жағдайы тіркелді. Оның басым бөлігі, яғни 10 864-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген. Сондай-ақ, 385 жасөспірім, 1 854 ересек адам осы дертке шалдыққан. Қызылша ауруы барлық өңірлерде тіркелді. Әсіресе, сырқаттанушылықтың жоғары деңгейі Шымкент, Алматы қалаларында және Жамбыл, Алматы, Атырау облыстарында байқалады. Бүгінгі таңда ҚР бойынша 727 мектепте қызылшаның 1444 жағдайы тіркелген.

— Қызылша дертінің таралуын тежеуде екпе алу маңызды дегенді жиі естиміз. Бүгінде қанша адам осы дерттен екпе алды?

— Бұл жұқпалы аурудың таралуын шектеудің бірден-бір жолы – екпе алу. Бүгінде 1083 мектепке дейінгі балалар мекемесінде 1690 жағдай тіркелді, ошақтарда эпидемиялық көрсеткіштер бойынша 1469 байланысқан адам егілді. Екпеден бас тарту себебінен 1,5 мың бала вакцинацияланбаған. Елімізде қызылшамен сырқаттанушылықтың күрт өсуі вакцинацияланбаған балалардың есебінен қалыптасады, олардың үлесі ауру балалар санынан 84 пайыз, яғни 9216 жағдайды құрады. Сондықтан тұрғындар балаларының денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны жөн.

— Облысымызда дертке шалдыққандар көп пе?

— Биыл жыл басынан бері облыста қызылшаның 136 жағдайы тіркелді. Оның басым көпшілігі, яғни 102 жағдай – 14 жасқа дейінгі балалар, 2-і – жасөспірімдер, 32 жағдай ересектер арасында тіркелді. Қалалар бойынша айтар болсақ, Екібастұзда 72 жағдай, Павлодарда 41 жағдай, Ақсуда 16 жағдай тіркелді. Аудандар арасында — Баянауылда 4 жағдай, Успен, Май және Тереңкөл аудандарында бір-бір жағдайдан тіркелген. Қарашада облыста қызылша дертіне күдікпен 80-нен астам жағдай тіркелді. Бұдан сырқаттанушылық деңгейі артып отырғаны байқалады.

— Қызылша дертіне шалдығудың басты себебі неде?

— Науқасқа шалдыққандардың көпшілігі уақытылы екпе алмаған. Мәселен, науқастанғандардың 10-ы вакциналанған, 126-сы вакцина алмаған. Оның ішінде 71 баланың ата-анасы вакциналау- дан бас тартуы себебінен болса, 12-сі жасы жетпегендіктен, 9-ы ұзақмерзімді кейінге қалдыру, 2-і уақытша кейінге қалдыру себебінен алмаса, 32 ересек адамның екпе алу мәртебесі белгісіз. Бүгінгі таңда облыс бойынша 8 мектепте қызылша дертін жұқтырған 12 жағдай расталса, 13 мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 29 жағдай тіркелген.

— Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін қандай шұғыл шаралар қолданылуда?

— Қазақстандағы қызылшаға қатысты эпидемиялық жағдайды тұрақтандыру үшін 1 қарашадан бастап тұрғылықты жері бойынша емханаларда қосымша жаппай иммундау басталды. Эпидемиялық көрсеткіш бойынша алғашқы 72 сағатта тәрбие және білім беру ұйымдарында науқаспен байланыста болған 495 адам егілді. Науқастардың ішінде 36 бала ата-аналарының балаларын вакциналаудан бас тартуына байланысты екпе алмаған. Облысымызда қызылшаға қарсы қосымша иммундауға жататын 43850 адам бар. Оның 9161-і – 6 айдан 10 айға дейінгі балалар, 27850-і – 2 жастан 4 жасқа дейінгі балалар, 5200-і – медициналық қызметкерлер, сондай-ақ, қосымша жаппай иммундау науқанына 1639 адам 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін екпе алуы тиіс. Ал 6 айдан 10 айға дейінгі балалар арасында қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін қосымша иммундау жүргізіледі.

— Ақпаратыңызға рахмет!

 

Әңгімелескен – Торғын ОРАЗАЛЫ.