Өңірдің тарихынан сыр шертіп, өткен оқиғаларды, құжаттарды сақтайтын облыстың басты «жадысы» — аймақтың мемлекеттік архиві. Соңғы жылдары мұндағы деректердің басым бөлігі цифрландырылып, мәлімет іздеудегі жұмыс айтарлықтай жеңілдеді. Сонымен қатар, материалдық-техникалық база нығайып, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға ден қойылды. Десе де, шешімін күткен күрмеулі мәселелер де бар.
Өңірдегі аудан-қалаларда Павлодар облысы мемлекеттік архивінің 11 филиалы мен 7 бөлімі жұмыс істейді. Бүгінде мұнда 1 миллоннан астам құжат сақтаулы. Олардың 93 пайызы Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының құжаттары санатына жатады. Жергілікті архивтен 1766-2017 жылдар аралығындағы құжаттарды табуға мүмкіндік бар. Ал оларды іздеу қиындық тудырмас үшін 2018 жылдан бері құжаттарды цифрлық форматқа көшіру ісі жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен брифинг барысында Павлодар облысы мемлекеттік архиві басшысының орынбасары Қаражан Татбай тарқатып айтты.
— Соңғы бес жыл дересінде барлығы 111 929 құжат цифрландырылды. Бұл — архив қорының 10,4 пайызы. Келесі жылы тағы 38 605 істі электронды форматқа ауыстыру жоспарланып отыр. Бұл ретте материалдық-техникалық базаны нығайту үшін де ауқымды істер атқарылды. Мәселен, биыл «Архив-2025» кешенді жоспарының аясында 52 млн теңге қарастырылып, бұл сомаға 33 компьютер, 37 көпфункционалды құрылғы, жоғары жылдамдықтағы 7 сканер сатып алынды. Мұндай мүмкіндік цифрландыру жұмысын ілгерілете түсетіні анық, — дейді Қ.Татбай. Бұл ретте Павлодар қала-сындағы қоймаларының толымдығы 102 пайызға жеткенін атап өту керек. Соның салдарынан құжаттарды мемлекеттің сақтауына қабылдау тоқтап тұр. Бұл сала қызметкерлерінің жалақысы өзгелермен салыстырғанда төмендеу болғандықтан, жас мамандардың да қатары сирек. Қазіргі кезде облыс бойынша мұрағат ісімен 110 адам айналысады. Олардың орташа жасы – 51,2 жас. Бұл мамандықтың қызығушылығын арттырып, жас кадр-лармен толықтыру үшін еңбекақыны кезең-кезеңмен арттыру жоспарланған. Айталық, жалақы былтыр 22, биыл 23 пайызға өссе, келесі жылы 26 пайызға, 2025 жылы тағы 29 пайызға арттыру көзделіп отыр. Қазіргі таңда мекемедегі орташа еңбекақы көлемі — 207 мың теңге, ең аз айлық — 150 мың теңге.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.