«Сарыарқа самалы» газетінің ардагері Төлеубек Қоңырдың туғанына – 85 жыл
Төлеубек Қоңыр. Ертістің Павлодар өңірінде осы журналистің есімін білмейтін алдыңғы толқын өкілдері сирек, сірә. Оның да себебі бар. Төкең шығармашылық еңбек жолында облыстың барлық дерлік мекенінде болып, елдің елеулі азаматтарымен кездесіп, көптеген әулеттердің шежіресіне қанып, үлкен очерктер жазып жариялаған адам. Әсіресе, Ұлы Отан соғысынан қайтқан ардагерлер туралы жазғанда оның қаламы кідіруді білмейтін еді.
Биыл Қазақстанның Құрметті журналисі, Май ауданының Құрметті азаматы Төлеубек Қоңыровтың туғанына – 85 жыл. Ол еңбек жолын «Қызыл ту» газетінің курьері – хат тасушысы болып бозбала күнінен бастағанын айтып отыратын. Кейін Қазақстанның Халық жазушысы, сол кездегі газет редакторы Әзілхан Нұршайықовтың жолдамасымен Алматыда ҚазМУ-дің журналис-тика факультетінде оқып, қазақтың сол кездегі небір алыптарының алдында сабақ алды.
Түркітанушы ғалым, Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» (ол кезде «Кеңес туы») газетінің алғашқы редакторы Бейсенбай Кенжебаевтың дәрісін тыңдағанын мақтан етіп айтушы еді. Студент шағында пойызда әйгілі Алашорда өкіметінің мүшесі, Қазақстанның қазіргі картасын Лениннің алдында қорғап қалған Әлімхан Ермековпен сапарлас болғанын сыр ғып шертетін. Ол өзінің бар ғұмырын өзінің туған өлкесі – Май өңірінің тарихын тереңінен насихаттауға арнады десек, дұрыс болар.
Ақшиман, Аршалы өңірі десе, Төлеубек ағаның еміренуі ерекше еді. 9 жасымда бұзау бағып жүргенде Ұлы Жеңісті ала келген сарбаздарды ауылымда қарсы алдым ғой, деп тебіренуші еді. Содан бері Төкеңнің қаламынан соғыстың қаһармандары туралы небір тамаша дүниелер төгілді. Югославиядағы партизандар қозғалысының кейіпкерлері туралы ізденісі көпті таңдандырды.
Павлодар жеріндегі қатысу-шыларын тауып алып, олардың мәртебесін қорғап, құжаттағы кейбір әділетсіздіктерді түзеуге көмектесті. Бұл жайлы сол соғыс қаһармандарының ұрпағы толық айтып бере алады. Ол өзінің журналистік еңбегінде туған жердің перзенті қандай болуы керектігін жырлап өтті. Ешбір дабырасыз, марапатсыз өзінің Аршалысын аспанға шығарып, асқақтатты.
Төлеубек Қоңыров 1939 жылы 4 қаңтарда бұрынғы Айғыржал облысы, қазіргі Май ауданы Ақжар селолық кеңесінің Төребұлақ ауылында орта шаруа отбасында дүниеге келген. 1945 жылы 1 қыркүйекте Қызыл еңбек ауылындағы Қазақстан орта мектебінің 1-сыныбына оқуға түсіп, Май орта мектебін 1955 жылы маусымда бітірді. Павлодар-дағы «Октябрь» заводында жүкші, облыстық «Қызыл ту» газетінде хат тасушы (курьер) болып қызмет етті.
Ол туралы Төкең кейін естелігінде жазады:
«Мен осында хат тасушы (курьер), корректор болып еңбек жолымды бастап едім. Сонда он алты жаста болатынмын. 1956 жылы осы газеттен жазушы, журналист, редактор Әзілхан Нұршайықовтың бағыт сілтеуімен ҚазМУ-ге, журналистикаға оқуға кеттім. Газетпен студент кезінде де байланысымды үзген жоқпын. Ара-тұра жазып тұрдым да. Сонымен бірге, өндірістік практиканы осында өткізіп жүрдім. Оқуымды, әскери міндетімді бітірген соң, «Қызыл туға» қызметке келдім. Аяқ алысым жаман болған жоқ».
Айтқандай, 1956 жылы жазда облыстық газеттің редакторы Әзілхан Нұршайықовтың жолдамасымен қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Факультеттің арнаулы тобын үздік бітіріп, 1961 жылы облыстық «Қызыл ту» газетінің редакциясына келді, идеология бөлімінде тілші болып қызмет етті.
1963 жылы Хрущевтің Қазақ-станның солтүстіктегі 5 облысын біріктіріп, Тың өлкесі етіп жариялау туралы науқаны Павлодар өңірінің газетінің уақытша жабылып қалуына әкеліп соқты. Сол кезде Төлеубек аға Ақмола өңіріне аттанып, «Тың өлкесі» газетінде тілші, аға тілші болып еңбек етті.
Кейін Тың өлкесі таратылып, облыстар қайтадан өз газетін ашып, журналистер өз өңірлеріне қайтады. Төлеубек Қоңыр 1966 жылдан бастап Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. 2002 жылдың тамызында құрметті еңбек демалысына шықты.
Т.Қоңыров ғұмырының 58 жылын журналистикаға арнады, Май ауданынан шыққан тұңғыш дипломды журналист. Облыстық газеттің тіршілігіне 16 жасынан бастап араласқан азаматтың еңбегі елеулі. Қаламгердің еңбектері одақтық «Труд», «Сельская жизнь» газеттерінде, республикалық «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан»), «Ауыл» газеттерінде, журналдарында жарық көріп келді. Бірнеше мәрте конкурстардың жүлдегері атанды. 1979 жылы ақпанда «Қызыл ту» газетінің 50 жылдығына орай Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен, 1981 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. «Құрмет белгісі» орденін облыста журналистер арасында алған тұңғыш адам еді, әрі одан кейін ұзақ уақыт ешкім иеленген де емес.
Екі рет Павлодар қаласы Индустриалдық аудандық Кеңесінің депутаты болып сайланды. 2004 жылы облыстың 75 жылдығына орай мерейтойлық медальға ие болды. Қазақстан журналистикасын дамытуға қосқан зор үлесі үшін және көрнекті қызметі үшін «Қазақстанның Құрметті журналисі» белгісімен наградталды.
Соңғы жылдары өлкетану, тарих бағытында бірнеше кітаптар жазды. Олардың көпшілігі өзі туып-өскен Май ауданының тарихына қатысты деректерден құралған.
Атап айтқанда, «Аршалы ардақ-тылары», (Павлодар, 2001 жыл), «Бөкейханнан Баубекке дейін», (Павлодар, 2007 жыл), «Журналистің жазбалары», (Павлодар, 2014 жыл), «Төреден тараған арғы заты», (Астана, 2015 жыл), «Шұға әңгімелері», (Павлодар, 2006 жыл), «Жат жерде жүріп жасқанбай», (Павлодар, 2006 жыл) кітаптарының авторы, үш томдық «Жеңімпаздар – Победитель» кітабын құрастырушылардың бірі (Павлодар, 2015 жыл) атанды. Осы еңбектері Т.Қоңырды Павлодар облысы көлемінде Ұлы Отан соғысы жылдары, ол кездегі батырлар, халық шаруашылығы, облыстың тарихы мен тыныс-тіршілігі туралы жалықпай жазып келе жатқан бірден-бір қайраткер журналист ретінде көпшілікке танытты.
Бүгінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты, журналист Нұртөре Жүсіп 1985 жылы еңбек жолын Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде бастағаны белгілі. Сол бір ыстық шақтар туралы естелігінде былай дейді: «Жас журналист ретінде алдыңғы буын ағалардың аялы алақанының жылуын сезіндім. Әсіресе, Айтжан Бәделханов, Төлеубек Қоңыров, Мұқамеджан Дәуренбеков, Әлібек Жүсіпов, Әбдеш Баймұрзин, Жылқыайдар Қарпықов, Қажымұрат Смағұлов, Еренбақ Әлжанов, Төлеутай Төлеубеков, Бақыт Баймұратов сияқты ағаларымыз журна-листиканың кәсіби қыр-сырына қанықтырды. Төлеубек Қоңыров ағамыз екі тілге бірдей еркін. Қазақша десеңіз қазақша, орысша десеңіз, орысша төгілтіп жазады. Төкең — өте еңбекқор адам. Мұндай сауатты кадрлар кемде-кем. Төкеңнен үйренген тәлім-тәрбием де аз емес».
Төлеубек ағаның ағалық қамқорлығы туралы Қазақстанға танымал журналистер Фарида Бықай, Ғалым Омарханов, тағы басқалары өз естеліктерінде жиі айтады.
Біз, 2000 жылдары редакция қызметкерлері қатарына қосылған жастар, Төлеубек Қоңыр ағаның зейнетке шығу мерзіміне сәйкес келдік. Десе де, оның туған редакциясымен байланысы өмірден өткенінше жалғасты. Ол әрдайым осындағы жас буынды еркелетіп, маңдайынан құшырлана иіскейтін. Мұндай қасиетті кейін біз ешкімнен көрген емеспіз.
Төлеубек аға «Сарыарқа самалы» газетінің тағы бір айтулы тұлғасы, Қазақстанның Құрметті журналисі Қажымұрат Смағұлмен қатты сыйласып, өзара құрметтің өнегесін танытатын. Қажекеңмен әрі замандас, әрі оның нағашысымын дейтін. Бұл екі ағаның қыл өтпес достығы, өзара қатты қалжыңдасуы секілді қасиеттерді басқалардан осы күнге дейін кездестірген емеспін. Екеуі отыз жылдан астам уақыт бір бөлмеде жұмыс істеп, бір күнде құрметті демалысқа шыққан. Бұл туралы кезінде журналист Қайрат Әбілданың жазғаны да бар. «Біздің жаман жиеніміз ғой» деп, Төкеңнің Қажекең туралы айтатын әңгімесі, әуелде бізге, жастарға, біртүрлі қызық естілетін. Сөйтсек, бұл талайғы қалжың әңгіменің ұшығы екен. Төлеубек ағаның да қамқорлығын сан мәрте танығанбыз. Тілеуқор ағаның болғаны қандай жақсы еді. Кейін ағамыз отбасымен Астанаға қоныс аударды. Бірақ поштамен ұдайы хат салып, телефон шалып, редакциядағылардың амандығын біліп тұратын.
2019 жылы 15 ақпанда «Сарыарқа самалы» газетіне 90 жыл толды. Өмір бойы еңбек етіп, туған қара шаңырағы болып кеткен басылымның торқалы тойы Төкең үшін ерекше еді. Сол себепті ол редакция тарихынан көптеген естеліктер жазып жариялады. Мерейтой күні таңертеңнен алғашқы болып Астанадан арнайы телефон соғып: «Менің «Сарыарқа самалым» 90-ға келді» деп тебіреніп сөйлеп, бізді де құттықтағаны есімде. Мұндай жан-тәнімен берілуді біз тек осы атпал ағамыздың бойынан көрдік десек, қате айтқандық емес. Газетінің тоқсан жылдық мерейтойы аталған жылы көктемде Төлеубек Қоңыр ағамыз дүниеден өтті.
Өте қарапайым, салмақты, қамқор әрі мейірімді ағаның тұлғасы бүгінде тәлім-тәрбиесін алған іні-бауырларының, қарындас-тарының жадында, жүрегінде. Ағамыздың жаны жаннатта, топырағы торқа болсын деп тілейміз.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.