Айтыс – қазақ халқының төл өнері. Қара сөздің қаймағын қалқып ішер Ертіс-Баян өңірінің көрермені үшін жыр аламанының орны бөлек. Осы орайда жиырма жылға жуық облысымыздың намысын қорғаған айтыстың ақтаңгері, жақында 60 жылдық мерейтойы аталып өткен ҚР Мәдениет қайраткері, Зайсан ауданының Құрметті азаматы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, аймақтық, республикалық, халықаралық айтыстардың жеңімпазы, ақын, жыршы, журналист Серік Сәдуақасұлы Құсанбаевпен сұхбаттасқан едік.
— Өнерге жастайыңыздан құмар болдыңыз ба?
— Шынымды айтсам, жас күнімде руханиятқа көңіл бөле қоймаған едім. Жас кезімде каратэ спортымен айналыстым. Ол – ішкі рухты тәрбиелейтін спорттың қаталдау түрі. Ақындыққа келгенде осы спорт қалыптастырған ішкі рух бірге келді. Каратэмен айналысқан адамның бойында өзіне деген сенімділік болады. Өзіне сенімді болған адам сөзіне де сенімді болады екен. Табандылық – әрбір ақынның бойынан табыла бермейтін қасиет.
— Шығыстың ұланы кеншілер шаһарына қалай келді?
— Әскерден кейін Өскеменнің жол-құрылыс институтының қосалқы құрылыс техникумын бітіріп, үш жыл тәжірибе жинақтауға Екібастұзға келдім. Кеншілер қаласында кілең өнерлі жастардың ортасына түстім. Ол кезде «Екібастұзшахтастрой» мекемесінде құрылыста жұмыс істейміз. Жұмыстан кейін кешке қалалық мәдениет үйіне барып, аудан мәдениетінің көшін өрге сүйреген Жүрсін Бәтенов, Жәнібек Мәліков, Мадина Боранова, Сабыржан Ахметов секілді азаматтар жиналып, екі-үш сағат «Жас толқын» ұлттық ансамблінің құрамында күй шертіп, ән айтамыз. Сөйтіп бірте-бірте репертуарыма термелер енді.
— Өнер ауылына термеші болып келіп, айтыскер ақынға айналуыңызға қандай жағдай себеп болды?
— Бастапқыда көпшілікке термеші ретінде танылғаным рас. Айтысқа келуіме осы термешілік өнерім себепші болды. 1980-інші жылдары ұмыт бола бастаған айтыс өнері қайта жаңғыра бастады. 1987 жылы желтоқсанда Екібастұзда термешілер байқауы болып, ауданнан 12 термеші шықты. Мұнда 1, 2, 3-орын алған термешілер облыс орталығына жолдама алдық. Павлодар облысының құрылғанына 50 жыл толуына орай қалалық мәдениет сарайында «Алтын шеңбер» атты аймақтық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Оған Ақмола, Көкшетау, Қарағанды, Семей, Ресейдің Алтай өңірінен келген өнерпаздар өнер көрсетті. Екібастұз ауданының атынан келіп, Ақтамберді жыраудың термесі мен семейлік Болат Сыбановтың «Ғашықтар» термесін орындап, тыңдарман айызын қандырғаныммен сол жолы көңілім байыз таппады. Менің айтысқа келуіме тікелей дәнекер болған жан – көкшетаулық айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабек. Кешкілік домбыра шертіп отырғанымда қонақүйдегі бөлмеме қараторы жігіт кіріп келді. Амандасқан соң, домбырамды алып, шерте бастады. Бұрауы солақай домбырамды ары-бері шертіп, солақай екенін білген соң, бұрауын келтіріп, бірдеңе айтпақшы болды. Тың терме айтса, жазып ала қояйын деп кішкентай магнитофонымды ыңғайлай қойдым. Мақсатым репертуарымда жоқ жаңа термелерді жазып алып, үйрену болды. Шығармашылық ізденіс қой. Бұл домбыраны неге көп шертіп отыр десем, ақындық толғану үстінде екен. Бір уақытта он-он бес шумақ өлеңді төгіп-төгіп жіберді. Тыңдап отырсам, термеден бөлек дүние екен. Айтыс- кер ақын Құдайберлі табанасты суырып салып, мені жырға қосып отыр екен. Сол кезде айтыс деген осындай болады екен-ау деп таңғалдым.
— Сізді бірден баураған айтыстың өзге өнер түрлерінен айырмашылығы неде?
— Айтыс – синкретті өнер, сан қырлы жанр. Мені қызықтырғаны да осы болуы керек. Жоғарыда айтқан жыр додасында сценарийден тыс ел күтпеген айтыс болды. Мұхамбедия Ахметов тойдың алғашқы күні жұртшылықты құттықтап, батасын берген айтыс- кер ақын, әрі майдангер Көкен Шәкеевтен келесі күні қайта бата сұрады. Менің жанымда отырған Құдайберлі «мына кісі ұстазымның мазасын алмасын, бірдеңе айтайын» деп ортаға суырылып шықты. Халық та енді не болар екен деп аң-таң. Сахнада қос қарсылас қырғын айтыс жасады. Одан соң студенттер, жанкүйерлер Құдайберліні қаумалап, фотоға түсіп, автограф алып жатты. Шапан кигізіп, ат мінгізіп, ырду-дырду болып кетті. Осы көрініске қарап тұрып «мына айтыс өнерінің жанында термешілігім түкке тұрмайды екен» деген ойда қалдым. «Термешілер көп, айтыскер ақын болып, халықтың ықыласына бөлену не деген бақыт?! Айтыс деген керемет өнер екен!» деп таңғалдым. Содан көңілім біржола айтысқа ауып, көрінген нәрсеге өлең шығаратын болдым. Айтыскерлердің табан астында сөз құрап, бірін-бірі өлеңмен сынап, бетпе-бет бәсекелесуі, төгілтіп айтып, көсіле шырқау секілді сұлу өнер сиқыры өзіне бірден баурап әкетті. Осылайша, облыс тойына термеші болып келіп, тебіреніп қайттым. Осыдан соң айтыскер ақын ретінде жыр додаларына қатыса бастадым. Жан-жақты ізденіп, өнерімді шыңдай түстім.
— Республикалық жыр ала-манына алғаш жолдама алған кезіңіз есіңізде ме?
— Көкшетаулық ақын Құдай-берлімен кездескен жерде айтысатын болдық. Ол Павлодарға, мен Көкше еліне барып жүргенде міндетті түрде сөз қағыстырамыз. Тағы бір барғанымда Құдайберлі: «Ақындық өнерің шыңдалып қалыпты. Қазір былтырғы термеші емес, алдыма ақын болып кеп отырсың. Жақында Алматыда алғаш рет Наурыз айтысы өткелі жатыр. Осы айтысқа барайық. Онда Жүрсін Ерманов деген ағамыз бар», деп қолқа салды. «Ол мені, мен оны танымаймын, қайтіп барам?», деп едім, «Облыстық мәдениет басқармасына айтпайсың ба? «Алматыда өтетін айтысқа ақын жіберейік» деп ұсыныс жасаса жеткілікті», деді бастырмалатып. Сол кездері Алматыға барып-келуге 70-80 сом жеткілікті болатын. Содан Екібастұзға түсіп қалып, Жүрсін ағаға бардым. Бір жылда бірнеше айтыста мені көріп, танып қалды ғой. «Командировочный берейін, бәрін реттеп өткізсең болды», деді Жүкең. Облыс мәдениетінің басшысы Дина Ораловамен сөйлесіп, Құдайберліден алған Жүрсін Ермановтың жұмыс телефонын қолына ұстаттым. Менің көзімше сөйлесті. Сонда ол кісі: «Павлодар әбден орыстанып кеткен ел, сендерде ақын бар ма өзі?» деп кері сұрақ қойды. «Үкілеп жүрген ақынымыз бар, алдыңыздан өткізсеңіз. Айтыса алмаса, оны да айтарсыз», деді Дина Әлімқызы. «Жақсы, Жетісу қонақүйінен орын алып қояйын» деп, баратын күнді айтты. Осылайша 1989 жылдың 3 сәуіріне жоспарланған айтысқа жолым түсті. Жолым болып, алғашқы іріктеу кезеңінен өтіп кеттім. Алматы облысынан Ардақ деген ақын қыз қатысты. Өлең құрай алғанымен, домбыра шертпейді екен. Мәймөңкелегеннен айтыс шықпайтынын біліп, әрекетке көштім.
— Айтысып солақаймен терледің бе,
Намысты өз қолыңнан
бермедің бе.
Әйтеуір домбыраны
шертпеген соң,
Қолыңа оқтау ұстап келмедің бе?
Мен сені олай-бұлай сүйретемін,
Көнбесең қабырғаңды
күйретемін.
Қонақүйге келіп кет
кешке жақын,
Таң атқанша домбыра үйретемін, — деп едім, зал дүрлігіп кетті.
Көрермендер «Мына солақайды келесі кезеңге жіберу керек» десті. Сөйтіп келесі кезеңде танылып қалған айтыскер ақын Жадыра Құтжановамен айтыстым. Әкесі Құтжан – Арқа өңіріне аты шыққан ақын. «Айтыстың жүлдегері – Жадыра Құтжанова» дегенде көрермен дүркіретіп қол соқты. «Павлодардан келген жас ақын Серік Құсанбаев» дегенде бірен-саран адам ғана шапалақтады. Сол-ақ екен, лепіріп тұрған жүрегім табаныма түскендей болды. Алдын ала дайындаған 10-15 шумақ сәлемім бар еді. Бір-ақ сәтте жаттап келген дүниемнің барлығы басымнан ұшып кетті. Қыз бен жігіт айтысында негізі сөзді жігіт бастауы керек. Жадыра ақын сөз бастап кетпесе, мен масқара болатын едім. Ер мінезді қыз «солақайға сорпа жоқ» деген сыңайда өлеңін бастап кетті. Сол кезде жүрегім орнына түсіп, жаңағы ұшып кеткен шумақтарым есіме түсіп, санамда сайрап қоя берді. «Қаныштың елі сіздерге сәлем айтты» деп мен жырымды жалғап кеттім. Одан кейін Бүркіт деген ақынмен айтысып, одан басым түстім. Сөйтіп, Алматы мені қабылдады. Іріктелген он ақынға республикалық ақындар айтысына жолдама берді. Жалпы, Алматының аудиториясы өте сыншыл, талғампаз.
— Сіздің айтыстағы мақам-дарыңыздың ерекшелігі неде?
— Менің мақамым – төкпе мақам. Ритмге ілесіп, суырып салып өлең айту керек. Сондықтан бұл мақамға көп ешкім айтпайды. Жамбылдың 150 жылдық тойына арналған жыршы-термешілердің сайысы айтысында эпикалық жырдың, дастанның 8 буынды мақамын үйреніп келдім. Ақын психолог болуы керек. Халық айтысты қалай тыңдап отыр, соны байқап, сезіп қою керек.
— Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетінің сіздің өміріңізде алатын орны ерен… Сол туралы тоқталсаңыз…
— «Сарыарқа самалы» газеті – Павлодардағы киелі қара шаңырақтардың бірі. Мен үшін бұл ұжымның орны бөлек. «Сарыарқа самалы» газетінің беттерінде менің тағдырым жатыр. Менің айтыста жүріп өткен жолым 95 жылдық тарихы бар осы басылымның сарғайған беттерінде сақтаулы. Дүбірлі айтыстан қанжығам май-
ланып келген сайын суретімді беріп, жарқыратып шығаратын. Павлодар облысының қоржынына 13 бас жүлде салған екенмін. Ол кезде редакцияда Мұхамеджан Дәуренбек, Айтжан Бәделхан, Төлеубек Қоңыр, Қажымұрат Смағұл ағаларымыз бен Шолпан Байғалы апай, т.б. қызмет етті.
Айтыс өнері дүркіреп тұрған сол кезде облыс пен облыс арасында ұшақ ұшатын. Бір аламаннан шығып, шақырту түскен келесі додаға ұшып кете беретін едік. Айтыстан-айтысқа барып, 15-20 күнсіз үйге келе алмай, жолда жүретінбіз. Сондықтан қара шаңыраққа келудің реті келмеді. Бірақ кейін журналистика саласына келдім. Синкретті өнер – айтыс пен журналистика саласының ұқсас тұстары көп. Екеуі де халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, өзекті мәселелерді ортаға салуға негізделген.
— Осы журналистика саласына келу жолыңыз туралы айтып берсеңіз…
— Сол кездегі газет редакторы Мұхит Омаров «Сарыарқа самалы» газетіне жұмысқа шақырған болатын. 18 жыл бойы Павлодар облысы атынан айтыстым. 2004 жылы мәдениет саласында жүрген ағалардың сұрауымен елге оралдым. Шығыс Қазақстан облыстық газетінде журналиспін. «Шығыс-ақпарат» ЖШС директорының шығарма-
шылық жөніндегі директордың орынбасары болып қызмет атқарамын. 2004 жылы С.Аманжолов атындағы ШҚМУ қабырғасынан ашылған айтыс ақындар мектебіне жетекшілік еттім. 2007 жылдың сәуір айынан бастап «Дидар» газетінде тілшілік қызметтемін. 2017 жылдың ақпан айынан «Шығыс Ақпарат» ЖШС директорының шығармашылық саладағы орынбасары болып тағайындалдым. Ақпарат саласында 20 жылға жуық қызмет істеп, руханият саласына, ұлттық рух бағытында қалам тербедім.
— Төлтуындыларыңыз – кітаптарыңызға тоқталып өтсеңіз…
— Тұңғыш жыр жинағым – «Байғыз» кітабы. «Жырлаумен өткен 20 жыл» жинағының алғашқы бөліміне айтысқа келу, қалыптасу, шыңдалу, одан әрі өнердің шырқау шегіне құлаш ұру жолындағы сан қилы оқиғалар желісін қамтитын эссе-баяным берілді. Келесі бөлімдерге танымал әріптестеріммен өткен таңдаулы айтыс үлгілері және кезінде ащы ақиқаттығы үшін эфирде «кесіліп кеткен» жекелеген өткір жыр шумақтары топтастырылды. 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту ретінде екі томдық кітабым жарық көрді. Оның «Көкдауыл» атты бірінші томына көлемді эпикалық шығармалар, өмірдің күрделі шындығы айтылған толғаулар, нақты тұлға жайлы көркем әңгімелер топтастырылған. Ал «Дүбірге толы дүние» атты екінші томына әр жылдарда, түрлі тақырыптарға қалам тербеген ой-толғамдары, ел азаматтарымен жүргізген сұхбаттарым, мақала-ларым енгізілген. «Байбура ашуы» атты жыр жинағыма айтыс сахнасына алғаш қадам басқан 1989–1990 жылдардан бастап, осы күнге дейінгі аралықта түрлі тақырыпқа жазылған өлең-жырларым, толғау-ларым мен арнауларым, сондай-ақ табанастында тауып айтылған экспромт-шумақтарым мен достық әзілдерім енген.
— Мәнді өріліп келе жатқан өміріңізде қандай да бір өкінішіңіз бар ма?
— Әр адамның бір «әттеген-айы» болуы заңды… Әкем Сәдуақас Құсанбайұлы артық ауыз сөзі, асып-тасыған дәулеті жоқ, шаруаның адамы еді. Бала күнімде әкем батырлар жырын оқытып отыратын. Мен мектеп бітіретін жылы 78 жасында дүниеден өтті. Біз ес білгелі тыраштанып жүріп шиеттей бала-шағасын қатарынан қалдырмай өсірді, оқытып-тәрбиеледі. Сол кісінің «Сенің ержетіп үй болғаныңды көрсем. Немерелерімнің маңдайынан иіскесем!» деген болар-болмас арманы бар еді. Алайда ол кісі өзі армандаған немерелерін көре алмады. Әкем жарықтық тіпті жылдар өте келе, сол «қара тентегінің» күллі қазақ таныған айтыс ақыны болатындығын да білген жоқ. Жарықтық менің небір аламан айтыстарда жасындай жарқылдап, қатарымнан оза шауып, бәйге алған бақытты шақтарымды да көрмей кетті. Осы бір «Әттең-ай!» деген өкініш өзегімді өртейді. Жоғарыда айтылған телқоңыр кітабымның алғашқысын әкемнің құрметіне арнадым.
— Ал қандай жетістігіңізге марқаясыз?
— Айтысқа келгеніме 35 жыл болды. Ұзақ жылдар Павлодар облысында тұрдым. Айтыстағы жұлдызды шағым Кереку жерінде өтті. 20 жылда Павлодардың қоржынына 13 бас бәйге, елге оралған соң Өскеменнің қоржынына 2 бас жүлде салдым. Біле білген адамға бұл – аз олжа емес. Павлодарда шаңырақ көтеріп, отбасын құрдым. Жұбайым Дидар екеуіміз Мөлдір, Айбын есімді ұл-қыз тәрбиелеп-өсірдік. Қазір екі немере сүйіп отырмыз.
Мені Арқа төріндегі кеншілер қаласы Екібастұздың дәмі мен тұзының тартқанына ризамын. Алла тағаланың бойыма берген азғантай ғана өнерінің арқасында алаш жұртына «Керекудің солақайы», «Павлодардың Исасы», «ақын Серік Құсанбаев» деген секілді атақ-абыройға ие болғаныма тәубе деп отырамын.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан — Торғын ОРАЗАЛЫ.
Аламанда аты озған ақын
Арынды жырларымен жүректерге жылулық сыйлаған танымал айтыскер ақын, республикалық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Серік Сәдуақасұлы Құсанбаев асқаралы 60 жасқа толып отыр.
Өнер иесі 1963 жылы қыркүйек айының 24-ші жұлдызында дүниеге келіп, балалық балғын күндері Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында өтті. Орта мектептен соң, 1980 жылы ауыл шаруашылығы училищесінде, кейін құрылыс техникумында білім алды. 1986 жылы Екібастұз қаласына келіп, өнерін шыңдай бастайды.
1987 жылы термешілердің қалалық байқауына қатысып, 2-орынға ие болады. 1988 жылдан ақындық өнерді мұрат тұтқан Серік Құсанбаев жыр сайыстарына жауапкерші-лікпен қарап, талмай ізденудің нәтижесінде халықаралық, республикалық және аймақ-
тық дәрежелерде өткен ірі жыр сайыстарында жеңіс тұғырынан көріне білді. Ол өз өнерін Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей елдерінде паш етіп, барлық сапарлардан жүлделі орындармен оралған. Ақындық өнерін кеншілердің Екібастұз қаласынан бастап, ел көңіліндегі өзекті мәселелерді қылыштай өткір жырларымен өрнектеп айта білетін Серік Құсанбаев қазақ халқының бірегей айтыс өнерін насихат-тауға 30 жылдан астам уақыт бойы зор үлес қосқан. Қазақстан Журналистер одағының және Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шолпан Байғалы Серік Құсанбаев жөнінде: «Тоқсаныншы жылдары Керекуде Павлодар облыстық «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдастырған, мәдениет басқармасының қолдауымен республикалық айтыс өтті. Бас жүлдеге тұңғыш рет жеңіл автокөлік тігілді. Осы аламанда Серік Құсанбаев Құдайберген Мырзабековпен сөз сайысына түсіп, екеуі бір сағаттай айтысты. Нәтижесінде Серік жеңіліс таппаса да, өз жолын қонақ ақын Құдайбергенге беріп, мәрттік жасады. Зал орнынан тұрып керемет қошеметтеді. Қызылжарлық ақын Ерік Асқаров бір бума ақшаны көрермендерге шашып (ескі ақша) елдің қошеметіне бөленді. Ертіс өңірінде Серіктің айтысқа түспеген ақыны жоқ. Кезінде Ертіс-Баян өңірінің намысын қорғады», — дейді. Ол ауыз әдебиетімен қатар жазба поэзияға да ден қойып, «Байғыз» атты тұңғыш жыр жинағы 2001 жылы жарық көрді. Ақынның туындылары республикалық, облыстық бас-
пасөз беттерінде жарияланып тұрады. 2004 жылы туған өлкесі Шығыс Қазақстанға оралып, қазіргі таңда жас ақындарға ұстаздық етумен қатар, облыстық «Дидар» газетінде журналист болып қызмет етеді. Айтыс саласындағы орасан еңбегі мен шығармашылық жетістіктері үшін Қазақстанның мәдениет қайраткері, Зайсан ауданының Құрметті азаматы атанды. Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі. Бүгінде Бұқар жырау атын-дағы әдебиет және өнер музейінде айтыскердің жеке заттары мен кітаптары бар. Сонымен қатар, қазан айында облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында өткен іс-шарада Серік Құсанбаев өзінің соңғы шыққан кітаптары мен көптеген айтыста киген қызыл шапанын музей қорына тапсырды.
Риза ШАРАПИТОВА,
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің әдіскері.