Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасының өсуі қашан да қалың жұртты алаңдатады. Себебі, күнделікті тұтынатын азық-түліктің қымбаттауы қалтаға салмақ түсіреді. Міне, сондықтан Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті мамандары ай сайын талдау жасап, негізсіз өсімнің жолын кесуге әрекет етеді.
Мәселен, биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түріне жататын С-1 категориялы жұмыртқа бағасының өсуіне қатысты департамент талдау жүргізіп, өңіріміздің нарығында үлесі басым екі ірі кәсіпорын – «Павлодар-Құс» және «Шарбақты-Құс»-қа хабарлама хат жолдаған. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында департаменттің бәсекелестікті дамыту бөлімінің басшысы Әсел Нысанбекова мәлім етті. Айтуынша, биыл С-1 категориялы жұмыртқа бағасы статистикалық мәліметтерге сәйкес жыл басынан бері 6,7 пайызға өскен. Қос кәсіпорын хабарлама хаттан кейін Қазақстан құс өсірушілер одағымен және Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығымен аталмыш өнімнің бағасын қымбаттатпауға уағдаласқан. Осылайша, қарашадан бері жұмыртқаның аталған түрінің бағасы өспеген. Департамент басшысының орынбасары Қуат Өтеуовтің мәлімдеуінше, биыл облыстың тауар нарығындағы бәсекелестік жағдайына 42 талдау жүргізіпті. Бұл ретте, жанар-жағармай, сұйылтылған мұнай газы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына, есепке алу құралдарына қызмет көрсету, сауда орындарын жалға беру бағытындағы бәсекелестікті бағамдаған. Монополияға қатысты заңнама талаптары бұзылған жағдайда нарық субъектілеріне ескерту беру, алдын алу немесе тауар айналымының 3-5 пайызы көлемінде айыппұл салу арқылы бәсекелестікті қорғауға әрекет етеді. 2023 жылы 8 әкімшілік іс қозғаған. Сонымен қатар, нарықтағы ахуалды талдай отырып, заңнамаға қайшы белгілер байқалса, ескерту жібереді. Биыл осындай 13 хаттама толтырылыпты. Құзырлы орган өкілі Ә.Нысанбекованың айтуынша, мұндай ескертулер әлеуметтік маңызы бар тауарлар – сүт, сүзбе өнімдерінің, көлік саласындағы бағаларға қатысты жасалған. Мұндай ескертулер арқылы тауар өндірушілердің кемшілікті ерікті түрде жоюына мүмкіндік береді. Павлодарлық сүт өнімін шығаратын екі кәсіпорын кейбір азық-түлік түрлерінің бағасын негізсіз өсірген. Департаменттің араласуымен баға қалыпқа келтірілген. Өсімнің орын алғанын сала мамандары статистикалық мәліметтерді талдау кезінде аңғарады. Кейбір тұрғындардан өтінім түседі. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағытында, яғни, бәсекелестіктің заңға сәйкес болуын реттеу бойынша да департамент жұмыстар жүргізеді. Мәселен, биыл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жеңілдетілген жанар-жағармайды үлестіретін операторлардың бірінен шағым түскен. Бұл қызметті жүзеге асыратын облыста екі оператор анықталған. Алайда, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жанар-жағармайды екеуіне теңдей бөлмей, біреуіне басымдық бергені анықталған. Құзырлы орган жағдайды реттеп, күзгі жиын-терім барысында дизельді отын екі операторға теңдей бөлінген.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.