Аңшылық, саятшылық жайында сөз қозғалар болса, делебесі қозбайтын қазақ кемде кем. Ептілік пен алғырлыққа толы осы бір кәсіппен шұғылданып жүрген азаматтардың әңгімесін тыңдай қалсаң, бір мезгіл күнделікті күйбең тірліктен арылып, табиғат аясына шығып, бой жазып келуді аңсайсың.

Айдана БОРАНБАЕВА

Осы тұрғыдан қарағанда, кәсіби өнерін рухани болмысымен үндестіре білген саятшы Иманзайып Тасыбаевтың өмірде өз орнын тапқан, еңбек пен ермек таразысын ұстай білген азамат деуге болады.

Иманзайып Матанұлының арғы атасы да саятшылықпен айналысқан. Кейінірек ұмытыла бастаған ата кәсібін қайта жаңғыртқан ол 1986 жылдан бері бүркіт баулып, құсбегілікпен шұғылдана бастады. Ол кезде Баянауыл ауданында аңшылықтың бұл түрі дамымағандықтан, өзі қолға алып ізденді, еңбектенді. Содан бері бірнеше тазы мен бүркіт баулыған саятшы өз сұхбатында осы кәсіптің біздің аймақта қолға алынбай, ұмыт болып бара жатқандығын айта келе, құсбегіліктің қыр-сырын келер ұрпақтың бойына сіңіруді қалағанын айтқан. Алайда тағдырдың жазуымен осыдан 6 ай бұрын мәңгілік сапарға аттанды.

Құсбегінің жары Рымгүл Тасыбаеваның айтуынша, жолдасының еңбегі көпке үлгі. Себебі, ол көптен бері ұмытылып кеткен бұл өнерді алғаш болып қолға алып, соңынан бірталай шәкірт тәрбиеледі.

— Иманзайып аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орын-дарға ие болды. Кей жарыстарда жолы болмаса қабағын ешқашан түйген емес. Керісінше, одан әрі шыңдала түсетін. Бүгінде оның бастаған ісін жалғастырушылары бар. Қалдырған өнері өлмесі анық. Бұл көңіл қуантады, — дейді ол.

И.Тасыбаев саят-шылықпен қатар ағаштан және теріден әртүрлі қолөнер бұйымдарын жасады. Теріні илеп, қажетті ат әбзелдері мен бүркіттің томағасы, балақбауы секілді бұйымдардың бәрін өзі дайындап алған. Иманзайып Тасыбайұлы 2001-2023 жылдары Баянауыл ұлттық табиғи мемлекеттік паркінде жұмыс істеді. 2005 жылдан бастап Баянауыл жасөспірімдер мектебінде құсбегіліктен жаттықтырушы болып қызмет етті.

Бүгінде асылдың тұяғы, ұлдары Ермек пен Сабыр әке жолын жалғастырып, қолынан құс ұшырып жүр. Мәселен, тұңғышы Ермек жастайынан әкесімен бірге түрлі жарыстарға қатысып, 10 жасында «Ең жас бүркітші» деген атаққа ие болған.

— Әкем құсбегілік өнердің қыр-сырын кішкентай кезден бастап үйретті. 2009 жылы алғаш рет әкеммен бірге Көкшетау қаласына жарысқа бардым. Қатысушылардың арасындағы ең жасы мен болдым. Өйткені, ол кезде тек ересектер арасында жарыстар ұйымдастырылатын. Алайда әкемнің ақыл-кеңесінің нәтижесінде бірінші орынды иелендім. Әкем аңшылық өнердің бұл түріне көп үлесін қосты. Бүгінде сара жолын жалғастырып шәкірт тәрбиелеудемін. Алдағы уақытта да осы өнермен айналысып, құсбегілерге арналған мектеп ашу ойда бар, — дейді ұлы Ермек.

Жуырда Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде шеберді еске алуға арналған «Қыран өмір құпиясы» атты кеш өтті. Шараға бүркітшінің туыстары, әріптестері және жергілікті мектептердің оқушылары қатысты.

Шара барысында И.Тасыбаевқа арналған бұрыш ашылды. Оған құсбегінің қолданған заттары, жеке мұрағаттағы суреттері және марапаттары қойылды.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.