2024 жылы қазақстандықтарды көптеген өзгеріс күтіп тұр. Мәселен, зейнетақы мен жәрдемақы, ең төменгі жалақы, декларациялаудың үшінші кезеңі, автогаз бағасы, онлайн петиция. Осы және өзге де өзгерістер ұлу жылында күшіне енеді. Ендеше түзетулер мен толықтырулар енгізілген бірқатар заңнама құжаттарына қысқаша тоқтала кетейік…
Газбен жүретін көліктер арнайы белгі жапсыруға міндеттелді
Жаңа жылдан бастап қазақстандықтар газбен жүретін автокөлігіне арнайы белгі жапсыруға міндеттеледі. Арнайы белгі – жиегі қара түсті және «GAS» деген жазбасы бар сары теңбүйірлі үшбұрыш. Газбен жүретін, бірақ көлігінде «GAS» белгісі жоқ жүргізушілерге 3 АЕК немесе 11 076 теңге айыппұл салынады. Сауда министрлігінің ақпаратынша, елімізде газ баллон жабдығы орнатылған 380 мыңнан астам автокөлік тіркелген.
Жүк көліктеріне айыппұл салына бастайды
2024 жылы қалаларға кіретін және одан шығатын жолдарға арнайы бейнекамералар орнатылады. Олар ауыр жүк көліктеріне артық салмақ үшін автоматты түрде айыппұл салады. Сондай-ақ, 220 камераны «Сергек» бейнебақылау жүйесімен біріктіру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, көлік министрлігі бөлінбейтін ауыр жүктерді тасымалдауға ресми арнайы рұқсаттар беру және самосвалдардың жолдармен қозғалысын шектеу тетіктерін пысықтап жатыр. Егер министрліктің ұсынысы Үкімет пен парламентте қолдау тапса, артық жүктің шегі мен ақысы бекітіледі. Сонымен қатар, ауыр карьерлік жүк көліктеріне 2025 жылдың аяғы мен 2026 жылдың басында қазақстандық жолдармен жүруіне тыйым салынады.
Петиция Үкімет деңгейінде қаралады
2024 жылы сәуір айынан бастап онлайн петиция берудің арнайы платформасы іске қосылады. Петицияны міндетті түрде қарау үшін аудандық, облыстық және республикалық деңгейде дауыс шегі бекітілген. Сол шекті мәнге жеткен петиция ғана қолдау тапты деп саналады. Оның ішінде аудан әкімдігі қарау үшін – 2,5 мыңнан астам, аудандық мәслихат үшін – 5 мың, облыстық деңгейде – облыс халқының 1 пайызынан астамы, облыстық мәслихат – облыс тұрғындарының 2 пайызы және Үкімет деңгейінде қарау үшін 50 мың адамның қолы қажет. Петицияны электронды түрде де, жазбаша да беруге болады.
Саусақ іздерін тапсыру
Жаңа жылдан бастап қазақстандықтар саусақ іздерін ерікті түрде тапсырады. Дактилоскопиялық тіркеу шетелдіктерге ғана міндетті болады. Азаматтар саусақ ізін жеке басын куәландыратын құжаттарды жасатқанда тапсыра алады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қазақстандықтарды дактилоскопия- дан өтуге ешкім міндеттемейді. Елімізде «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң 2016 жылы қабылданған болатын. Алайда саусақ іздерін тапсыруға қатысты норма тек 2024 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Бастапқыда ҚР Ішкі істер министрлігі Қазақстанның 16 жасқа толған барлық азаматын саусақ іздерін тапсыруға міндеттеуді жоспарлаған еді. Бірақ кейін заңға өзгерістер енгізіліп, республика азаматтары дактилоскопиялық тіркеуден ерікті түрде өтетін болды.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.