Жасыратыны жоқ, кейбір отандық өнім импорттан анағұрлым қымбат тұрады. Сол себепті, шетелдің сапасыз болса да арзан өніміне сұраныс көп. Отандық өндірушілердің шығынын өтеуге аз да болса қаражат бөлінсе, олар өз кезегінде бағаны төмендетуге ынталы болатыны сөзсіз. Өңірдің ауыл шаруашылығы саласында бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

 

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Ақтаев аймақты отандық өндірістегі негізгі азық-түлік тауарларымен қамту жоспары туралы айтып берді.

– Облыста ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді дамытуды көздейтін еліміздің 2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары жүйелі іске асырылуда. 2022 жылдың қорытындысы бойынша азық-түліктің негізгі түрлерін: сары май, макарон өнімдері, жарма, шұжық өнімдері және еттен жасалған дайын өнімдерді өндіру бойынша өсім байқалады. Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша азық–түлік өндірісінің көлемі 100,4 млрд теңгені немесе 104,9% құрады. Облыс «дәстүрлі түрде» сырттан тасымалданатын күріш, қант, тұзды қоспағанда, жергілікті өндірілген негізгі азық-түлікпен 80 пайызға қамтамасыз етілген. Ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді және базарларды жергілікті кәсіпорындардың өнімімен толтыруды қамтамасыз ету үшін 108 дайындау пункті және 251 қайта өңдеу нысандары жұмыс істейді, – дейді басқарма басшысы. Бүгінде Шарбақты ауданында «Aibarys LTD» жеке компаниясы инвестициялық жобаны іске асы-руды жоспарлап отыр. Жоба құны – 20 млрд теңге. Май тұқымын қайта өңдейтін май экстракциялық зауытын салу жобасы сәтті жүзеге асса, тәулігіне 500 тонна өнім шығарылмақ. Бұл – өңірдің күнбағыс майына деген сұранысын 100 пайызға қамтамасыз етеді. Өңірімізде егіс алқаптары ұлғайып жатқанын атап өткен жөн. Биыл егіс алқабы 1 млн 618,8 мың га құрайды (2022 жылы – 1 569,8 мың га). Сәйкесінше, өңірде көкөніс көлемі артып, «Егістен — сөреге» жобасы жалғасын таппақ.

– Облыста ішкі нарықты қанық-тыруға және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға бағытталған жүйелі шаралар жүргізілуде. 2022 жылдың қазан айында облыстың ауыл шаруа-шылығы тауар өндірушілерімен 2022-2023 жылдардың қыс-көктем кезеңінде халықты картоп пен сәбізбен қамтамасыз ету үшін меморандумға қол қойылған болатын. Меморандум шеңберінде Жайлау фермерлер нарығында және апта сайынғы жәрмеңкелерде 20 мың тонна картоп және 5 мың тонна сәбіз өткізу жоспарланған. Бүгінде облыстың тұрақтандыру қорында 2,2 млрд теңге сомасына 9,2 мың тонна өнім бар. Аймақта 272 тұрақтандыру қорының серіктес дүкені жұмыс істейді. 2023 жылдың басынан бастап 160,2 млн теңге сомасына 972 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері сатылды, – дейді М.Ақтаев. Белгілі болғандай, 2023-2024 жылдардың қыс-көктем кезеңінде тұрақтандыру қоры өндірушілермен 3 117 тонна көлемінде картоп, 460 тонна сәбіз, 396 тонна пияз, 480 тонна қырыққабат жеткізуге форвардтық шарттар жасалған. Шекті нормадан аспайтын бағалар бойынша «Айналым схемасы» шеңберінде қарыздар беруге 2,3 млрд теңге көзделген. Облыс орталығында фермерлік базар ашылғаннан бері 903 млн теңге сомасына 1004 тонна көлемінде азық-түлік тауарлары сатылған.

Оралхан ҚОЖАНОВ