Соңғы кезде елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер қатары артуда. ҚР Бас прокуратурасының мәліметі бойынша күн сайын күйеуінен зәбір көрген 300-ден астам қазақстандық келіншек полицияға арызданатын көрінеді. Отбасылық кикілжіңнің кесірінен бір жылда 80-ге жуық әйел көз жұмып, 4 мыңнан астам ана түрлі жарақат алатыны анықталған.
Қоғамның жазылмас жарасына айналған жайттың белең алуына не себеп? Жалпы, қиындыққа тап болып, бала-шағасының амандығы үшін алаңдаған жандарға қолдау көрсететін мекемелер бар ма?
Бұл сұрақтар Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жан-жақты талқыланды.
Қазіргі таңда еліміздің үлкен қалаларында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге көмек беретін арнайы орталықтар жұмыс істеуде. Мұндай мекемелер облысымызда да бар. Соның бірі — «Балалары бар әйелдердi әлеуметтiк-психологиялық сауықтыру және бейiмдеу Павлодар қалалық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (КММ). Мұнда отбасындағы ойранның салдарынан қиын өмір жағдайына тап болған келіншектерге түрлі көмек көрсетіледі. Орталық директоры Айнаш Ілиясованың айтуынша, бүгінде бұл мекемені 52 адам паналауда.
— Біздің орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге әлеуметтік, психологиялық, заңгерлік көмек көрсетіледі. Осындай жандардың балаларымен бірге тұруына да жағдай жасалған. Яғни, басынан баз кешкен аналар бала-шағасымен орталықта 1 жылға дейін тұра алады. Оларға 5 мезгіл тамақ беріледі. Егер балабақшаға баратын баласы бар болса, оны орналастыруға, ал мектеп жасындағы балалардың қатарынан қалмай білім алуы үшін барлық жағдайды жасаймыз. Мұнда әйелдер өз аяғымен немесе мемлекеттік мекемелердің жолдамасы арқылы келеді. Алдымен әрқайсысымен психолог мамандар жұмыс жүргізіп, нақты қандай көмек керек екенін анықтайды. Олардың арасында неше түрлі жағдайды басынан өткізген аналар кездесіп жатады. Тіпті, кейбіреуінде құжаттары да болмайды. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмекті ала алмай жүргендер де бар. Біз оларға заң тұрғысынан тиісті көмек көрсетіп, құжаттарын рәсімдеуге, жұмысқа орналасуына, басқа да мәселелерін шешуге қолдан келгенше жәрдем береміз, — дейді Айнаш Ілиясова. Оның сөзінше, бүгінгі күні орталықта 15 ана мен 37 бала тұрып жатыр. Ал өткен бір жылдың ішінде бұл мекемені 131 әйел мен 300-дей бала паналаған. Олардың қатарында аймағымызға қарасты қала, аудандармен қатар, Астана, Қостанай, Қарағанды, Абай, Шымкент облыстарының да әйелдері бар екен.
— Біздің басты мақсатымыз — қиындыққа тап болған аналар мен балаларға қол ұшын созу. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жандарға көмек көрсетуден еш аянып қалмаймыз. Осындай жандар өмірден күдерін үзбесін, керісінше, қиындықты жеңу үшін күресе білуді үйренуі қажет. Құжаттарын рәсімдеуге де қолдау көрсетеміз. Мекенжа- йымыз: Павлодар қаласы, Қамзин көшесі, 20/1 үйде орналасқан. Сондай-ақ, 54-03-03 сенім телефоны күні-түні қызмет көрсетеді, — дейді орталық директоры.
Баспасөз мәслихатында сондай-ақ, Павлодар қала-сындағы «Ана үйі» қорының психолог маманы Айнагүл Шүкірова да сөз алып, қазіргі қоғамда әйелдерге көрсетілетін қысымның көбейіп кетуінің себеп-салдарын түсіндірді.
Нұржайна ШОДЫР.