Осы апта ел билігіндегі саяси өзгерістерден басталды. Алдымен Әлихан Смайылов басшылық ететін Үкімет отставкаға кетті. Кейін «AMANAT» партиясының Мәжілістегі фракциясы Премьер-Министр лауазымына Олжас Бектеновті ұсынып, оның кандидатурасы өзге партиялардың өкілдері тарапынан қолдау тапты. Сөйтіп, бұған дейін Президент Әкімшілігін басқарған Олжас Бектеновтің жетекшілігімен Үкімет қайта жасақталды. Ал кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа құрамның алдына нақты міндет-межелерді белгілеп берді.
Үкімет қайта жасақталды
Бұған дейінгі Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкіметтің тізгінін 2 жылдан астам уақыт ұстады. Бұл уақыт аралығындағы жұмысына саяси сарапшылар, шолушылар мен депутаттар баға беріп үлгерді. Кейбірі министрлердің бұрынғы кабинетіне батылдық жетпеді десе, енді бірі бұл тұста қаржылық және экономикалық тұрғыдан өсім болды дегенді алға тартты. Қалай болғанда да бұрынғы Үкіметтің жұмысын нақты көрсеткіштер мен халықтың әл-ауқаты айқындайды.
Ал бұрнағы күні өткен «AMANAT» партиясы фракциясының отырысында бұл лауазымға Президент Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектенов ұсынылды. Мәжілістегі аталған партия мүшелерінің салмағы басым болғандықтан, дәл осы саяси ұйым кандидатураны ұсына алады. Ал өзге партиялардың өкілдері бұл ұсынысты не құптайды, не құптамайды.
«AMANAT» партиясының өкілдері өз ойын білдірген соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттегі барлық партия фракцияларының жетекшілерімен кездесті. Кейін Мәжілістің пленарлық отырысына қатысты.
– Бізге керегі – дамудың сара жолы. Сондықтан түбегейлі саяси реформалар жүргізумен қатар, еліміздің қоғамдық-экономикалық өмірінде терең өзгерістер жасау үшін батыл шаралар қабылдауымыз қажет. Түптеп келгенде, мемлекет енді үздіксіз қолдау шараларынан нағыз сапалы дамуға қолғабыс ету ісіне түбегейлі көшуі керек. Бұл жұмысты сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындайтын уақыт жетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөзін қорытындылай келе, «AMANAT» партиясы ұсынған кандидатты Мәжілістегі партиялар фракцияларының жетекшілерімен талқылағаннан кейін ортақ шешімге келгенін айтып, Премьер-Министр лауазымына тағайындауға келісу үшін Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.
Кейін депутаттар Үкімет басшысының жаңа кандидатурасын дауысқа салды: 69 депутат қолдап, 7 халық қалаулысы қалыс қалды. Сөйтіп, басым дауыспен Премьер-Министр болып Олжас Бектенов тағайындалды.
Бірден Үкіметтің құрамы сәл-пәл өзгерді. Барлығы 21 министрлік басшысының 17-сі орнын сақтап қалып, қайта тағайындалды. Ал төрт ведомствоның жетекшісі ауысты. Бұған дейін Қаржы министрі қызметін атқарған Ерұлан Жамаубаевтың орнын Мәжіліс депутаты болған Мәди Тәкиев алмастырды. Денсаулық сақтау министрлігін басқарған Ажар Ғинияттың орнына сенатор Ақмарал Әлназарова келді. Бұған дейін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне жетекшілік еткен Нұрлан Байбазаров Әлібек Қуантыровтың орнына Ұлттық экономика министрі және Премьер-Министрдің орынбасары болып тағайындалды. Ал Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Президент күзет қызметінің бастығы Шыңғыс Әрінов Төтенше жағдайлар министрі атанды. Бұған дейін аталмыш ведомствоны Сырым Шәріпханов басқарған еді.
Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкіметтің жаңа мүшелерін таныстыра келе, әр салаға жауапты басшыға міндеттер белгіледі. Бұл ретте аз сөйлеп, көп іс тындыру керек екенін қадап айтты.
Мақсат-міндеттер айқындалды
Ал кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында Мемлекет басшысы былтыр атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы кезеңнің басты міндет-терін айқындады.
– Жалпы, өткен жылы экономикамыз 5,1 пайызға өсті. Ең бастысы, еліміздің даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Бірақ қазір жайбарақат отыруға болмайды, себебі алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет. Негізгі мақсат баршаңызға белгілі. Біз 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғни, нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бұл – еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз. Макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар халықтың нақты табысы да қарқынды түрде артуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы даму қажет. Сондықтан әрбір қадамды жан-жақты, мұқият ойластырып, батыл әрекет ету керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жаңа инвестициялық кезеңді бастауға тиіс екенін айтты. Негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып бара жатқанына назар аударды. Басқаша айтқанда, экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін. Бұл ретте ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейтуді жаңадан құрылған Инвестициялық штабқа жүктеді.
Осы орайда Мемлекет басшысы еліміздегі өндірістің жағдайын сынға алды. Өндірістің дамуына серпін беретін жобалардың тізімі болғанмен, бұл жұмыстың толық аяқталмауы еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалауға және технологиялық өсімді қамтамасыз етуге кедергі келтіріп отырғанын атап өтті.
Жиын барысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалануға баса назар аударылды. Басты түйткіл ретінде жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі аталды. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша арттыру қажет. Президент көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терімге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін, инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге дейін жеткізуді жүктеді. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуі де тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашпақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл ретте Екібастұз қаласындағы ГРЭС станцияларының жағдайларына айрықша тоқталды.
– Жыл сайын жылыту маусымында сол бір проблемалар қайталана береді. Мемлекеттік органдар қателіктер мен олқылықтардан сабақ алмайды. Соның кесірінен осы сала қазіргі мүшкіл халге жетіп отыр. Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің энергоблогын қалпына келтіре алмай жүргенімізге он жылдан асты. Сондай-ақ, Екібастұздағы екінші ГРЭС-ті кеңейту және күрделі жөндеу жобасы уақтылы жүзеге асырылмай жатыр. Белгіленген мерзімді шегеруге болмайды. Жалпы, еліміз электр, жылу, су өндіру және жеткізу қуатының тапшылығын сезініп отырғаны жасырын емес, – деді Президент.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік сала мәселелеріне ерекше мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарға әлеуметтік көмек пен қолдау құрылымдары және механизмдерін толық қайта қарау қажет екенін айтты. Әсіресе, денсаулық сақтау жүйесіне ден қойылды.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болды. Содан бері бұл саланың бюджеті 2 есе артты. Биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес. Бұдан бөлек, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс. Медициналық көмектің бірыңғай топтамасын қалыптастыру қажет. Мемлекет кепілдік беретін медициналық қызмет оның базалық бөлігі болуға тиіс. Келесі бөлігі жұмыс берушілер мен азаматтардың жарналарынан құралатын сақтандыру қаражаты есебінен жасақталуы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, әкімдерге және «Самұрық-Қазына» қорына «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» және «Жайлы мектеп» ұлттық жобаларын жүзеге асыруға кедергі болып отырған барлық мәселені дереу шешуді тапсырды.
– Экономикаға жаңа серпін беру үшін Үкімет кәсіпкерлермен, инвесторлармен толыққанды серіктес ретінде тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет. Мемлекеттік аппарат барынша тиімді және үйлесімді жұмыс істеуі керек. Қағазбастылық, көзбояушылық дегенді доғару қажет. Жоғарыдан тапсырма берілгенін, азаматтардан арыз түскенін немесе жағдайдың нашарлап кеткенін күтіп отырмау керек. Бастама көтеріп, дербес жұмыс істей білу қажет. Қазір Үкімет айрықша құзыретке ие болды. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану керек. Шұғыл түрде тиісті шешімдерді қабылдау қажет, – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.