Тұтынушылар тауарларды сатып алу барысында түрлі келеңсіздіктерге кездеседі. Мәселені өз бетінше шеше алмаған жағдайда оларға Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің көмегіне жүгінуге тура келеді. Сатушылар департамент іске араласқаннан кейін ғана клиенттерінің талаптарын орындайды.
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова мәлімдеді. Жыл басынан бері аталмыш ведомство 900-ден астам өтініш қабылдаған. Талдау нәтижесі Павлодар облысында тұтынушылардың құқықтары көбінесе бөлшек саудада (593 өтініш) және тұрмыстық қызметтер саласында (147 өтініш) бұзылатыны анықталды. Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова тәжірибеде кездескен жағдайлар туралы айтып берді.
— Тұтынушы тоңазытқышын жөндеу үшін сервистік орталыққа апарған. Алайда, біраз уақыттан кейін ол жөндеу жұмыстары нашар жасалғандықтан тоңазытқышы қатырмайтынын анықтайды. Содан соң орындаушыға алдымен ауызша, кейін жазбаша түрде кемшіліктерді түзету немесе 45 мың теңге сомасында жөндеуге жұмсалған ақшаны қайтаруды талап етеді. Қызмет көрсету орталығында клиент талаптарды орындамады. Сонымен қатар, олар тіпті шағымға жауап бермеген. Кейін тұтынушы департаментке жүгініп, соның негізінде тексеру жүргізілді. Нәтижесінде кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тұтынушыға қаражатын қайтарып берді, — дейді Нұрсұлу Әубәкірова. Тұрмыстық техника дүкендерінің бірінде осыған ұқсас оқиға болған. Тұтынушы монитор сатып алған кезде тауар салынған қорап ашып, тексерілмеген. Бұл ретте тұтынушыға ақау анықталса, сатып алынған затты 14 күн ішінде қайтаруға болады деген уәж айтылған. Үйде жаңа монитордың жұмыс істемейтіні белгілі болады. Алайда, сатушы экранның бұзылғанын көрсетіп, тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тартады. Бұл ретте монитордың зақымдануына ешбір сараптама жүргізілмеген. Жазбаша шағымына жауап берілмеген соң клиент сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Бірінші жағдайдағыдай, кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сатып алушыға монитордың құны мөлшерінде ақшаны қайтарып берді. Департаментте тұтынушылар құқығын қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Т.ӘБІЛДА.