Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында бірқатар құжаттарға өзгертулер енгізу, кейбірін сәйкестендіру мәселелері қаралды. Мәселен, Екібастұз қаласындағы қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында былтыр үнемделген қаржының биылғы жылға өтуін бюджеттік заңнамаға сәйкестендіру депутаттардың қарауына шығарылды.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлар Дәурен Жамбайбек, Айзада Құрманова қатысты. Сессияға облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко төра-ғалық етті.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар-ламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, екібастұздық орталықтың 2023 жылдың соңындағы кассалық шығындары 20 млн 550 мың 380 теңгені құраған. Ал жоба бойынша бөлінген қаражат – 20 млн 602 мың теңге. Яғни, үнемделген 51 мың теңгені заңнамаға сай бюджеттік сәйкестендіруді қажет етеді. Мәселе профильді тұрақты комиссия отырысында қаралған. Депутаттар қолдау білдірді. Дегенмен, тұрақты комиссия отырысынан кейін олар екібастұздық қарттар үйінің жай-күйімен танысуға барып қайтқан екен. Осыған байланысты облыстық мәслихат депутаты Серік Сәдуақасов кеншілер шаһарындағы мекемеде небары 3-4 екібастұздық тұрып жатқанын алға тартты. Қалғандары өзге қала, аудандардан келіп, орналасқан. Айтуынша, кейбір екібастұздықтар өзге қалаларда тұрып жатқан көрінеді.
— Бұл мекеме бүкіл облыс бойынша жалғызілікті және мүгедектігі бар жандарға қызмет көрсетеді. Яғни, нақты бір мекенге бекітілмеген. Десе де, Павлодардағы немесе Ақсудағы қарттар үйлерінде тұрып жатқан екібастұздықтар кеншілер шаһарындағы мекемеге ауысуды қаласа, оны қарастыруға болады, — деп жауап берді басқарма басшысы Альмира Аманқызы.
Ал депутат Сәбиден Мантықов Екібастұздағы мекемені кеңейту мәселесін көтерді. Айтуынша, кеншілер шаһарында 296 жалғызбасты зейнеткер, күтімді қажет ететін 123 мүгедек жан бар. А.Дисюпова бүгінде Екібастұзда арнайы әлеуметтік көмекке мұқтаж 272 жанның барын айтты. Бірақ, арнайы әлеуметтік көмек көрсететін мекемеден бөлек, мұндай жәрдем үй-үйде жасалатынын атап өтті. Яғни, мұқтаж азаматтардың үйіне барып, әлеуметтік қызметкерлер көмек көрсетеді. Осылайша, барлық жалғызілікті, көмекке зәру жандар толық қамтылғанын айтты. Сондықтан Қарттар үйін кеңейту немесе жаңадан салу мәселесі қарастырылған жоқ, деді. Осы ретте, басқарма басшысы жаңа әлеуметтік кодекске сәйкес әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту қолға алынатынын атап өтті. Енді керісінше, үлкен Қарттар үйі жүйесінен шағындарына көшу қолға алынбақ. Яғни, аудандарда, қалалық елді мекендердің шағын аудандарында қарастыру көзделіп отыр. Осы жұмысқа бизнес өкіл-дерін белсене қатысуға шақырды.
Сессия отырысында одан бөлек бірқатар құжаттарға өзгерту енгізу мәселесі қаралды. Мәселен, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов 2019 жылы қабылданған қаулыға өзгерту енгізуді қолдауды сұрады. Яғни, бұл құжатта Павлодар қаласы мен Павлодар ауданының шекарасын өзгертуге қатысты «шекараларының (сызықтарының)» деген сөздерді «әкімшілік-аумақтық шекарасын» деп ауыстыру қажет. Себебі, әр бес жыл сайын қалалар мен аудандар елді мекеннің бас жоспарын түзетеді. Бұл құжат Үкіметке жолданғанда сөздердегі айырмашылық кедергі келтіретін көрінеді.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.