Елімізде 2021 жылдың 1 қарашасынан бастап аяқ киім өнімдерін цифрлық таңбалау және қадағалау міндеті енгізілген болатын. Бұл шешім нарықтағы көлеңкелі айналымның жоғары үлесіне байланысты қабылданды. Ресми мәлімет бойынша, аяқ киім саудасындағы көлеңкелі экономика деңгейі 48 пайызды құрайды.

Анықтама үшін айта кетсек, цифрлық таңбалау – тауардың әрбір бірлігіне таңбалау кодын қолдану және оның әрі қарай қадағалануы қағидаты бойынша жұмыс істейтін тауар айналымын бақылаудың автоматтандырылған жүйесі. Әрбір тіркелген тауар бірлігі туралы ақпарат деректер базасында сақталады және оны кез келген кезеңде – өндіру кезінде, елге әкелу кезінде, көтерме сауда орындарына тарату кезінде және тұтынушыға бөлшек саудада сату кезінде бақылауға болады. Бұл ретте тауарларды таңбалау және қадағалау бірыңғай операторы белгіленген. Бұған дейін оператор 50-ден астам жеке кеңестер өткізіп келеді. Соның бірі жуырда Алматыда SHOESSTAR-Asia 16-шы халықаралық аяқ киім және былғары бұйымдар көрмесі аясында өтті. Көрменің мақсаты – бөлшек саудагерлер мен көтерме саудагерлерге іскерлік келіссөздер мен кездесулер жүргізуге, сондай-ақ өндірушілердің өнімдерінің ассортиментімен тікелей танысуға мүмкіндік беру. Көрмеге бірыңғай оператор жүйеде жұмыс істейтін немесе жұмыс істей бастаған кәсіпкерлерге таңбалау және қадағалау жүйесінің жұмысы түсіндіру мақсатында қатысты. Көрмеге Қытай, Ресей, Өзбекстан және Еуропа елдерінен аяқ киім өндірушілері қатысты. Көрменің барлық үш күнінде қатысушылар Бірыңғай оператор өкілдерінен аяқ киім өнімдерін таңбалау және қадағалау тақырыбы бойынша жеке кеңестер ала алды. Жеке консультациялар барысында таңбалау жүйесінің жұмысына қатысты ұсыныстар мен ескертулер алынды. Көрме қатысушыларына жүйенің жұмысы мен мүмкіндіктері көрсетілді, атап айтқанда: таңбалау кодтарына тапсырыс беру, оларды басып шығару, жабыстыру, жүйедегі актілерді жіберу және тауарды айналымнан шығару. Бірыңғай оператор стендінде жүйеге қатысты техникалық мәселелерді жылдам шеше алатын техникалық мамандар болды. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар алдағы уақытта өткізілетінін айтып отыр. Қазақстандық нарықтар аяқ киімдерді жаппай таңбалауға дайын. Құзырлы мекенің хабарлауынша, соңғы аптада Алматы базарларындағы кем дегенде 200 көтерме саудагер елге әкелінген тауар көлемін көрсету мақсатында жүйеге тіркелді. «Біз бірнеше апта бойы ірі базарларды араладық. Сауда орындарының әкімшілігімен және иелерімен кездесулер барысында біздің сарапшылар таңбалау үрдісі және бизнес үшін ең аз болатын ықтимал шығындар туралы айтты. Бұл тұтынушылардың шығындарына әсер етпеуі керек. Ең бастысы, адамдар мұны не үшін және қалай жасау керектігін түсінеді. Біз бұл процестің операторлары ретінде барлық кәсіпкерлерге көмек көрсетуге дайынбыз», – деді Цифрлық экономиканы дамыту орталығының менеджері Назгүл Тұрашева. Айта кетерлігі, түрлі есептеу- лер бойынша, қазақстандық базарлар еліміздегі аяқ киімге деген жалпы сұраныстың 50 пайызын қамтамасыз етеді. Бірыңғай оператор қызметкерлері бизнес субъектілеріне таңбалау мәселелері бойынша практикалық көмек көрсету және Бірыңғай оператордың таңбалау жүйесінде жұмыс істеу үшін өңірлерге тұрақты түрде барып тұрады. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда аяқ киімнің көлеңкелі айналымы 48 пайызға жетеді. Өнімді таңбалау жүйесінің көмегімен алдағы жылдары бұл көрсеткішті кем дегенде екі есеге азайту жоспарлануда. «Біздің міндетіміз – бизнесті мүмкіндігінше таңбалау үрдісіне тарту және оларды 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін қалдықтарды таңбалауға дайындау, одан кейін бизнесті тексеруге қойылған мораторий аяқталады», — дейді Цифрлық экономиканы дамыту орталығының жоба менеджері Назгүл Тұрашева.

Қытайлық өндірушілер тегін таңбалайды

Қытайлық аяқ киім өндірушілер Қазақстанға импорттайтын аяқ киімдерді тегін таңбалауға дайын. Бұл туралы Бірыңғай оператордың аяқ киім өндірушілермен және ірі логистикалық компаниялармен тауарды таңбалау мәселелері бойынша өткізген келіссөздері аясында белгілі болды. Кездесу барысында Beijing Vitcony компаниясының басшылығы тегін таңбалау қызмет көрсетуге дайын екенін білдірді. «Сіздің кәсіпкерлеріңіз барлық деректерді енгізуіміз үшін жапсырмада болуы керек ақпаратты PDF форматында жіберуі керек. Осыдан кейін біз бүкіл процедураны орындаймыз. Клиент тек жеткізу қызметтері үшін төлеуі керек. Бұл түпкілікті бағаға ешқандай әсер етпейді. Біз серіктестеріміздің бізден тек жоғары сапалы қызмет алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», — деді Beijing Vitcony бас директоры Фаина Таньядаша. Сараптама нәтижесінде қытайлық өндірушілер – аяқ киім тігу бойынша ірі фабрикалар Ресей Федерациясының аумағына экспортталатын тауарлар бойынша таңбалау қызметін қазірдің өзінде жүзеге асырып жатқаны анықталды. Тиісінше, барлық бизнес-процестер тестілеуден өтіп, жүзеге асырылып, бірнеше рет сынақтан өткен және Қазақстан Республикасының аумағына аяқ киім өнімдерін импорттау барысында қолданылуға дайын. Сонымен қатар, экспортқа шығатын жүктерді «жинау және топтау пункттері» болып табылатын ірі трансшекаралық тораптар ресейлік және қазақстандық импорттаушыларға аяқ киім өнімдерін таңбалау қызметін көрсетуде. Бұл процедураның құны бір жұп аяқ киім үшін 0,2-ден 0,5 юаньға (13-33 теңге) дейін жетеді, кейде аталмыш рәсім жүк көлеміне және тауар иесімен жасалған келісімдерге байланысты қосымша төлемсіз жалпы кешенде беріледі. «Baby sky» брендінің өкілдері де тегін ынтымақтастыққа дайын екендіктерін жеткізді. Тауарлардың үлкен көлемін экспорттау жағдайында олар арнайы кодты жабыстыруға жұмсалатын барлық шығындарын көтеруге дайын. Айта кетерлігі, қытайлық өндірушілер қазақстандық аяқ киім нарығының жалпы көлемінің 70 пайызын қамтиды. Бірыңғай оператордың мәлімдеуінше, аяқ киімдерді таңбалау міндеті енгізілгеннен бері Қазақстанға аяқ киімнің ресми импорты 2019 жылғы 39,5 миллион жұптан 2021 жылы 53,1 миллион жұпқа дейін 34 пайызға және 2022 жылдың 7 айында 26,1 миллионнан 2023 жылы 35,6 млн жұпқа дейін 36 пайызға өсті. Цифрлық таңбалау жүйесі және тауарлардың қадағалануы туралы толық ақпарат алу үшін тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығы бар: 8 800 080 6565.

 

Дәрілік заттар да таңбаланады

Еске сала кетейік, 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда дәрілік заттардың 90 түрін міндетті түрде таңбалау енгізілген болатын. Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша 2023 жылдың қазан айының соңында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа дәрілік заттардың қозғалысын қадағалау жүйесі ұсынылды. Ендігі жерде Қазақстанда 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап міндетті таңбалануға жататын дәрілік заттардың тізімі кеңейтіліп отыр. Мамандардың айтуынша, дәрілік заттарды қадағалау жүйесі бірден бірнеше мәселені шешеді. Атап айтқанда, медициналық ұйымдарда дәрілік заттарды қайталап жазу және жалған есептен шығару мүмкіндігін жою, дәрілік заттардың бөлшек саудадағы бағасын, қалдықтарын және жарамдылық мерзімін қадағалау. Толық қадағалау үшін әр дәрілік затқа екі өлшемді бірегей Data Matrix коды қолданылады. Соның нәтижесінде республикадағы дәрі-дәрмектің толық айналымын өндірілген сәттен бастап қолданысқа дейін онлайн бақылауға болады.  Үкіметтік отырыс нәтижесінде 2024 жылғы 1 шілдесінен бастап Қазақстанда міндетті таңбалануға жататын дәрілік заттардың тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес кеңейтілді. Толық тізіммен Қазақстан Республикасы нормативтік-құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде танысуға болады. «Саланың ашықтығын арттыру ықтимал контрафактілік өнімдерді анықтауға, сондай-ақ, дәрілік заттардың бекітілген бөлшек сауда бағаларын бақылауға мүмкіндік береді. «Жаңа жүйе ел тұрғындарын контрафактілік өнімдерден қорғайды. Тұтынушы сатып алған дәрі-дәрмектің заңды екеніне және олардың өмірі мен денсаулығына қауіпсіз екеніне еш күмәнданбауына болады», — деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова.

 

Өз тілшіміз.