Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңесте «Бизнеске жол» жобасы аясында бизнес субьектілерін қорғауға қатысты жұмыс тобының есебі тыңдалып, жыл бойы атқарылған жұмыс қорытындыланды.

Төралқаның кеңейтілген отырысында облыстық қоғамдық кеңес мүшелері бизнес саласындағы сыбайлас жемқорлық фактілерін жою және кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғайтын «Бизнеске жол» жобасының өңірде жүзеге асырылу нәтижелерін талқылады. Кеңеске өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің превенция басқарма-
сының, өңірлік Кәсіпкерлер палатасының, мемлекеттік органдардың басшылығы, сондай-ақ, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының, шағын және орта бизнестің өкілдері қатысты. Басқосудың негізгі мақсаты – билік пен бизнестің арасында сындарлы диалогты арттыру, бизнес өкілдерімен бірге өңірдегі бизнес климатты және инвестициялық ахуалды талқылау. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің превенция басқармасының басшысы Мереке Әбдірахманов жиынға қатысушыларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы соңғы новеллалар туралы хабардар етіп, кәсіпкерлердің нақты мәселелерін шешуде практикалық көмек көрсету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

— Шағын және орта бизнес — кез келген ел экономикасының негізгі драйвері. Бизнесті қолдау арқылы жаңа жұмыс орындары құрылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы арта беретіні сөзсіз. Бүгінгі таңда кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Випон» бағдарламасын іске қостық. Оны кез келген кәсіпкер қосымша ретінде телефонына қондырып, сол жерден шағым түсіре алады. Қарапайым тұрғындар да, кәсіпкерлер де салықтық, өзге де қаржылық құқықтары бұзылғандығын тікелей жеткізе алады. Жемқорлыққа қарсы мониторингті де осы бағдарлама арқылы жүргізудеміз, — деді басқарма басшысы. Сонымен қатар, Мереке Әбдірахмановтың айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жыл басынан бері «Бизнеске жол» жобасын іске асыру барысында департамент «Атамекен» ӨКП және мемлекеттік органдармен бірлесіп ТКШ, құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, сондай-ақ, логистика саласындағы 13 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтары мен мүдделерін қорғады. Кеңес барысында жер қойнауын пайдалану саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің, атап айтқанда, жасалған келісімшарттар мен берілген лицензиялар шеңберінде жер телімдерін рәсімдеу мәселесі де қозғалды. Бұдан бөлек, отырыстың күн тәртібінде субсидиялар, салық салу, мемлекеттік сатып алулар саласындағы және мемлекеттік гранттар беруде анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жәрдем көрсетудің және оларды қолдаудың проблемалық мәселелері жан-жақты талқыланды. Кеңеске қатысушылар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде адал бизнес-ортаны ынталандыру және ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар жүйесін енгізу маңызды екенін айтты. Кеңес соңында бизнес пен қоғамды толғандыратын мәселелерді нәтижелі және объективті шешу үшін жоғарыдағы уәкілетті органдардың араласуы қажет деген уәж айтылды. Сонымен қатар, түрлі фракциядағы депутаттық корпус та осы жұмысқа жұмылдырылмақ.

А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.