Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске қолдау көрсету өңірдің ғана емес, тұтас елдің кәсіпкерлік секторын дамытуда маңызды рөл атқарады. Бүгінде нарықтық экономиканың талаптарына сәйкес, халықтың әлеуметтік тұрмыс-ахуалын жақсарту басты орынға қойылған. Тұрақты қолдаулардың арқасында өңірде бизнес жобаларын мақсатты түрде игеріп, кәсіпкерлікке бетбұрыс жасаушылар қатары көбейіп келеді.

 

Өңірлік комуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз туры аясында «Даму» қоры арқылы мемлекеттен қолдау тапқан осындай бірнеше кәсіпорын жұмысымен танысып қайттық. Бүгінгі таңда Павлодар облысы бойынша кәсіпкерлік саланы дамытудың негізі қалыптасып, жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында ауқымды істер атқарылып, тиісті шаралар қабылдануда. Бұл үрдіске «Даму» қорының да қосып жатқан үлесі мол. Мәселен, қазіргі уақытта қор қолдауымен жергілікті кәсіпкерлер жаңа жұмыс орындарын ашып, халық тұтынатын тауарлар шығаруға мықтап ден қоя бастады. Сол сияқты қолда бар кәсіпорындарын кеңейтіп, өндірістерін өркендетіп отырған жандар да баршылық. Жақында осындай кәсіп иелерімен кездесіп, бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде қордан қолдау тауып, нақты нәтижеге қол жеткізген бірқатар кәсіпорынның жұмысымен таныстық. Әрине, қордан қолдау тапқан ұжымдардың бәрін аралап шығу мүмкін емес. Дегенмен, «Жақсыны – көрмекке» демекші, осы шара барысында көптеген кәсіпорынның бұл қордан нақты көмек алып, өз істерін дөңгелетіп отырғанына куә болдық. Сондай-ақ, өз ісін бастаймын деп жүргендер үшін көрнекі сабақ, пайдалы тәжірибе болды десек те артық емес. Қай жағынан алып қарасақ та, бұл бағдарламаның ұтымды тұстары жетерлік. Тек соны белгіленген заң аясында, үлкен сеніммен, табандылықпен іске асыра білу қажет. Ал ондай іскер адамдардың аймақ бойынша саны бүгіннің өзінде аз емес. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері үстіміздегі жылдың он айында субсидиялау құралы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің кәсіпкерлерін қолдау бағытында жалпы несие сомасы 27,7 млрд теңгені құрайтын 442 жобаға қолдау көрсетілді. Олардың ішінде бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 1 436 млн теңгеге 148 жоба, екінші бағыт бойынша 23 431 млн теңгеге  287 жоба және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 2 781 млн теңге сомасына 7 жоба мақұлданды.

— Арнайы бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы мемлекет отандық өндірістің дамуын ынталандырады. Мемлекеттік бағдар-ламалардың операторы – «Даму»  кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ субсидия, кепілдік, сондай-ақ, серіктес қаржы ұйымдары арқылы жеңілдікпен несиелеу құралдары арқылы қолдау көрсетеді. Айта кетейік, қор кәсіпкерлерге бағдарлама таңдаудан бастап, жоба жүзеге асқанға дейін тегін көмек көрсетеді. Қор менеджерлері қолдау сұрап келген әр кәсіпкерге әрекет ету жоспарын қадам-қадаммен түсіндіріп беруге әзір, — деді өңірлік филиал директоры Игорь Одинокий. Сонымен қатар, филиал директорының айтуынша, қор бағдарламалары экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ, бар жұмыс орындарын сақтап, тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бірнеше бағыттан тұратын бұл бағдарламаның бір тармағы — кепіл болу. Егер кәсіпкер аймақта маңызы бар жобаны бастағысы келсе, бірақ оның сол жобаны кепілмен қамтамасыз етуге мүмкіндігі жетпеген жағдайда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қаржы агенті ретінде сол кәсіпкердің жарты тәуекеліне кепілдік береді.

— «Кепілдік беру» құралы бойынша облыс кәсіпкерлерінің жалпы сомасы 16 млрд теңгеге  329 жобасына қолдау көрсетілді. Оның ішінде бірінші бағыт бойынша 1484 млн теңге сомасына 152 жоба, екінші бағыт бойынша  13 418 млн теңге сомасына 175 жоба  және ЭҮШ бойынша 1 145 млн  теңге сомасына 2 жоба мақұлданды. Қолдау тапқан жобалардың
арасында 25,7 пайызбен өңдеу өнеркәсібі көш бастап тұр. Ал екінші орынға көлік және қоймалау кәсібі орналасты. Бұл саладағы көрсеткіш шамамен 17,3 пайызды құрайды. Сондай-ақ, бұл үштіктің қатарына 9,2 пайыз көрсеткішпен қызмет көрсету түрлері жайғасты, — деді ол. Қордың мақсат-міндетімен танысқан соң, бизнесін дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдауға ие болған бірқатар кәсіпорынға бардық. Олардың қатарында «ZMK Trade» ЖШС бар. 2014 жылы ашылған аталмыш кәсіпорын шатыр және қасбет материалдарын, оның ішінде сэндвич панельдерін, металл плиткаларын, профиль парағын және металлосайдинг, құрылысқа қажетті қосымша элементтерді өндірумен және сатумен айналысады. Компанияның басшысы Ксения Гречкосейдің айтуынша, еразаматтарға бергісіз мұндай кәсіппен айналысу туралы ой оған құрылыс компаниясында менеджер болып жұмыс істеген кезде келген екен.

— Өз идеямды жүзеге асыру үшін алдымен «Банк ЦентрКредит» АҚ-на барып, несие алдым. Алайда екінші деңгейлі банктердің талабы жоғары екені мәлім. Пайыздық үстемеақысы да көп. Сондықтан «Даму» қорының көмегіне жүгінуіме тура келді. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кредит бойынша мөлшерлеме 21,75 пайызды құрады. Бүгінде оның 8 пайызын ғана төлейміз, қалған айыр-машылықты мемлекеттік субсидиялар жабады. «Даму» қоры біздің кәсіпке кепілдік те берді. Міне, осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында қажетті құрылғыларды сатып алып, кәсіпорынды кеңейте түстік. Себебі металл өндіру — бұл көп уақытты қажет ететін және техникалық жағынан күрделі процесс, оны тек арнайы құрал-жабдықтың көмегімен жүзеге асыруға болады. Қазіргі уақытта біздің өнімдер Қазақстанның барлық облыстарында жоғары сұранысқа ие, — деді К.Гречкосей. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер болашақта өндіріс түрлерін көбейтіп, тек шатыр жабындыларын емес, үй қабырғаларына арналған «жылы жабындыларды» да шығаруды жоспарлап отыр. Оның сөзінше, қазіргі таңда аталмыш кәсіпорын 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.  Ал кәсіпорын кеңейіп, сұранысқа сай өндіріс көлемі артқан жағдайда жұмыскерлер саны білікті кадрлармен толыға түспек.

– Біз бұл салада он жылға жуық жұмыс істеп келеміз. Ресейлік зауыттармен келісімшартқа да отырдық. Бастапқы кезеңде біз жабындылардың ең танымал үлгілерін ғана шығаратынбыз. Мәселен, C21-гофрленген жабындысы көбінесе жеке сектордың шатырын жабу үшін қолданылса, C44 жабындысы өнеркәсіптік базаларда кеңінен қолданылады.  Негізінен компания қазір екі форматтағы гофрленген қаңылтырды, металл плиткасын және сырғанақ металл шығаруға маманданған. Алдағы уақытта өндіріс түрлерін көбейтіп, әр түрлі брендтердің профильді парақтарын шығаруды көздеп отырмыз, — дейді кәсіпорын басшысы. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдаудың шарапатын сезінген жеке кәсіпкерлер арасында өңірдегі бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын насихаттап жүргендер де бар. Мәселен, «City Corp» ЖШС директоры Дәурен Қабдушев «Bolashaq Arena» жабық футбол кешенінің құрылысына, сондай-ақ,  жасанды жабынды ауыстыру үшін мемлекеттік бағдарламаларға жүгініп, қаржылай қолдауға ие болған. Атап айтсақ, «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерге 35 млн теңге көлемінде несие мақұлданды. Несие бойынша мөлшерлеме 14 пайызды құраса, оның 5,6 пайызы мемлекеттік субсидиялармен төленбек. Сондай-ақ, кәсіпкер 2022 жылы футбол алаңын қалпына келтіру үшін қосымша 15 млн теңге сомасына несие алды.  Несие мөлшерлемесі 21,75 пайызды құрап, оның 15,75 пайызын мемлекеттік субсидиялар жапты. Кепілдік мөлшері 12 млн 750 мың теңгені құрады. Кәсіпорын менеджері Дәурен Әбдірахмановтың айтуынша, ай сайын кешенге 5 мыңға жуық адам келеді. Мұнда «Artsport» жобасы бойынша 100-ге жуық бала мен жасөспірім тегін футбол ойнауда. Жабық кешеннің жазда күмбезі жиналып, спортшылар ашық ауада жаттыға алады.

— Павлодар облысы — еліміздің солтүстік бөлігінде орналасқан аймақтардың бірі. Сол себепті біздің өңірде қыста футбол ойнайтын жабық орын табу қиынға соғады. Міне, біздің компания осындай спорт инфрақұрылымының жетіспеушілігі мәселесін шешуге ішінара көмектесуде. Мұнда біз балаларды да, ересектерді де жаттықтырамыз. Біздің аренаға жыл сайын 70 мыңнан астам адам келеді. 2022 жылы мемлекеттік қолдаудың арқасында қайта құру жұмыстарын бастап, 2023 жылдың жазында жасанды жабынды толығымен ауыстырдық. Жаңа жабынды FIFA сертификаты талаптарына сай келеді, — деді «City Corp» ЖШС менеджері Дәурен Әбдірахманов. Айта кетейік, заманауи футбол кешеніндегі алаңның көлемі 70х50 метрді құрайды. Жаттығу барысында оны үш шағын футбол алаңына бөлуге мүмкіндік бар. Мұндай шағын бір алаңды жалға алу құны —
сағатына 15 мың теңге. Футбол кешенінің төбесіндегі алып күмбезді электр қуатымен жұмыс істейтін итальяндық бірнеше сорғылар ұстап тұрады. Сондай-ақ, бұл сорғылар қыстың күні ауа райы салқындаған кезде кешеннің ішінде жеткілікті оң температураны сақтауға да мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Павлодар облысы бойынша шағын және орта бизнесін дамытып отырған жеке кәсіпкерлердің саны артып келеді. Бұл ретте бизнестің дамуына елеулі үлес қосып жатқан «Даму» қорының еңбегін де атап өтпеске  болмас. Себебі қор арқылы қолдау тапқан әрбір жоба өңір дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына айрықша септігін тигізуде.

А.МҰҚЫШЕВ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.