Ғасырға жуық оқырманмен бірге келе жатқан облыстық «Saryarqa samaly» газетінде әр дәуірде әртүрлі адамдар еңбек етіп, өздерінің қолтаңбаларын қалдырды. Осы басылым арқылы есімі Ертіс-Баян жұртына кеңінен танымал болған қаламгерлердің бірі — Социал Әйтенов. Ардагер журналист басылымның мерейтойы қарсаңында алғаш келген кездегі аға буын әріптестерінің қамқорлығы, өз замандастарының шығармашылық жолы жайлы әңгімелеп берген еді.
— Социал аға, сіз облыстық «Saryarqa samaly» газетінің «Қызыл ту» болып тұрған тұсында еңбек етіп, кәсіби жур-
налист ретінде қалыптастыңыз. Жалпы, журналистика жолына қалай түстіңіз? Әңгімені осыдан бастасақ…
— Алдымен облыстық «Saryarqa samaly» газетінің ұжымын және барша оқырмандарын биылғы торқалы 95 жылдық мерейтоймен құттықтаймын! Рeдaкцияда еңбек етіп жатқан кейінгі буын әріптестерімізге зор шығармашылық табыс тілеймін!
Мен бүгінгі «Saryarqa samaly», бұрынғы «Қызыл ту» газетіне бір күнде келе салған жоқпын. Оған дейін де көптеген баспалдақтардан өттік. Жалпы, БАҚ саласында 1965 жылдан бастап жұмыс істеп келемін. Алғашқы еңбек жолымды мектеп бітірген соң Май аудандық газетінде тілші, аудармашы болып бастадым. Ол кезде Рәшит Сәбитов деген ағамыз редактор болды. Бір жыл істеген соң Алматыға барып, ҚазМУ-ге емтихан тапсырдым, талапкерге қойылатын талап өте жоғары болды. Мен негізі 12-13 жасымнан бастап шығарма жаза бастаған едім. Өлеңдерім мен мақалаларым «Қазақстан пионері» газетінде, «Балдырған» журналында шығып жүрді. Емтиханға сол мектеп оқушысы кезінде шыққан бүкіл материалдарды жинап апарғам. Емтиханды «Қызыл ту» газетінің негізін салушы және тұңғыш редакторы болған Бейсенбай Кенжебаев, белгілі жазушы Рымғали Нұрғалиев сынды танымал ғалымдар қабылдады. Бір кезде «Павлодардағы «Қызыл ту» газетінің бірінші редакторы кім?» деп сұрады отырғандардың бірі. Мен білмеймін. Сол сәтте Рымғали Нұрғалиев ымдап, аудиторияда ілініп тұрған Бейсенбай Кенжебаевтың портретін нұсқап көрсеткендей болды. Осы кісі ғой дегендей. Бірақ, мен ол ымды түсінбедім. Соның өзінде басқа жауаптарыма қанағаттанған болса керек, жоғары бағаларын қойып берді. Соңғы курста кафедра меңгерушісі болған Темірбек Қожекеев дипломдық жұмыстың жетекшісі болды. Ол кісінің өте қатал адам екенін бәрі біледі. Тіпті «Қожекеевке қайдан тап болдың» дегендер де болды. Тақырыбым «Баспасөзге қамқорлық мәселесі» болатын. Расымен қиын болды. Әртүрлі архивтерге жібереді. Не керек, төрт рет толықтырып жүріп, соңында сәтті қорғап шықтым. Қорғау кезінде комиссияда Зейнолла Қабдолов сынды ғылым докторлары болды. Диплом жұмысым біткен соң жетекшім сол университеттің аспирантурасында орын бар екенін айтып, сонда қалуға ұсыныс білдірді. Бірақ ғылым жолына түсуге мүмкіндік болмады, әскерден шақыру келіп, аттанып кеттік. Әскерден келген соң бірден облыстық «Қызыл ту» газетіне жұмысқа қабылдандым. Ол 1971 жылы болатын.
— Сіз «Қызыл тудың» табалдырығын аттағанда редакцияда қандай журналистер қызмет етті?
— Мен келгенде қазақ баспасөзінің қазанында қайнап, болаттай шыныққан мүйізі қарағайдай үлкен-үлкен журналист ағаларымыз болды. Төлеубек Қоңыр басқарған ауыл шаруашылығы бөлімінде жұмыс істей бастадым. Редакция ерекше ілтипатпен қарсы алып, алдыңғы буын ағаларымыз өз қатарларына тартты. Редакцияда менен бұрын бітірген Бақыт Баймұрат, Қажымұрат Смағұлов, Ермек Демешев сынды ағаларымыз қызмет істеп жүр екен. Сол кісілер өздерінің ақыл-кеңесін беріп, кәсіби шыңдалуыма үлкен мүмкіндік жасады. Асанәлі Ысқақов деген ағамыз болды, мен мектепте оқып жүргенде біздің ауылға жиі келіп тұратын, менің шығармашылық жолына түсуіме ықпал еткен адамдардың бірі еді. Ол кезде журналистер мектеп-терге жиі барып, талантты жастарды шығармашылыққа баулу жұмыста-
рын жүйелі жүргізді. Тек бір реттік кездесумен ғана шектелмей, әде-
биетке, журналистикаға бейімі бар балалардың басын қосып, үйірмелер жүргізетін және қазіргі С.Баязитов атындағы балалар кітапханасында кездесулер ұйымдастыратын еді. Сосын мектеп оқушылары арасынан жас тілшілер тобын жасақтап, қабырға газетін шығарады. Әсіресе Боранғали Ырзабаев, Мұхамеджан Дәуренбеков ағаларымыз мектептен шықпайтын. Себебі ол кезде өздеріңіз білесіздер, қалада қазақ мектептері жоқтың қасы. Қазақ балаларын халқымыздың әдебиетімен, мәдениетімен осындай жолмен таныстырмаса басқа мүмкіндік болмады. Мұндай жұмыстарды орыс мектептерінде де жүргізді. Бұл қазақтың тілі мен ділі құрдымға кетіп, салт-дәстүрі ұмытылған уақытта жастардың ой санасын оятты. Одан бөлек, редакция зауыттарда, құрылыстарда істейтін жастармен де байланыс орнатты. Осындай орталарда тілшілер бекетін ашып, шығармаға баулыды. Ол кезде қатарымызда майдангер журналистер де өте белсенді жұмыс істеді. Мәселен, Сұбыхан Шошанов, Жылқайдар Қарпықов, Кәрмұқан Бекбергенов сынды соғыс көрген журналистермен әріптес болдық.
— Сіздердің тұстарыңызда газет журналистерінің «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып тұрған уақыты ғой. Әріптес ағаларыңыз қандай қырларымен, қандай міне-зімен ерекше есте қалды?
— Қапан Сапарғалиев, Төлеубек Қоңыр сынды ағаларымыз екі тілде бірдей сауатты жазды. Сонымен қатар, редакцияда еңбек еткен әйел журналистердің де еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды. Солардың қатарында Гүлбарам Жұмашева, Рымбала Ноғайбаева, Қорлан Байжұманова сынды өткір журналистер болды. Әрқайсысы өз бөлімдерін алға сүйреп, оқырман үдесінен шыға білді. Біз алғаш келген бетте сол кісілердің жазған мақалаларына тамсанып, солар сияқты жазуға тырысатынбыз. Газет журналистерінің арасында өзгеден өзгеше «жазғыш журналис- тер» болды. Олардың қатарында Қажымұрат Смағұлов, Төлеубай Төлеубеков деген ағаларымыз бар. Әсіресе осы Төлеубай ағамыздың қаламы қағазға бір тисе қайтып алынбайтын. Ең бір ерекшелігі — бір жазғанын ешуақытта қайта түзетпейтін. Қағазға бір түсіргені сол күйінде газетке басылады. Содан кейін Әбдікәрім Ахметов деген керемет ақын бізде жұмыс істеп, кейін Алматыға ауысты. Ол кісінің жұбайы Күлиман Жүнісова да бізден шықты. Олар әсіресе газет журналистерінің тілін көркемдеуге көп үлес қосты. Ал өзіммен қатарлас қаламгерлерге тоқталар болсақ, Бақыт Баймұратовтың тұлғасы бір бөлек. Ол өзі қазақтың біртуар жазушысы Ақселеу Сейдімбековпен бірге оқыды ғой, Бақыттың әдемі әңгімешілдігі сол кісіден дарыды деуге болады. Себебі Ақселеу де өте сөзге шешен, қазақтың арғы-бергі тарихын қозғағанда таңды таңға жалғайтын әңгімешіл адам болды. Оны Бақыттың өзі де мойындап, «маған Ақселеудің айтқыштығы жұқты» деп отыратын. Ал кейін келгендер арасында Мейрам Асылғазин, Сәлімбай Ермұратов, Жанат Тұрғанбеков деген жігіттер-
дің де есімін ұмытуға болмайды. Жанат өте білімді азамат еді, арамыздан ертерек кетіп қалды. Мейрам Асылғазин елімізге белгілі ақын, жерлесіміз Қабдыкәрім Ыдырысовтың шақыруымен Алматының «Жалын» баспасынан бір-ақ шықты. Өкінішке орай өмірі қысқа болды. Әйтпесе әдебиетте өз орны бар үлкен қаламгер болар еді. Ақын қарындасымыз Шолпан Байғалы да сол кезде танылды. Оның айтыс сахнасына шығуына Мұхамеджан Дәуренбеков қолдау көрсетті. Біздің тұсымызда әр ауданда меншікті тілшілер жұмыс істейтін. Ертісте Мүбәрак Жаманбалинов, Лебяжіде Базыл Исабеков, Баянауылда Ташатов, Май ауданында Мұқсиқан Зайытов, Рахат Балтабаев сынды адамдар жемісті еңбек етті. Міне, осы меншікті тілшілердің де газеттің өткір де көркем шығуына қосқан үлесі зор.
— Алдыңғы буын ағалардың ақыл-кеңесі өмірлік сабақ болған шығар…
— Зейнетке шыққанға дейін еңбек еткен Бақи Әбдіқадыровтың «Қызыл ту» газетіне сіңірген еңбегі зор. Бақи ағамыз жастармен көп жұмыс істеді. Сондай-ақ, талабы да жоғары болды. Ол кісі материалдардың ішіндегі деректерге өте мұқият болуды үйретті. Әсіресе, тарихи дүниелерді жазғанда «тисе — терекке, тимесе — бұтаққа» деген енжарлықтан алыс болыңдар дейтін. Бір адамның аузынан естіген ақпаратпен ғана шектелмей, архивке барып, егжей-тегжейлі зерттеп, ресми материалдарды пайдаланыңдар деп айтатын. Редактордың орынбасары Айтжан Бәделханов жаңашыл болуға шақырды. Барған жерлеріңнен ел көрмеген, жұрт білмеген жаңалық әкеліңдер деп қамшылайтын. Тек малшы, шопандарды ғана жаза бермей, түрлі өнеркәсіп иелерін тауып жаздыратын. Міне, алдыңғы буынның осындай сабағы біздің әлі күнге дейін жадымызда. Бұрын әдебиеттегі очерк жанры көп жазыла бермейтін, біздің тұсымызда очерк жазушылар көбейді. Бұл ретте Ермек Демешев алдына жан салмайтын, ол өте тез жазатын, оның жазған очерктерінің барлығы басшылық пен оқырман тарапынан жоғары бағаланып жүрді. Содан кейін
Айтжан Бәделхановтың бастамасымен «Ермектің шеберлік мектебі» деген шағын мектеп ашылып, әртүрлі жастармен, оқырмандармен кездесулер ұйымдастырылды.
— Сіздер істеген тұста қазіргідей дамыған технология болған жоқ. Тек қолмен жазып, теру машинасымен бастырдыңыздар. Сонда жұмыс процесін қалай үйлестіретін едіңіздер?
— Дұрыс айтасың, ол кезде қазіргідей компьютер болған жоқ. Бірақ үш-төрт «машинистка» маманы жұмыс істейтін еді. Сондықтан қолжазбаң көркем әрі таза болуы керек. Егер жазуың жаман болса материалың терілмей жата береді. Жастар жағы машинкаға өзіміз басатын едік. Жұмыс процесіне келсек, журналистер алдымен мақаланың қолжазба нұсқасын дайындайды. Одан кейін теру машинасында отырған қыздарға беріп, тергізу керек. Терілген материалдарды редактордың орынбасары және әдеби қызметкерлер оқып тексереді. Содан кейін барып редактордың алдына барады. Бұл кезде әдеби қызметкердің де салмағы басым болды. Егер мақаланың көркемдік жағы солғын болса, талапқа сай келмесе, қайтарып жіберу құқығы бар.
— Әңгімеңізге рахмет, аман-дықта болыңыз!
Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.