Шыны керек, осы күнге дейін облыстағы кейбір ауылда әлі мектеп жоқ екен. Бәлкім, мұны естігенде бірден бала саны аз шығар деп ойлап қаларсыз… Керісінше, бұл елді мекендерде халық қарасы көбейіп, қара домалақтардың қатары жылдан-жылға артып келе жатқан көрінеді. Соған қарамастан, білім беру мекемелерінің болмауы көптен бері тұрғындарды толғандыруда. Осындай ауылдың бірі – облыс орталығына тиіп тұрған Павлодар ауданына қарасты Бірлік елді мекені. Мұндағы 100-ге жуық бала қатарынан қалмай білім алуы үшін көрші ауылдың мектебіне сабылуда. Сонымен қатар, Екібастұз қаласы Бәйет ауылдық округінің Атығай ауылындағы жағдай да мәз емес. Осында бұрын-соңды мүлдем мектеп болмағандықтан 100-ден астам оқушы балабақша ғимаратын оқу ордасына айналдырып алған. Соның салдарынан бақшаға баруы тиіс 60 шақты балғын үйде отыр.
Сонымен, жылдар бойы мектепке зар болған ауылдықтардың арманы орындала ма? Жауап іздеп көрсек…
Бірліктіктер білім ордасына зәру
Облыс орталығынан небары 21 шақырым қашықта жатқан Павлодар ауданы Бірлік ауылының тұрғындары көптен бері бір білім ордасына қол жеткізе алмай отырғандарын айтады. Елді мекенде жылдан-жылға халық саны да артуда. Ауылға алыс-жақыннан көшіп келушілер қатары көбейген. Сол себепті, соңғы уақытта бала саны да өсуде. Бүгінгі күні мектепте оқитын 94 оқушы күн сайын көршілес Заря ауылындағы Заря жалпы орта білім беру мектебіне барып білім алуда. Екі елді мекеннің арасы 5 шақырым болғандықтан, балаларды арнайы мектеп автобусы тасымалдайды.
— Қазіргі уақытта мектебімізде барлығы 430 оқушы оқиды. Балаларға орын жеткілікті. Десе де, Бірлік ауылында жеке білім беру мекемесінің салынғанын қалаймыз. Себебі, бұл елді мекенде бала санының артып келе жатқаны байқалады. Біз мұнда басқа ауылдан келетін шәкірттерімізге мектеп бағдарламасы бойынша ғана білім бере аламыз. Ал олардың сабақтан соң қосымша оқуға қалып, түрлі үйірмелерге қатысуына мүмкіндік жоқ. Өйткені, басқа ауылдардан келетін балалар бірінші ауысымнан шығып, ауылына жеткенше түс ауады. Яғни, сағат 15.00-ден кейін мектептен шыққан балалар үйлеріне барып, ауқаттанып алып, жиылып-теріліп қайта келгенше кеш болып кетеді. Сондықтан тасымалданатын балаларды қосымша дамытуға жағдай жоқ. Мұны шешудің жалғыз жолы бар. Ол – Бірліктің өзінде мектеп ашу. Осы мәселені ата-аналар да жиі көтеруде. Жергілікті әкімдік те, облыстық білім беру басқармасы да бұл жағдайдан хабардар. Жоғары жақтағылар болашақта жаңа білім ордасының құрылысы салынады деп айтты. Сол қуанышты күнді тағатсыздана күтудеміз, — дейді Заря жалпы орта білім беру мектебінің директоры Гүлжанар Жанкаринова.
Иә, жаңа білім ордасының ашылуы Бірліктегі бүкіл халықтың арманына айналған. Осы ауылдың тұрғыны Айтжамал Әубәкірова:
— Мен Бірлік елді мекенінде көптен тұрамын. Былай қарасаңыз, ауылда ел қызығатындай ештеңе жоқ. Мектеп те, мәдениет үйі де, кітапхана да, спорт алаңы да мүлдем жоқ. Тек шағын орталық қана бар. Ауылымыз сырт көзге алақандай-ақ болып көрінгенімен, 400-ге тарта адам тұрады. Оның басым бөлігін өз қаракөздеріміз құрайды. Қуантарлығы, «Бірлік» деген атына сай мұндағы тұрғындар да береке-бірлігі жарасып, тату-тәтті өмір сүруде. Осындай қаймағы бұзылмаған қазақ ауылына жеке білім ордасы ауадай қажет. Жас ұрпақтың қатарынан қалмай білім алуы үшін барлық жағдай жасалса екен деген тілегіміз бар, — дейді.
Жарқын болашақ үшін алаңдаған ананың бұл талап-тілегі орынды. Себебі, мектебі жоқ ауылдың болашағы бұлыңғыр екені сөзсіз. Өкініштісі, қазіргі таңда мұнда жан-жақтан көшіп келушілер қарасы көбейіп, халық саны артқанымен ауылдың дамуы көңіл көншітпейді. Тіпті, осында әлеуметтік нысандарды айтпағанда, балалар ойнайтын спорт алаңы да жоқ көрінеді. Елді мекеннің байырғы тұрғындары бұл жағдай болашақта жас шаңырақтардың ұзақ тұрақтамауына себеп бола ма деген қорқыныштары бар екенін де алға тартуда.
Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәуреш Қалиеваның айтуынша, бүгінде Бірлік ауылында мемлекеттік тілде білім беретін шағын орталық қана жұмыс істейді. Оның ғимараты да таршылық етеді.
— Бұл елді мекенде аумағы бір жер үйдің көлеміндей мектепке дейінгі мекеме ғана бар. Онда 24 балғын тәрбиеленуде. Жалпы орта білім беретін оқу ордасы атымен жоқ. Болашақта жаңа мектеп бой көтерсе, оқушылар өз ауылында алаңсыз оқитын еді. Бір жағынан, бұл мәселе шешілсе, балалардың жайлы әрі қауіпсіз білім алуы үшін үлкен көмек болмақ. Егер мектеп құрылысы қолға алынса, шағын орталық та үлкейіп, бұдан да көп бүлдіршінді қабылдауға мүмкіндік туады. Сондай-ақ, спорт алаңдары да салынып, спортшы балалардың жаттығуына жағдай жасалар еді. Ең бастысы, жаңа білім ордасын ашу арқылы ауылдың инфрақұрылымын дамытып, жұмыс орындары пайда болады, — дейді Зәуреш Жақсылыққызы.
Білім беру бөлімінің мәліме-тінше, соңғы уақытта Бірлік ауылында жылына орта есеппен 6 сәби дүниеге келуде. Бұл — қуантарлық жағдай, дейді маман-
дар.
Ағымдағы жаңа оқу жылының басында Заря ауылындағы мектепке оқушыларды тасымалдау үшін әкімдік тарапынан екі жаңа автобус үлестірілген. Бұған дейін аталмыш білім ордасында тағы бір ескі автобус болған. Бүгінде осы 3 көлік бірдей шәкірттерге қызмет көрсетуде. Өйткені, Заряға бұдан бөлек тағы да бірнеше ауылдың оқушылары тасымалданады екен. Атап айтар болсақ, Жертұмсық шағын ауылынан
45 оқушы және Жетіүй бөлімшесінен 15 бала автобуспен жеткізіледі. Сонымен қатар, мектепке тағы да бірнеше бөлімшенің балалары барып жүр. Яғни, алыс-жақындағы 150-ге тарта шәкірт Заря мектебінің табалдырығын тоздыруда.
Бала саны аз ауылдарды айтпай-ақ қоялық, бірақ 100-ге жуық шәкірті бар Бірлік ауылына бір мектеп керек деген тұрғындар өтініші орындала ма? Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаның өзі де бұл ауылға мектеп қажет екенін айтып, аталған мәселе қарас-тырылып жатқанын жеткізді. Алайда игі істің нақты қашан қолға алынатыны әзірге беймәлім. Себебі, бүгін-ертең облыстық қазынаның қаржысына мектеп салу жоспарланбаған. Дегенмен де, ауыл тұрғындары жақсылықтан үміт үзбегендері жөн.
Атығайлықтарды не алаңдатады?
Екібастұз қаласындағы Бәйет ауылдық округіне қарайтын Атығай ауылында мектептің аты болғанымен, заты жоқ. Яғни, аталған елді мекенде бұрын-соңды мүлдем мектеп салынбағандықтан, 100-ден астам шәкірт балабақша ғимаратында білім алуда. Бір қызығы, бұл жағдай кеше ғана емес, отыз жылдан аса уақыт бойы осылай жалғасып келеді екен.
— Ауылымызда мектеп мүлдем болған емес. Сол себепті, 1991 жылы мұндағы
2 қабатты балабақша ғимараты берілген. Содан бері ауылдағы балалар осында оқып келеді. Қазіргі таңда 1-11-сынып аралығындағы оқушы саны — 106. Олардың көбі мемлекеттік тілде білім алады. Тек бертін келе халықтың сұранысы бойынша орыс сыныптары ашылды. Яғни, бүгінде 1, 2 және
4-ші орыс сыныбы бар. Бізді толғандырған мәселе — білім беру мекемесінің таршылық етуі. Мұнда небары сабақ жүргізетін 7 кабинет қана бар. Олардың көлемі өте тар. Ең үлкен сыныбымыз 10-14 балаға арналған. Бұған қосымша алғашқы әскери даярлық кабинеті мен шағын кітапхана жұмыс істейді. Спорт зал болмағандықтан басқа бір үлкендеу бөлмені пайдаланып жүрміз. Оқушылар екі ауысымда оқиды. Жеке білім ордасы салынса жақсы болар еді, — дейді Атығай жалпы орта білім беру мектебінің директоры Айдос Зайнышев. Оның айтуынша, мектепте барлығы 33 мұғалім еңбек етеді, кадр тапшылығы жоқ.
Атап өтерлігі, білім ордасының жеке ғимараты болмағанымен, шәкірттері көштен қалмай келе жатқан көрінеді.
— Интернет те, интерактивті тақта мен компьютерлер де бар. Балаларымыз заман талабына сай білім алуда. Тіпті, бір оқушымыз республикалық деңгейдегі білім сынынан жүлделі орын алып келді. Білім сапасының көрсеткіші де жаман емес, — дейді мектеп директоры.
Сонымен, атығайлықтарды алаңдатқан басты мәселе – жеке мектептің болмауы. Мұны балабақшадағы баладан бастап еңкейген қартына дейін көтеріп жүргеніне көп жылдың жүзі болғанымен, әзірге әлі шешімін таппай келеді.
— Мен ұзақ уақыт бойы ауылымызға бір мектеп керек деп шыр-пыр болып жүрмін. Осы жағдайды әкім-қараларға да айттым. Аллаға шүкір, Атығайда тұрғындар саны өсіп келеді. Көпбалалы шаңырақтардың да қатары артуда. Білім ордасының жоқтығынан балабақшаға баруы тиіс біраз балғын үйінде отыр. Жатсам-тұрсам жас ұрпағымызға жайлы жағдай жасалып, болашағы жарқын болса екен деп тілеп отырамын, —
дейді ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрдолда Тұтасбайұлы.
Бәйет ауылдық окру-гінің әкімі Амантай Докторханның айтуынша, бүгінде Атығай елді мекеніндегі халық саны 539 адамға жеткен. Жыл сайын шамамен 12-15 нәресте өмірге келуде.
— Тұрғындардың саны өскені қуантады. Ауылдағы ағайынға соған сай жағдай да жасалғанын қалаймыз. Сол үшін де Атығайға жаңа мектеп керек. Балалардың қазір білім алып жатқан ғимараты тар әрі қолайсыз. Бұл мәселенің мән-жайымен облыс әкімі де таныс болып, көзімен көріп қайтқан еді. Әрине, түйткілді мәселе шешіледі деген сенімдеміз, —
дейді Амантай Докторхан.
Әу баста 150 орындық балаға арналып бой көтерген ғимаратта оқушылар отырған-дықтан, оның кішкентай бір бөлігі ғана шағын орталыққа берілген. Дәл қазір мұнда 23 балғын ғана тәрбиеленуде. Ал мектепалды мекемеге баруға тиіс 60-тан астам бала орынның жоқтығынан үйінде отыруға мәжбүр. Бұл мәселе жаңа мектеп ашылғаннан кейін ғана шешіледі, дейді мамандар. Себебі, оқушылар басқа ғимаратқа көшсе, балабақша қайтадан толығымен балғындардың игілігіне берілмек.
Қуантарлығы, соңғы жыл-
дары Атығай ауылына көшіп келушілер де көбейген. Бос үй болмағандықтан кейбір тұрғындар өз күшімен баспана салуда. Ол үшін жергілікті әкімдік тарапынан жер беріліп, қолдау көрсетілуде.
— Осында жер алып, өздері үй салып жатқан азаматтар баршылық. Бұл бағыттағы жұмыстарға жастар да білек сыбана кірісуде. Былтыр бірнеше адам жаңа үй тұрғызды. Жалпы, 2050 жылға дейін ауылда 98 үй салу жоспарлануда. Былтыр елді мекенге дейінгі жол салынды, ал биыл ауылішілік жолдарды саламыз деп жоспарлап отырмыз, — дейді Бәйет ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Дулат Уақбаев.
Сонымен, Атығайдағы тұрғындарды алаңдатқан мәселенің шешімі қандай болмақ? Облыстың бас ұстазы Самал Айтқазина бұл жағдай назарында екенін айтады.
— Атығай ауылындағы мектептің жоқтығы көкейтесті мәселенің бірі десем де болады. Оны жоспарлы түрде шешетін боламыз. Алдымен мектеп салуға қажетті қаржы көзін табу жағын қарастыруымыз қажет. Қалай болса да осы елді мекенде жаңа мектеп салынады, — дейді облыстық білім беру басқармасының басшысы.