Баянауыл ауданындағы «Майқайың-алтын» кеніші аумағындағы қайғылы жағдайдың орын алғанына тура екі апта уақыт өтті. Іздеу-құтқару жұмыстары тәулік бойы тоқтаусыз жүргізіліп жатқанымен, екі құтқарушы мен автобус әлі табылған жоқ. Тек бұрнағы күні олардың кейбір заттары шұңқыр түбінен жоғарыға шығарылды. Енді көп ұзамай азаматтар да табылады деген үміт бар.

 

Алтын кенішіндегі апаттың болғанына екі апта уақыт өткенімен, іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Еске сала кетсек, 3 қаңтардан 4 қаңтарға қараған түні «Майқайың-алтын» кеніші аумағында жарылыс болуы мүмкін екені туралы хабар түсіп, оқиға орнына шыққан кәсіби құтқарушылар отырған автобус топырағы опырылып түскен шұңқырға құлаған еді. Екі құтқарушы — Сарқыт Берліқан мен Олег Тышкевичтің денесі көп ұзамай табылып, жер бетіне шығарылды. Тағы бір құтқарушы Айдос Шаймерден мен автобус жүргізушісі Айып Тілеубергенов әзірше табылған жоқ.

Осыдан бірнеше күн бұрын оқыс оқиға орын алған сәттің бейнежазбасы жарияланды. Тас қараңғы жолмен жүйткіп келе жатқан құтқарушылар опырылып түскен апанды байқамай қалып, 66 метр тереңдікке құлады. Оның ізімен келе жатқан жеңіл көлік әрең дегенде тоқтап үлгерді.

Сол уақыттан бері құтқарушылардың барлық күші әріптестерін іздеу жұмыстарына жұмылдырылды. Балқаштан еліміздегі жер астын сканерлейтін жалғыз георадар жеткізіліп, автобустың болжамды орнын көрсетті. Оған арнайы техниканың жетуі үшін өткелді тереңдету жұмыстары жалғасуда. Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, осы уақытқа дейін барлығы 200 мың тоннадан астам топырақ пен тау жыныстары шығарылды.

— Сейсенбі күні сағат 14.45-те «Майқайың-алтын» АҚ аумағын-дағы опырылған шұңқырдың түбіне шағын көлемді экскаватор түсірілді. Жұмыстар асқан сақтықпен және шұңқырдың бүйір қабырғаларының құлау қаупінің сақталуына байланысты барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүргізілуде. Соның барысында құтқарушылардың жұмыс құжаттары және жол-сапар журналы бар сөмкесі, сондай-ақ, автобустың мемлекеттік тіркеу нөмірі жазылған шанақ бөлшегі табылды. Іздестіру жалғасуда.

Шағын экскаватор автобустың болжамды орналасқан жеріне дейінгі топырақты қазып алып жатыр. Кейін мамандар оны жоғарыға көтеру жұмыстарын бастайды, — делінген әкімдік мәліметінде.

Іздестіру жұмыстарына барлығы 141 адам, 50 техника, 1 кинологиялық есеп пен 2 дрон жұмылдырылған. Облыс әкімі Асайын Байханов жетекшілік ететін жедел штаб тәжірибелі мамандармен бірге адамдарды алып шығудың амалдарын қарастыруда.

Кеше Павлодар облысынан сайланған Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантай Майқайыңдағы жұртшылықтың мәселесін Үкімет сағатында көтеріп, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады.

— Ең өкініштісі, құлаған жердің астында бұрын шахта болғанын ешкім ескертпеген. Тіпті, үстінен жол салған және сол жолды қызметкерлер осы күнге дейін пайдаланып келген. Ал техникалық қауіпсіздік шараларына сай бұл жер қоршауға алынып, қауіпті аймақ ретінде оқшаулануы тиіс еді. Бұл мәселенің басы ғана. Кентте тұратын «Шанхай» атанып кеткен шағын ауданның тұрғындары да алаңдап отыр. Оған себеп шағын ауданның асты да шахтаға айналып кеткен. Жұртшылық кен қазу кезінде үйлердің асты солқылдап кететінін айтып отыр. 100-ге жуық шаңырақ орналасқан аудан қазіргі опырылып құлаған жерден небары 500 метр қашықта орналасқан, — деп жергілікті жұрттың базынасын жеткізді.

Сонымен қатар, кәсіпорын құрылған уақыттан бері 16,7 млн тонна кен өндіргенін атап өтті. Оның ішінде 80 тонна алтын, 1240 тонна күміс, 204 тонна мыс, 300 мың тонна мырыш бар. Тағы 13 млн тоннадан астам кен кәсіпорынға қарасты кен байыту фабрикасында қайта өңделген.

— Сөйте тұра, «Майқайың-алтын» компаниясы өз қаражатына кентте ешқашан үй салмаған, балалардың алаңы, спорттық немесе әлеуметтік нысандар тұрғызбаған. Тек жылына жергілікті бюджетке азды-көпті алым-салық төлеп келген. Бұл акционерлік қоғамның 100 пайыз акциясы Кипр республикасындағы «Rence Enterprises LTD» компаниясына тиесілі. Оның басшысы – Милан Попович. Еліміздің байлығына кенелген мұндай байлардың ісін кім қадағалауға алады? – деген депутат бірнеше ұсынысты ортаға салды. Олардың қатарында арнайы құрылған комиссияның жұмысын ашық әрі жұртшылықпен бірлесе үйлестіру, кенттегі шахталық жұмыстар жүргізілген аумақтарды анықтап, оларды қауіпсіздік ережелеріне сай оқшаулау, шахтаның маңындағы шағын аудан тұрғындарын қауіпсіздік шараларымен қамтып, қажет болған жағдайда басқа жерге көшіру және еліміздің байлығын пайдаланып, бірақ әлеуметтік көмекті дер кезінде көрсетпеген шетелдік компанияларға заң жүзінде қатаң шаралар қолдану бар.

Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов Мәжіліс кулуарында Майқайың кенішін-дегі апатқа қатысты пікір білдірді.

— Қиын жағдай екені өздеріңізге белгілі. Мамандар жерді сканерлеген кезде автобустың шамамен қай жерде екенін анықтады. Бірақ автобустың астында бос кеңістік болуы мүмкін. Барлық құтқарушы, әкімдік пен басқа да мемлекеттік органдардан жұмылды-рылған қызметкерлер қиын жағдайда жұмыс істеп жатыр. Қазір ол жерде температура да төмен. Құтқарушылардың өмірі мен денсаулығына қауіпті. Егер жердің астында қандай да бір қозғалыс болса, жұмыс істеп жатқан адамдар да жердің астына қарай түсіп кетуі мүмкін. Әрине, техникалық қауіпсіздік ережелері сақталып отыр.

Біз басқа мемлекеттердің тәжірибесін зерттедік. Басқа елдердің ешқайсысынан мұндай жағдайды байқаған жоқпыз, біздің елде алғаш рет болып отыр. Сондықтан басқа мемлекеттерден көмек сұраған да жоқпыз. Өз күшімізбен әрекет етіп жатырмыз, — деді вице-министр.

Ведомство өкілі оқиғаға қатысты оң болжам барын айтты. Алайда адамдарды шығарып алу күні мен уақыты туралы айту әлі ерте, деп түйіндеді.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ. 

Суреттерді түсірген –  Валерий Бугаев.