Өткен жылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық саласында оң өзгерістер орын алды. Нәтижесінде, облысымыз бірқатар көрсеткіштер бойынша республика көлемінде алдыңғы қатарға жылжығаны байқалады. Сондай-ақ, тұрғындардың талап-тілегін елеп-ескеріп, халықпен жұмыс жүргізу жағынан да көп іс тындырылуда. Десе де, аймақтағы ата-аналар мен педагогтер арасындағы дау-дамай тыйылар емес. Оны шешу үшін не істемек керек? Бұл мәселелер бұрнағы күні аппараттық жиында талқыланды.
Қаржы игерілуі қажет!
Аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалық етуімен өткен алқалы жиында алдымен әлеуметтік-экономикалық салада атқарылып жатқан жұмыс жайы талқыланды. Бұл жөнінде баяндаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук өткен жылды қорытындылап, биыл іске асатын басым бағыттарға тоқталды. Оның айтуынша, былтыр аймақ экономикасына 965 млрд теңге инвестиция тартылып, ауыл шаруашылығынан басқа салалар да жақсы нәтижелерге қол жеткен. Өңірлер бөлінісінде де барлық индикатор бойынша оң динамика байқалды, деп атап өтті басқарма басшысы. Сондай-ақ, ол ағымдағы жылы да құрылыс, тұрғын үй салу мәселесін шешуге баса көңіл бөлінетінін жеткізді.
— Биыл да құрылыс секторында орындалатын жұмыстардың көлемі өткен жылдың деңгейінде болжанып отыр. Бұл шамамен 326 млрд теңгені құрайды. Жалпы, облыс бойынша осы жылы 495 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланды. Бұдан басқа, бөлшек сауда — 1,3 пайыз, көтерме сауда — 1,7 пайызға дейін өседі деп көзделуде. Ал көлік саласындағы қызметтер көлемін 0,7 пайызға, байланыс секторын 2,6 пайызға ұлғайту жоспарлануда, — деді Ирина Назарчук.
Облыс әкімі бұл бағытттағы жұмыстардың жүйелі жүзеге асуына күш салу керектігін алға тартты.
— Жыл қорытындысы негізінде агроөнеркәсіп саласынан басқа барлық саладағы макрокөрсет-кіштер оң динамиканы көрсетті. Әлеуметтік-экономикалық даму индикаторлары бойынша осы жылға арналған жоспар бекітілді. 2024 жылғы бюджеттің негізгі бағыты халықтың әл ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсартуға арналады. Бұл ретте, салалық басқармалар жыл басынан бастап барлық көрсеткішті пысықтап, бақылауда ұстауы керек. Облыстық деңгейде біз 200-ден астам жобаға 7,7 млрд теңге бөлдік. Халықтың қанағаттану деңгейі әрбір әкімнің жұмысының көрсеткішін көрсетеді, — деді Асайын Байханов.
Бұдан кейін облыстық қаржы басқармасының басшысы Жеңіс Шақатов сөз алып, бюджеттің орындалуы туралы баяндама жасады. Оның сөзіне қарағанда, жоспар бойынша кіріс көлемі 3,7 млрд теңгені құрауы тиіс болған, ол артығымен орындалған. Оның басым бөлігін корпоративтік табыс салығы құраған. Ал облыс бюджеті шығыстарының 99,4 пайызы игерілген. Мақсатты жұмсалмаған 3,5 млрд теңге үнемдеу есебінен және жергілікті атқарушы органның бөлінбеген резервінде қалған қаражат екені айтылды. Заң бойынша игерілмеген қаражат қазынаға қайтарылмақ.
Басқарма басшысының сөзінше, 2024 жылғы облыс бюджетінің жалпы көлемі 535 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде өңірді дамытуға 68,5 млрд теңге бағытталмақ. Бүгінде бұл жұмыстар қолға алынуда. Тек биыл қаңтар айында 100 жоба бойынша мемлекеттік сатып алу жарияланып, 28,4 млрд теңгенің 83 жобасы бойынша қорытындылар шығарылған.
Облыс әкімі бұдан былай қаражатты жыл соңына дейін жылжыту тәжірибесін тоқтатуды тапсырып, бюджет қаржысы уақ-
тылы игерілуі қажет екенін қадап айтты.
Сұрақтар шешілуі тиіс!
Билік пен бұқараның көпіріне айналған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы елімізде сәтті жүзеге асуда. Соның аясында аймақ тұрғындары да өз өтініштерін жолдауға мүмкіндік алды. Облыс әкімдігінің аппарат басшысы Дидар Ибраевтің айтуынша, былтыр өңірдегі мемлекеттік мекемелерге тұрғындар тарапынан 72 932 өтініш түскен. Оның 36 170-і жергілікті атқарушы органдарға бағытталған.
— Өтініштер санының 8,8 пайызға өсуі «Е-өтініш» бірыңғай республикалық базасына келіп түсетін барлық өтініштердің орталықтандырылуынан туындап отыр. Жалпы, өсу қарқыны бүкіл республика бойынша байқалуда. Өтініштердің 68 пайызы тұрғын үй коммуналдық және әлеуметтік мәселелер бойынша, ал 5,4 пайызы мемлекеттік мекемелердің сапасыз жұмысына қатысты түскен. Мемлекеттік органдар тарапынан өтініштердің 66 пайызы оң шешімін тапты, — деді Дидар Ибраев.
Оның айтуынша, берілген жауаптарға азаматтардың 69 пайызы қанағаттанғаны, Президент Әкімшілігіне жүгінетін өтініш берушілер саны 13 пайызға азайғаны байқалады. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде көптеген мәселе жергілікті деңгейде шешіліп, облысымыз республикадағы өтініш берушілер саны көп өңірлердің қатарына кірмейді, деп атап өтті аппарат басшысы. Сондай-ақ, ол барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен тұрақты кездесулері, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының әлеуметтік парақ-шаларында «тікелей эфирлер» өткізу тәжірибесі енгізілгенін де алға тартты. Аймақ басшысы халықтың үніне құлақ түру — барлық мемлекеттік мекеме басшыларының басты міндеті екенін тілге тиек етті.
— Сіздер әр мәселенің мәнін түсініп, өтініш берушілермен кездесіп, тиісті шешім қабылдау керексіздер. Тұрғындар өздерін алаңдататын мәселе туындаған соң ғана бізге сауал жолдайды, сенім артады. Сондықтан олардың сұрақтарын уақытылы қарап, шешімін табуға көмектесуге міндеттіміз. Осы орайда ақпан айының соңында аудандар мен қала әкімдері, басқарма басшыларының қатысуымен азаматтардың өтініштерімен жүйелі жұмыс жасау бойынша арнайы семинар ұйымдастыруды тапсырамын, — деді Асайын Байханов.
Сонымен қатар, облыс басшысы кейінгі кезде білім беру саласында түсінбеушілік жағдайлары жиілегенін айтып, бұл мәселеге қатысты нақты жұмыстар жүргізілуі тиіс екенін тапсырды. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина қазіргі таңда әр мектепте «Әдеп кеңесі» құрылып, жұмыс істеп жатқанын, шешімін таппаған мәселелер басқарма деңгейінде қаралатынын жеткізді.
Нұржайна ШОДЫР.