Елімізде табысты жүзеге асырылып отырған бағдарламалардың бірі – «Қуатты өңірлер – елдің даму драйвері» ұлттық жобасы. Осы мемлекеттік бағдарламасы аясында Павлодар өңіріне қоныстануға ниет білдірушілер көп. Оңтүстік өңірлерден солтүстікке көшіп келушілердің еңбекқорлығына еріксіз сүйсінесің. Бірі жылыжайда көкөніс өсірсе, бірі құс көбейтудің сырын меңгерген. Енді бірі қоғамдық тамақтану орындарын ұйымдастырудың ретін тауып отыр.

Жұмыс жүйесін тапқанда…

Ерлі-зайыпты Жалғас Өмірзақов пен Азиза Төлеген Ертіс ауданына 2020 жылы Қызылорда өңірінен қоныс аударған.

— Ата-анамыз денсаулығына байланысты жарты жыл бұрын көшіп келді. Кейін бізді де шақырды. Алдымен Қызылжар ауылында тұрдық. Содан соң Ертіс ауылындағы жаңа үйлердің бірі берілді. Онда бір жыл тұрдық. Жұмысқа қатынауда қиындық тудырған соң оны тапсырып, орталықтан үй сатып алдық, — дейді Азиза Төлеген.

Отағасы бокстан жаттықтырушы болып қызметке орналасса, Азиза жеке кәсіп бастауды жөн көрді. Алдымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау» жобасымен оқып, кәсіп бастауға 583 мың теңге грантқа ие болды.

— Ас дайындауды өте жақсы көремін. Бастапқыда бәліш түрлерін сатып, табыс таба бастадым. Содан соң пиццаны тапсырыспен жеткізетін болдық. Мемлекеттің қолдауын пайдаланып, орталықтан дүңгіршек салып алып, фаст-фуд сатумен айналыстық. Осылайша, кәсібіміз дөңгелене берді.

Өткен жылы бұрынғы дүкен ғимаратын жөндеп, «Аңсар» атты шағын дәмхана аштық. Кейін келе кәсібімізді кеңейтіп, желтоқсанда дәмхананың екінші қабатын кәдеге жараттық. Мұнда ішімдік сатылмайды. Тек дәмді тамақтанып, жақсы демалуға мүмкіндік жасалған. Дәмханамыз балалармен бірге отбасылық мерекелер өткізуге лайықталған, — дейді кәсіпкер.

Жалғас пен Азиза – екі бала тәрбиелеп отырған бақытты жандар. Биыл үйдің үлкені Аңсар 1-сыныпты бітірсе, Ислам балабақшада тәрбие-ленуде. Ата-анасының батасын алып, жұмыстың жүйесін таба білген жас отбасы мемлекеттің қолдауымен басталған ісін өрге домалатып, өзгелерге үлгі болып отыр.

 Жаңа өңірде — жаңа өмір

Ертіс ауданына 2017-2022 жылдар аралығында Түркістан, Шымкент, Маңғыстау, Қызылорда, Астана, Алматы өңірлерінен 790 адам, яғни 161 отбасы қоныстанды. Жергілікті билік тарапынан бағдарламаға қатысушылар мен олардың отбасы мүшелеріне көшуге және тұрғын үй сатып алуға қажетті көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, жаңа орынға қоныстануға, жұмысқа орналасуға, атаулы әлеуметтік көмек алуға, мемлекеттік грант алуға жәрдем беріледі.

Ертіс аудандық жұмыспен қамту орталығының қоныс аудару жөніндегі маманы Жанаргүл Жұмағұлованың айтуынша, өткен жылы Ертіс ауданының тұрғындары қоныс аударушылар есебінен 187 адамға көбейді. Оңтүстік өңірлерден көшіп келген 34 отбасының біреуі – қандастар отбасы.

Жыл басынан бері ауданға қоныс тепкен 5 отбасы мемлекет тарапынан тиісті көмекке ие болды.

Нақтылай айтқанда, көшіп-қону шығыстарды өтеу үшін отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241500) теңге мөлшерінде бірреттік көмек беріледі. Сондай-ақ, қоныстанушыларға жеке баспанасын сатып алғанға дейін тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығындарды өтеу үшін бір жыл көлемінде қаржы аударылады. Бұл ретте бір адамға 15 айлық есептік көрсеткіш (51750 теңге), 2-4 адамнан тұратын отбасы мүшесінің әрқайсысына  18 АЕК (62100 теңге), бес және одан да көп болған кезде 21 АЕК (72450 теңге) мөлшерінде материалдық көмек көрсетіледі.

Биылдан бастап қандастар мен қоныс аударушыларға тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаттары берілмек. Ол баспана бағасының 50 пайызы көлемінде, 4 млн теңгеден аспайтын сомада ұсынылады.

Ертіс ауданының Ертіс, Майқоныр, Қарақұдық, Қызылжар, Ағашорын, Иса Байзақов, Голубовка, Сілеті ауылдарына қоныстанушылар басым. Десек те, бағдарлама басталғанда келіп, қайта оралғандар да бар. Бағдарлама басталғалы ауданнан барлығы 18 отбасы көшіп кеткен.

Биыл 2021-2025 жылдарға арналған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында 58 отбасы, яғни 235 адам көшіру жоспарланып отыр. Оның ішінде қандастар отбасы – бесеу.

Қоныс аударушылардың маман-дықтарына сәйкес ауданнан жұмыс қарастырылады. Бүгінгі таңда ауданға келген 5 отбасы Ертіс ауылына тұрақтады. Олар аспаз, фельдшер, жүргізуші, дәрігер, т.б. мамандық бойынша жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, 4 отбасы – 26 адам қоныс аударушылардың аймақтық квотасын күтуде. Оның ішінде Моңғолиядан көшіп келетін 1 отбасы бар.

Торғын ОРАЗАЛЫ.