Биыл аймағымызда жергілікті маңыздағы және ауылішілік жалпы ұзындығы 722 шақырым жол жөнделген. Бұл жұмыстарға 27 млрд теңге жұмсалыпты. Басым бөлігі, нақтысы, 376 шақырымы елді мекендердегі жолдар болса, 257 шақырымы — аудандық маңыздағы тас жолдар, тағы 89 километрі — облыстық маңыздағы жолдар. Осы бағытта атқарылған жұмыстар сараланған облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясында депутаттар ескертулері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Сапасы талапқа сай ма?
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкировтің мәлімдеуінше, 23 шақырым жол республикалық қазына есебінен жөнделсе, 93 шақырым ауылішілік жолға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы орташа жөндеу жүргізілген. 385,5 километр жолға облыстық бюджеттен қаржы жұмсалған. 220 шақырым тас жол қалалық және аудандық бюджет қаржысына ретке келтірілді. Аталмыш жұмыстардың нәтижесінде биыл нормативтік жағдайдағы жергілікті маңыздағы автожол үлесі 94 пайыз деңгейінде болмақ. Жөндеу жұмыстарының сапасына төрт сатылы бақылау жүргі-зіледі, дейді басқарма басшысы. Яғни, тапсырыс беруші, техникалық, авторлық қадағалау органдарының аттестациядан өткен персоналы және жол активтерінің сапасының ұлттық орталығы бақылайды. Аталған ұлттық орталықтың облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Марат Валиев те қадағалау қатаң жүргізілетінін атап өтті. Айтуынша, ағымдағы жылы орталық мамандары 518 рет жолға инспекция жасауға шыққан. 1605 сынамаға зертханалық сараптама жасаған. Оның 20 пайызы талапқа сай келмейтіні анықталыпты. Жөндеу жұмыстары кезінде технологияның сақталмауына қатысты 80 ақау анықталған. Сонымен қатар, ол кейбір жергілікті әкімдіктер жол жөнделгеннен кейін мердігерде жөндеуаралық және кепілді мерзім болатынын ескере бермейтінін алға тартты. Яғни, осы аралықта жолда ақау болса, оны мердігер есебінен ретке келтіруге болатынын ұмыт қалдырады, деді. Бірақ, облыстық мәсли-хаттың құрылыс, өнеркәсіп және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Виталий Соломкин сапаны қадағалау өз деңгейінде екеніне күмән келтірді. Осы ретте, нақты мысалды алға тартты. Мәселен, Успен ауданында Ковалевка елді мекеніне апаратын жолдың бір бөлігіне сапаны бақылайтын орталық оң сараптама бергенімен, қолданысқа өткеннен кейін жол бұзыла бастаған. Ал керісінше, ақау тауып, сапасыз деп таныған бөлігі еш өзгеріссіз елдің игілігіне жарап жатқанына депутаттар таңданыс танытты. Сондықтан, мамандарға бұл істе барынша әділ қорытынды шығаруға шақырды. Ал тұрақты комиссия мүшесі Исламбек Күлтуманов жолдарды жөндеу кезінде оның санатына айрықша көңіл бөлу керектігін айтты. Әйтпесе, жасалған жұмыс араға жыл салмай жарамай жататынын көріп жүрміз, деді. Осы орайда ол Майқайың-Екібастұз аралығындағы жол 4-санатқа жатқызылып, осыдан бірнеше жыл бұрын жөндеу жүргізілген. Депутат бұл жолмен 70 тонналық жүк көліктері көмір кенішінен арлы-берлі жүйткитіні ескерілмегеніне налиды. Ал үшінші санатқа жатқызылып, жөндеу жұмыстары соған сай жүргізілсе, бүгінгідей шұрық-тесік қалыпқа түспес еді, дейді депутаттар. Сондықтан, кез
келген жолды салу, жөндеу кезінде санатын дұрыс айқындап, бір рет қомақты қаржымен ретке келтірген әлдеқайда тиімді екенін ескертті.
Маңызды бағыт
Халық қалаулылары облыс аумағымен өтетін республикалық маңыздағы жолдың жайын да қозғады. Нақтысы, Павлодар-Астана бағытында Шідерті-Төртқұдық аралығы жүргізушілер үшін қауіпті аймаққа айналғаны айтылды. «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Ермұрат Нұрханов кезінде мердігердің жауапсыздығынан сапасыз жөнделген жолға алдағы жылы жөндеу жүргізу жоспарланыпты. Ал мердігер жауапқа тартылып, 700 млн теңге айыппұл өндірілген. Жалпы, биыл республикалық маңыздағы 112 шақырым жол күрделі жөндеумен қамтылған. Оның 85,5 шақырымында жұмыстар аяқталған. Екі жоба келесі жылы жалғасын табады. Тағы бір жоба бойынша жобалық-сметалық құжат та әзірленбек. Тағы айта өтерлігі, Ертіс өзенімен өтетін жаңа көпірдің құрылысына әзірлік басталып кетті. Яғни, жер учаскелерін рәсімдеу, 3 жер телімін мемлекет меншігіне сатып алу, жасыл желектен тазалау сынды жұмыстар қолға алынған. Ал 2024 жылы республикалық маңыздағы 29 шақырым автожол салу жұмыстары жоспарланған. 88 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жүргізілмек. 2025 жылы өте маңызды жоба, яғни, Павлодар-Успен бағытындағы 152 шақырымдық жолды толық жөндеу қолға алынбақ. Жиында облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко өңірімізден сайланған Сенат депутаттарынан түскен өтінімді ортаға салды. Мәлімдеуінше, олар Баянауыл ауданындағы тарихи-мәдени, туристік тұрғыда маңызды саналатын 26 шақырымдық автожол салуды қарастыруды ұсынып отыр. Бұл жол Мұса Шорман кесенесінен басталып, академик Қаныш Сәтбаевтың туған жерін, ата-анасының мазарын байланыс-тырады, одан әрі ғалым, археолог Кемел Ақышевтің туған жерін қамтиды. 30 шақырымдық жолдың 4 километрі Қарағанды облысының аумағын басып өтеді. Бұл аралыққа көрші облыс әкімдігі құжат дайындап, мемлекеттік сараптамадан өткізген. Құзырлы басқарма басшысы аймағымызда бұл өтінім аясында жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Депутат Болат Аманжолов Железин ауданында Жолтаптық ауылына апаратын жолдың жайын сұрады. Қ.Қашкиров Железин ауданы әкімдігі жобалық-сметалық құжатын әзірлеп, жоба келесі жылдың бюджетіне енгізілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар, депутат Павлодар-Ақтоғай ауданы арасын байланыстыратын автобус мар- шрутын әлеуметтік маңызды бағыт ретінде субсидиялау мәселесін көтерді. Субсидиялауды алдағы жылдың алғашқы тоқсанында бюджетке енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді.
Құрылыстың қарқыны
Биылғы құрылыс қарқыны келесі жылы да жалғасын таппақ. Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Сатабаевтың мәлімдеуінше, алдағы жылы білім саласында 9 нысанның жобасы қолдау тапқан. Мәселен, Екібастұзда екі балабақшаның төбесі толық жаңартылмақ. Ақсу қаласына қарасты Үштерек, Береке ауылдарында балабақша құрылысының жобалық-сметалық құжаты әзірленеді. Баянауыл орталығында да балабақша реконстукциялаудың құжаты дайындалады. Денсаулық сақтау бойынша облыстық қазынадан 823 млрд теңгенің жобалары мақұлданған. Көбінде алдағы жылдары жүзеге асырылатын жобалардың құжаттарын әзірлеуге басымдық берілген. Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту аясында 20 жоба қолдау тауыпты. Ал спорт нысандарын дамытуға облыстық қазынадан 3,8 млрд теңге қарастырылып отыр. Оған Ақсу қаласында мұз айдыны, Павлодарда көркем гимнастика орталығы, Успен ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Баянауылда спорт кешені және тағы басқа бірқатар нысан салынады. Одан бөлек, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым құрылысына да көңіл бөлінбек. Осы орайда, депутаттар Май ауданындағы орталық аурухананың мәселесін атады. Мұнда жерасты суының көтерілуінен қолайсыздық тууда. Басқарма басшылығының мәлімдеуінше, мәселені шешуге бағытталған алғашқы жоба экологиялық талаптар тұрғысынан іске аспайтын болды. Себебі, сорылған суды Ертіс өзеніне бағыттауға рұқсат жоқ. Себебі, Ертіс трансұлттық өзен болған-дықтан, мүмкін болмай отыр. Сондықтан, мамандар су жинақтайтын көл ұйымдастыру үшін құжаттар әзірлеуге кірісіп кеткен. Жиынды қорытындылаған облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко комиссияның отырыстарында депутаттар жыл басынан бері сөз еткен мәселелер, ұсыныстар мемлекеттік органдарға жолданғанын, көбінің облыстық бюджеттен көрініс тапқаны атқарылған жұмыстардың нәтижесі екенін атап өтті. Ал әлі де бюджетке енбегендері келесі жылы қазыналық құжатқа түзетулер енгізу кезінде ескерілмек. Бұл жұмыстар мәслихатты жаңғырту аясында іске асып жатыр, деді. Тұрақты комиссия отырысында депутаттар құзырлы органдарға халыққа көп жылға кәдеге жарайтын жолдар қажеттігін қайта-қайта еске салды. Жалпы, қай істе де сапаға, оның маңыздылығына мән беру керек, деді.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.