Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жанындағы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы 60 жылдық мерейтойына орай Павлодар қаласы жұртшылығына «Әуезов феномені: ұлылар үндестігі» атты жылжымалы көрмесін ұсынды.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде орналасқан көшпелі көрмеде «Әуезов үйінде» сақталған зама-нының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің 1939-1941 жылдардағы араб, латын, кирилл қарпімен басылған «Абай» романының қолжазбалары, 1942 жылғы алғашқы «Абай» тарихи романының түпнұсқасы, әйгілі романға 1949 жылы берілген І дәрежелі Сталиндік сыйлықтың, 1959 жылы берілген Лениндік сыйлықтың көшірмелері, марапаттары мен Әуезовтің шапаны, портфелі, көркем жазу дәптері, алғашқы оқыған кітаптары, фотосуреттері, т.б. жәдігерлер қойылды. Көрмеде Алматыдан Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы арнайы келіп, ғылыми қызметкер Салтанат Мұқатаева Павлодар жұртшылығына заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің құнды мұрасын, жеке заттары мен қолжазбаларын таныстырды. «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы қызметкері ұлы ақын Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, халық мұрасын жинаушы, аса көрнекті фольклоршы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өлеңдері қолжазбаларының көшірмелерін, Әдебиет және өнер институты баспа өнімдері туралы кеңінен баяндады. Келушілер назарына ұсынылған 130 құнды жәдігердің ішінде заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» тарихи романының қолжазбасы мен алғашқы нұсқалары, марапаттары, жеке заттары, т.б. бар. Орталық мамандарының айтуынша, жәдігерлер негізінен түпнұсқа күйінде сақталған. Мәселен, Мұхтар Әуезов өзі ұстаған, тұтынған заттары, оның ішінде портфелі, шапаны, бөркі.

Бұл – 1957 жылы Мұхтар Әуезовке еліне барғанда 60 жылдық мерейтойына арнайы сыйға берген заттар. Мұхтар Әуезовтің «Сауат ашу» дәптерінің түпнұсқасы да сақталған. «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы – ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылық мұрасын көпшілікке таныстыру, насихаттау, зерттеу жұмыстарымен айналысатын ғылыми-мәдени мекеме. Алматы қаласында жазушының өзі тұрған (1951-1961) үйде орналасқан. Заңғар жазушы дүниеден өткен соң оның әдеби мұрасы, көзі тірісінде тұтынған заттары, үй жиһаздары, қолжазбалары жүйеге келтіріліп, тақырыптық көрмелер жасалып, 1963 жылы мұражай ретінде ресми түрде ашылады. Орталық негізінен екі бағытта жұмыс жүргізеді. Бірінші бағыты жазушының өмірі мен шығармашылық мұрасын жинақтау, оны ғылыми жүйеге түсіріп саралау, жариялау және әуезовтану саласы бойынша жарық көрген еңбектерді жинау болса, екінші бағыты — мұражайдағы қолжазбалар мен экспонаттарды, кино, фото, дыбыс қорларындағы мұраларды ғылыми жүйеге түсіру, көрме ұйымдастыру. Қолжазба қорында 72 мыңнан астам жәдігер, сирек кездесетін кітаптар, жазушының күнделіктері мен жолжазбалары, архивтерден жинаған құнды деректері, жеке басы құжаттары, т.б. бар. Бүгінде «Әуезовтану» бөлімі 10 шақты ғылыми монографияны баспаға дайындап, Әуезовтің академиялық 50 томдығын шығарған.

Т.ӘБІЛДА.